Пара спорттан әлем чемпионы Малика Мұхтарова дүниеден озды

3782
Adyrna.kz Telegram
Еліміздің мақтанышы, арбаға отырып билеуден әлем чемпионы Малика Мұхтарова қайтыс болды, деп жазады "Адырна". Бұл туралы Асхат Маемиров Facebook парақшасында естіртті.
"Елімізге танымал спортшы, пара спорт бойынша отандық, халықаралық, әлемдік турнирлер мен чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық спорт шебері, әлем чемипоны, Қазақстанның инклюзия театр кеңістігіндегі шоқтығы биік актриса Малика Мұхтарова 23 жастан асқан шағында дүние салды. Малика туралы өткен шақта сөйлеу өте қиын... Кішкентайынан өмірі қиындыққа толы болып, арбаға таңылды. Бірақ ешқашан мойымады. Табиғаты ерекше, таланты бөлек, адами қасиеттері ерек Малика - нағыз күрескерге айналды. Жан сарайы мейірімге толы, жүрегі "Өнер" деп соққан Малика - қайсарлық пен батылдықтың, мақсатшылдық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі бола білді" деп қайғыра есіне алды Асхат Маемиров.
Малика Мұхтарова 2000 жылы 21 наурызда Қостанай облысындағы Меңдіқара ауданында дүниеге келді.  Қостанай қаласындағы Гафу Қайырбеков атындағы №9 орта мектепті тәмәмдады. Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетін аяқтады. Пара спорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Арбаға отырып спорттық би билеуден Республикалық, халықаралық, әлемдік турнирлер мен чемпионаттардың жеңімпазы.
Марқұмның туыстары мен жақындарына "Адырна" ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамыз!
Пікірлер