"Әділ сайлау өткіземіз" деген сөз өркениетті елдерде ұятты сөз

1633
Adyrna.kz Telegram

Жалпы, "Әділ сайлау өткіземіз" деген сөз дені дұрыс өркениетті елдерде ұятты сөз. Бұл сөз өкінішке орай диктаторлық мемлекеттерде, мәселеңки әскерсымақ ұрдажық ноқайлар билеген диктаторлық арап мемлекеттерінде, артта қалған мешеу Африка республикаларында, елдерінде өмірі дұрыс сайлау өтпейтін, сайлаушы дауысын бояға бейім Совоктың феодалдары билеген ТМД ның авторитарлы елдерінде ғана актуальді сөз. Халықтары биліктерінің сұрқия саясаттарынан әбден зәрезап болғасын, ондағы кезекті басшысымақтар жұртты сендіру үшін "әділ сайлау" дегенді нығырлап айтып үйренген.
Ал өркениетті елдерде, мысалы Францияда, президент Макрон "келесі сайлауды әділ өткіземін" десе, француздар "осы уақытқа дейін ол әділ өтпей жүр ма еді" деп оны түтіп жеп қояр еді. Себебі сайлаудың аты САЙЛАУ, ол тек әділ ғана болатын процесс, оны бұрмалау, яғни халықтың таңдауын ұрлау - ҚЫЛМЫС. Сондықтан ол жерде ондай сөз тіркесі керек емес.
Ал біздің осы елдер арасынан қай категорияға жататынымыз мәлімдеме жасаған Тоқаевтың өзіне аян.
Екіншіден, жақсы, бұл барша заңдылықтар сақталатын әділ сайлау делік, халықтың құқы делік. Ендеше, ол жерде халық барып дауыс беретін шынайы халықтық кандидаттар бар ма? Тіркелген партиялардан шыққан Перуашов пен коммунистік партия басшысы халықтың таңдауы дегенге кім сенеді?
Мен өзім, Перуашов дегенді де, басқа да партия басшыларын өмірі таныған емеспін және оларды ешқашан саясаткер деп қабылдаған емеспін. Ал қазіргі жағдайда менің алдымдағы "енді екі - ақ ай қалғанда соларды дереу танып оларға дауыс бер" деген ишараны кәдімгідей ӘДІЛ САЙЛАУ деп, ӘДІЛ ТАҢДАУ деп атауға бола ма екен? Бұл рас таңдау ма?
Үшіншіден, егер бұл сайлау, Тоқаев мырза айтқандай рас бүкіл заңдылықтар сақталатын ӘДІЛ САЙЛАУ болса, меніңше, осы билік ұсынатын "мен" деген кандидаттардың ТІЛ КОММИССИЯСЫНЫҢ сынағынан өтпей - ақ омақаса асатынын білемін. Ал Заңнама бойынша Президентікке кандидат қазақ тілінен шығарма жазып, қазақша тіл шешендігін дәлелдеу керек, Егер бұл сайлау расында заңдылықтар сақталған әділ сайлау болса, Тоқаев мырза, "кандидаттар осы ЗАҢНАМАНЫҢ талаптарын орындай алмаса, олар өтпейді" деп рас олардың біразын қырқып тастай ала ма екен? Себебі бұл жер кәдімгідей біраз көлденең көк аттының қырқылатын жері. Сонда біз барша заңдылық сақталып бұл сайлаудың әділ өтіп жатқанына біршама сенгендей болайық.
Жалпы, құрметті халқым, сайлау деп тек босқа шапқылай бермей, әділ сайлау өткізуге сөз беріп отырған Тоқаевтан заңдылықтардың, заңның, конституцияның баптарының орындалуын талап ету - ОЛ СЕНІҢ ҚҰҚЫҢ. Өйткені ертең учаскілерде дауыс беретін, ертеңге таңдауыңды жасайтын бір өзің, сондықтан қазірден бастап сол құқыңды граммдап болса да біліп, президент Тоқаевқа салмақ салып талап етуіміз керек. Сол кезде сөз берген Тоқаев мырзаның уәдесінің қаншалықты орындалғанын көрелік.

Олжас Әбіл

Пікірлер