2023 жылы елімізде 1000-ға жуық жемқорлық дерегі тіркелген

1542
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қабылдады, деп “Адырна” Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасын Асхат Жұмағалиды қабылдап, баяндамасын тыңдады.

Баяндамадан:

- сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сырттан талдау жүргізу кезінде жерді бөлу және Алматының қала құрылысын дамыту ісін жоспарлау барысында жиі қайталанатын заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталған;

- білім беру саласындағы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу тетіктерінің жетілдірілмегеніне, қызметкерлерді бір орталықтан есепке алудың болмауына және қаржы жымқыруға әкеп соқтырған бухгалтерлік жүйелердің қазынашылықтағы деректер базасымен біріктірілуіне байланысты тәуекелдер анықталған;

- кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою үшін «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру ісі жалғасатынын, сонымен қатар бұл бастама қолға алынған сәттен бері 21 мың бизнес субъектісіне көмек көрсетіліп, 400-ден астам түйткілді кейс шешімін тапқан;

- биылғы 6 айда 130 нысанға талдау және мониторинг жүргізілгені, жемқорлықты жоюға қатысты 1000-нан астам ұсыныс енгізілген;

- сотқа дейінгі аяқталған тергеу амалдарының нәтижесі бойынша 232,6 миллиард теңге өтелген;

- 1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 860 миллиард теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған.

Ағымдағы жылдың басынан бері елімізде 1000-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, 700-ден астам адам әшкереленгені белгілі болды. Оның 98-і түрлі деңгейдегі басшылардың қылмысы.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар салаларға баса мән беруді міндеттеді. Сондай-ақ алдын алу шараларының аса маңызды екенін айтты.

Пікірлер