Ресей әскерилері Грузия аумағына басып кірді

3484
Adyrna.kz Telegram

Ресей әскерлері Грузияның аумағына баса-көктеп кірді.

Жергілікті тұрғындар үрей құшағында. Ресей әскери қызметшілері грузин-осетин қақтығыс аймағының бөлу сызығында орналасқан Хурвалети ауылына кірді.

Бұл туралы оккупацияға қарсы құрылған "Күш бірлікте" қозғалысының көшбасшысы Давид Кацарава мәлімдеді, деп хабарлайды "Эхо Кавказа". Оның айтуынша, қазір Хурвалетиге белсенділер жіберіледі. Осы шұғыл ақпаратты әлеуметтік желілердегі жергілікті тұрғындар растап, ресейлік әскерилер  ауылдың бір бөлігін алғандығын атап өтті.

Бұл ретте грузин полициясы оқиға аумағына барлық өту жолдарын жауып, жағдайға түсініктеме беруден бас тартып, журналистер мен жиналған азаматтарды ауыл жағына жібермей тұр.

Жергілікті тұрғындар ауылдағы жағдай шиеленісіп тұрғанын хабарлады. Ресей әскерилері бөлу сызығын кесіп өтіп, адамдарды өз учаскелеріне жібермей жатыр дейді. Сонымен қатар, ресейлік әскерлердің қозғалысы Атоци ауылында да байқалды.

Горий муниципалитетінің мэрі Константин Тавзарашвилидің айтуынша, бетперде киген әскерилер Грузияның Орталық билігінің бақылауындағы аумақта орналасқан.

"Әзірге олардың пайда болу себебі белгісіз. Оқиға орнында грузин құқық қорғаушылары бар", - деді Тавзарашвили.

Бұған дейін Хурвалети ауылында өзін-өзі жариялаған Оңтүстік Осетия Республикасы тарапынан ресейлік әскери қызметшілерге мұнарасы бар бақылау бекетін орнатқан болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер