Қоғамдық қолдаудан тарықпауы тиіс ерекше жандар

1254
Adyrna.kz Telegram
ITeachMe 3.0
ITeachMe 3.0

Ресми деректерге сенсек бүгінде Қазақстанда 700 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Олардың ішінде нарық заңдылықтарына қабілетті, қоғамның дамуына ықпал ете алатындарының саны мол. Атап айтқанда 58 пайызы еңбекке қабілетті. Демек, мүмкіндігі шектеулі жандар өз ерекшеліктеріне қарамастан Қазақстан қоғамының дамуына бір кісідей ат салыса алады. Бұл бағытта елімізде бірқатар тиімді бағдарламалар да жоқ емес. 

Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуетін арттырып, әлеуметтік статусын айқындау қашан да маңызды. Өйткені олардың басым бөлігінің ел дамуына қосар өзіндік үлесі бар. Мәселен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы квота белгілеу мәселесіне тоқталады:

– Біріншісі – мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау тетігі. Бұл талап бойынша жұмыс берушілер бар жұмыс орындары санының 2-ден 4%-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарында мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгіленеді. Осы бағыт аясында өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 12,2 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Қазақстан қоғамын дамыту үрдісі жолында жұдырықтай жұмылып, барлық қоғам мүшелерін еңбекке араластыру үшін ерекше қажеттіліктері бар жандарға арнайы еңбек ететін орындарды құрудың да әлеуметтік салмағы бар. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орнын үйлестіріп,  жабдықтаған кәсіпкерлердің шығындарын өтеп беруді де қарастырып отыр. Нақтырақ айтсақ, мемлекет қызмет ұсынушының шотына 1 млн теңгеге дейін аударады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің хабарлауынша, арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдардың жалақысы 3 жыл ішінде субсидияланады. Мәселен, бірінші жылы мемлекет жалақының 70%-ын, екінші жылы – 65%-ын, үшінші жылы 60%-ын субсидиялайды.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауды Ұлттық жобаны іске асырудың маңызды бағыты ретінде қарастыруға да назар аударылған. Мемлекет гранттар тағайындап, ерекшеліктері бар жандарға басымдық беруді көздейді.  Биылғы жылғы халықтың осал топтарына, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және мүгедектігі бар балалары бар ата-аналарға артықшылық беріледі. Өтініш enbek.kz сайты арқылы қабылданады.

Қорыта айтсақ, қазірдің өзінде мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 286 ата-аналар бағдарламаның игілігін көріп үлгерген. Ал ерекшелігі бар 481 адам мемлекет тарапынан өзінің асыл арманы мен жоспарын жүзеге асыру үшін грант алған.

 

Дастан Қастай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер