Танымал қоғам белсендісі Нағашыбай Есмырза өмірден өтті.

2741
Adyrna.kz Telegram

Белгілі журналист әрі тарихшы, қоғам белсендісі Нағашыбай Есмырза өмірден озды. Бұл туралы белгілі журналист Жолымбет Мәкіш Фейсбук парақшасында жариялады.

" «Атажұрт еріктілерінің» сотына қатысу үшін таңертең он кезінде Алматы қалалық сотына барғанмын. 15 минуттай ерте барыппын. Залда отырсам, Нағашыбай марқұм жанымдағы адамдармен амандасып жатыр екен. Көрмегелі көп болған. Осыдан 4-5 жыл бұрын «Орбитадағы» кафеде ара-тұра кездесіп қалатынбыз. Содан бүгін бірінші рет көрдім. Бұрынғыдай емес, аздап жүдеген. Аман-саулық сұрасып, екеуіміз орындыққа жайғаса қалдық. Баяғыдай емес, арақ-шарапты қойғанын, қазір қымыз бен шұбат ішіп жүргенін айтты. Ағамның онысына риза болып, әңгімеміз енді қыза бергенде, басын ұстай қалды. «Басым әкетіп барады» деді де, сәлден кейін бір жағына қарай қисайып, сұлқ ете түсті. Сот жайына қалды. Тастап кететін емес. Зал у-шу. Біреу скорый шақырып, енді бір кісілер ағамызды екі жақтап жерге жатқызып жатыр. Жедел жәрдем де көп күттірген жоқ, он минут өтті ме, өтпеді ме, зу етіп келе қалды да, бірден дем салып, жұмыстарына кірісті. Сөйтіп арпалысып жатқанда сот та бітіп, «Атажұрт еріктілеріне» салынған айыппұлды сот сол күйі қалдырыпты. «Атажұрттың» адамдары марқұмның үй-ішіне қолдан келгенше қаржылай көмектесетін болды. Әлеметтік желіде де, былайғы өмірде де танымал адамға айналған Нағашекең осылайша көз алдымда бақилық болды. Өмір деген осы, қашан, қай жерде жан тапсыратыныңды білмейсің. Алла Тағала Нағашыбай ағамыздың бұл жалғандағы біліп істеген, білмей істеген бар күнәсін кешіріп, марқұмды өзінің рақымына алсын, әумииин!" деп жазба қалдырыпты Жолымбет.

Нағашыбай Есмырза Адольф Гитлер туралы жазбаларымен танымал. Бірнеше жыл бұрын  "Гитлер - фашист емес" атты сұхбаты "Аңыз адам" журналына шығып, соңы үлкен дауға ұласқан болатын.

Сондай-ақ Гитлердің "Майн Камп" кітабын қазақшаға аударып шығарсам деп сауын айтып жүрген еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер