"Түтінмен улап жатыр". Шымкенттегі Қорғасын зауытының жұмысына тұрғындар шағым түсірді

1779
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласындағы Қорғасын зауытынан шыққан түтін тұрғындар наразылығын тудыруда, деп жазады "Адырна". 

Құрсай елді мекенінде орналасқан бұрынғы Қорғасын зауыты қазір алтын өндіруде. Тұрғындардың айтуынша, түнгі 2-3 шамасында қалдықтарды өртеп бастаған түтіннен дем алу мүмкін емес. Әкімшілікке ескертпе айтылса да, құлақ асып жатқан ешкім жоқ дейді Құрсайлықтар.

"Масқара сасық иістер шығады. Шыдау мүмкін емес. Кімге айтарымызды білмейміз. Иіс желмен қалаға барады. Біздің шағымды ешкім тыңдап жатқан жоқ" дейді тұрғындар.

ЖСДП  партиясының депутаты Нұрлан Әуесбаев шағымданушылардың жанайқайын тыңдап Шымкент қаласының әкімі мен Экология министрлігіне жағдайды бақылауға алуды сұрады.

"Халықты түтінмен улап жатқан зауыт кімдікі екенін, неліктен қаланың ортасында осыншама жұрты улап жатқанын, немен айналысып жатқанын анықтап, жауап беруін сұраймын" деді ол.

Айта кетейік, кей деректерде аталған зауыттың бизнесмен, олигарх Серікжан Сейтжановқа тиесілі екені айтылуда. Сейітжановтар отбасы «Оңтүстік FTPC» компаниясына иелік етеді, ол арқылы «Саутс Ойл» ЖШС, Smart-Oil бұрғылау компаниясы, «МұнайҚұрылысСервис құрылыс» ЖШС, «Стандарт Цемент» зауыты, «КАС-бетон» ЖШС, «Ақ-Жол ТрансСервис», «Стандарт» ЖШС 51% акциясына үлескер.

Сондай-ақ отбасы Rixos Khadisha Shymkent, Rixos Turkestan қонақ үйлері, «Сәтті жол» жанармай құю станциялары желісі, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы және Шымкенттегі Инновациялық-технологиялық колледжіне иелік етеді.

Пікірлер