Қытай "радикалдармен" күресін қолдаған Қазақстанға алғыс айтты

1609
Adyrna.kz Telegram

Қытай сыртқы істер министрі Пекиннің Шыңжаң аймағындағы "радикалдармен күрес" деп атаған даулы бағдарламасын қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс айтып, басқа елдерді де Қытайдан үлгі алуға шақырды.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И Пекинге ресми сапармен барған Қазақстан сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездескеннен кейін Пекиннің Шыңжаң аймағындағы "радикалдарға қарсы" шаралары өте тиімді болды деп мәлімдеді. Бұл туралы наурыздың 28-і күні кешке Қытай сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде айтылған деп хабарлады Reuters.

Пекин қабылдаған бұл шаралар "жергілікті қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, аймақтағы бейбітшілікке ықпал етті", сонымен бірге "халықаралық қауымдастыққа терроршыл күштер мен экстремистік идеологияға қарсы күресудің тиімді үлгісін паш етті" деді Ван И.

Пекинді сынаушылар Қытай билігі Шыңжаңда құрылған "саяси үйрену лагері" деп аталатын орталықтарда ұйғырлар мен өзге де этникалық азшылық өкілдері, соның ішінде қазақтарды күшпен ұстап отыр деп мәлімдейді. Құқық қорғаушылар мұндай орталықтардағы тәртіп түрмедегідей деп санайды. Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарғанымен кейін әлгіндей арнайы орындар барын мойындады. Пекин оларды "діни экстремизмге қарсы шаралар" аясында құрылғанын, онда қамалғандар "тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.

2018 жылы тамызда БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті Қытайдың солтүстік-батысындағы аймағындағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" еркінен тыс қамауда отырған миллионға жуық адамның көбі мұсылман екенін мәлімдеген.

ҚЫТАЙДЫҢ "РИЗАШЫЛЫҒЫ"

Пекинде қазақстандық делегациямен өткізген келіссөзден кейін Ван И "Қазақстан үкіметінің Қытай позициясын түсініп, қолдағанын бағалаймыз, ешкімнің, ешбір күштің Қытай мен Қазақстан арасындағы достық пен сенімге селкеу түсіруіне ешқашан жол бермейміз" деген.

Қазақстан үкіметі Қытайдың Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын ашық сынаған емес, бірақ қамаудағы қос азаматтығы бар қазақтарды шығару жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын бірнеше рет айтқан.

Биыл наурыздың басында Қазақстанда полиция Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым көріп жатқанын мәлімдеп, ондағы "саяси тәрбиелеу" лагерьлерінде отырған адамдар мен олардың туыстары жайлы айтып жүрген тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі, Қытай тумасы Серікжан Біләшті ұстады.

Қытай Орталық Азия елдерімен шектесетін Шыңжаң өлкесіндегі жағдайға байланысты Батыс елдері мен құқық қорғаушылар тарапынан күшейіп келе жатқан сынға қарсы белсенді амалдар жасап жатыр. Пекин шетелдік дипломаттар мен тілшілерді аймақтағы жағдайды көріп қайтуға шақырады, оған ықылас білдіргендерге қытай шенеуніктері аймақты өздері аралатып көрсетеді.

Қытай Шыңжаңда адам құқығы бұзылып отыр деген айыптаумен келіспейді. Пекин соңғы жылдары түрлі шабуылдан жүздеген адам мерт болған аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігін алға тартады. Қытай билігі бұл шабуылдарға исламшыл радикалдар мен сепаратистерді айыптайды.

Ван И Қытай мен Қазақстан адам құқығы саласында ынтымақтастықты нығайтып, жұрттың бұл мәселені "саясиландырмауына" күш салу керек дейді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің сайтындағы Пекиндегі кездесу туралы хабарламада "келіссөздердің жеке бөлігі ретінде Қытай аумағында тұратын этникалық қазақтар жағдайы туралы мәселе болды. Екі ел мәселені дипломаттар жұмысындағы мәселелерді шешуге мүдделі екенін айтып, консулдық қызметтердің жұмысын жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді" деп жазылған. Бірақ Қазақстан билігі Қытай елшісінің "экстремизммен күрес бағдарламасын қолдағаны үшін" Қазақстанға алғыс айтқанын жазбаған.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер