ТИМУР БЕКТҰР: НКВД құжаттарын ІІМ неліктен құйрығының астына басып отыр? “Алаш” деп еңірегенде етегі жасқа толатын шенеуніктер сондай кезде қайда қалады?

1626
Adyrna.kz Telegram
Мынау Алаш идеясы деген бар. Алаш партиясы бар. Соны қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күндері, анау-мынау атаулы күн мен әлдебір шенеуніктер жолдау-молдауда айтқанда бюрократтар керемет алашшыл боп кетеді. Құдай-оу, “Алаш” деп еңірегенде қабырғасы қайысады.
Бірақ, мені таң қалдыратыны, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай сияқты көкелер мен Ханкелді Әбжанов, Айгүл Исмақова, Сұлтанхан Жүсіп сияқты тарих зерттеушілерін (тек бұл кісілер емес, көп қой. Мен тек есіме түскенін жаздым) тыңдасақ… өткен үкімет те, мына үкімет те Алаштың мәселесін шешуге ат салысып жатқаны шамалы сияқты.
Одан да бір ұқпайтыным, осыдан 30-40 жыл бұрын өліп қалған Кеңес өкіметінің осыдан 100 жыл бұрын “халық жауы” деп жапқан жаласынан неге автомат ақтай салмайды?
Мен енді тарихтан алыс, архивтің исі мұрныма бармайтын адаммын. Алайда, сүйегі шіріп кеткен НКВД-ның мұрағат құжаттарын біздің ҚР ІІМ неліктен құйрығының астына басып отыр? Цифрландыру, ұрпаққа жеткізу, зерттеушілерге жола ашу деген болмай ма? Әлгі “Алаш” деп еңірегенде етегі жасқа толатын шенеуніктер сондай кезде қайда қалады?
АҚШ технологиялық жағынан дамығаны дамыған ғой. Оған сөз жоқ. Алайда, АҚШ-ты технологиялық жағынан дамытып тұрған жеке, коммерциялық, венчурлық компаниялар. Ал қоғамдық сана мен әлеуметтік тұрғыдан дамытып тұрғаны - тарихи жадын өшірмегенде. Бұлардың тарихқа, өткенге, мұрағатқа, музейге, бұрынғының көзіне құрметі - әлемдік бенчмарк деуге де келетін болар.
Тіпті, қазақтың өткен-кеткенін географиялық тұрғыдан зерттеп жүрген картограф Нұрлан Кенжеахмет ағамызды Харвард университеті арнайы ұстап отыр.
Кейде осы маған біздің қазақты әлі күнге дейін қалың ұйқыдан әдейі оятпай отырғандай әсер қалдырады.
Қазақ оянса қопарады ғой, өйткені… Содан қорқатын болар.
Шіркін-ай деймін кейде… “Алаштанушы, тарихшы атақты ғалымдарымызға ай сайын кемінде 5 млн стипендия төлеп, оларды күйбең тірліктен арылтып, айтары мен берерін түгел сығып қалар ма ед” деп ойлаймын. 4-5 жылдың ар жақ бер жағында ол кісілер де кетпестің қайығына мінер… Мінбесе, архивтің шаңы мен чекситердің лаңы жүйкелерін тоздырар. Ал біз уақыт өткен сайын Алаш қайраткерлерінің көзін көрген кісілердің көзін көрген ол кісілерден айрыламыз. Меніңше, бұл бір үлкен өкініш болмақ.

 

 

Пікірлер