Кәрім Мәсімов бұрынғы орынбасарларымен бірге терроризмді қаржыландырушылар тізіміне енді

1767
Adyrna.kz Telegram
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізіміне қосылды. Тізімді қаржылық мониторинг қызметі жария етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

"Терроршыларға тірек болғандардың" тізімінде Кәрім Мәсімов қана емес, оның бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин бар.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 6 қаңтарда ҰҚК мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бас прокурордан "Қанды қаңтардағы" жаппай тәртіпсіздіктердің басты ұйымдастырушысы ретінде Кәрім Мәсімовты атады.

«Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық болды, қастандық жасалды. Бүгін айтқанымдай, негізгі ұйымдастырушылар ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығы – К. Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалды», - деп жауап берген еді Бас прокурор.

238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынына тікелей қатысы бар делінетін Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық істі тергеу  25 тамызда аяқталды.

Сот шешімі бойынша, Кәрім Мәсімов ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

2023 жылғы 24 сәуірде сот ҚР ҰҚК экс-төрағасына қатысты үкім шықты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер