Мемлекет басшысы Ауғанстан үшін Алматыдан орталық ашуды ұсынды

2132
Adyrna.kz Telegram

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жиынына қатысқан мемлекет басшысы бірқатар саяси өзгерістер мен ұйым болып "бір жұдырықтай жұмыла" қолға алынуы тиіс мәселелерді сөз етті.  Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу бастамасын көтерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жиын барысында Мемлекет басшысы халықаралық құқық негіздері мен оның маңызды қағидатының, яғни теңдей, бірлескен, бөлінбейтін, кешенді және тұрақты қауіпсіздіктің бұзылуы қалыпты жағдайға айналғанын айтты.

«Саяси ықпалы зор, экономикалық мүмкіндігі мол және орасан зор адам ресурсына ие ШЫҰ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адамзаттың заманауи сын-қатерлерін еңсеруге елеулі қоса алатынына сенімдімін. Жаһандық тәртіпті түбегейлі трансформациялау жағдайында бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленістің, сауда және санкциялық соғыстардың, сондай-ақ басқа да заманауи сын-қатерлердің күшейе түскеніне куә болып отырмыз», – деді Президент.

Сонымен қатар Қазақстанның төрағалығымыз кезінде «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін жеткізді.

«Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Бұл шаралардың бәрі тұрақтылыққа және ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті жүйелі түрде күшейтуге септігін тигізеді. Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн болар еді. БҰҰ-ның үйлестіруімен ауған халқына көрсетілетін көмекті жалғастыру маңызды, - деді Президент.

Өз баяндамасын бірқатар ұсыныстармен түйіндеп, Ауғанстан мен Орталық Азия үшін Алматыдан арнайы орталық ашудың маңызын сөз етті.

Сондықтан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі біздің бастамамызға тағы да тиісті деңгейде назар аударуды ұсынамыз. Осы аса қажетті құрылымға сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін. АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастауға қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арнайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер