Бюджетің қандай, министр? Сандар магиясы туралы шындық

2118
Adyrna.kz Telegram

Елімізде ұзын саны 20 министрлік бар. Бір жылы бөлініп, екінші жылы қайта қосылып жататын министрлікке республикалық бюджеттен қанша қаржы бөлінеді? Бөлінген ақшаны министрлер қаншалықты тиімді пайдаланып жатыр? «Адырна» ұлттық порталы осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

ЖАМАУБАЕВ ЖҰМАНҒАРИННЕН «БАЙ» БОЛЫП ШЫҚТЫ

Үкімет басшысының орынбасары әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев басқаратын ведомствоға 2023 жылы 7 трлн теңге бөлінген екен. Сондай-ақ Қаржы министрлігі 2020 жылы 3,1 трлн, 2021 жылы 3,2 трлн, 2022 жылы 3,7 трлн теңгені игеріп тастаған. Өткен жылы 3,7 трлн теңге игерген министрлік биыл екі есе қаржыны қалай бөлдіріп алды? Бұл тым көп қаржы емес пе?

Вице-премьер әрі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновның қаржысы Ерұлан Жамаубаевпен салыстырғанда әлдақайда аз. Нақтырақ айтсақ, аталған министрлікке 2023 жылы 4 715,9 млрд теңге бөлінген. Жалпы соңғы үш жылда Еңбек министрлігіне бөлінген қаржы мынадай: 2020 жылы – 3 869,7 млрд теңге, 2021 жылы - 3 883,9 млрд теңге, 2022 жылы - 4 340,0 млрд теңге.

Үкіметтегі қос бірдей қызметті атқарып отырған азаматтың бірі – Мұрат Тілеуберді. Ол жуырда Үкімет басшысының орынбасары және Сыртқы істер министрі болып тағайындалған. Сыртқы істер министрлігіне биыл  101 371 388 мың теңге бөлінген екен. Аталған ведмостваға соңғы үш жылда: 2020 жылы 79 003 543 мың теңге, 2021 жылы 84 780 761 мың, 2022 жылы 97 230 506 мың теңге бөлінген.

Вице-премьер әрі Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринның бюджеті ең аз екен. Биыл аталған министрлікке небәрі 25,7 млрд теңге бөлінген. Бір қызығы Сауда және интеграция министрлігіне соңғы үш жылда биылғыдан әлдеқайда көп қаржы аударылған. Мысалы, аталған министрлік 2020 жылы 92,9 млрд, 2021 жылы 74,1 млрд, 2022 жылы 79,7 млрд теңгені игерген.

Ұзын сөздің қысқасы, Серік Жұманғарин Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевпен салыстырғанда «кедей» болып шықты.

«БЮДЖЕТ БӨЛУДЕ БЮРОКРАТИЯ БАР»

Экономист Жанұзан Әкімнің айтуынша, Қаржы министрлігіне бөлінген 7 трлн теңге тым көп. Керісінше ол Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігіне бөлінетін қаржының аз екенін ескертті.

«Егер Еңбек министрлігіне бөлінген қаржыдан азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ететін болса, 4 715,9 млрд теңге өте аз. Менің ойымша, Еңбек министрлігіне қатысты жұмыссыздықты азайту преоблемасының шешілмей отырғаны қаржының аз бөлінгеніне тікелей байланысты. Біздің елде қазір миллионнан астам жастар жұмыссыз жүр. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар мүлде жұмыссыздар есебінде жоқ. Аталған министрлікте осындай проблемалар бар. Үкімет бюджетті 1 жылға бекітеді де, бюрократия жасап, қатайып отырып алады. Содан кейін жыл соңында «Мына министрлік немесе облыс қаржыны игермеді» деп отырады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Ең дұрысы әр тоқсан сайын қаржының игерілгенін немесе игерілмегенін бақылап отыру керек. Мысалы,  мектеп пен аурухана салуға бөлінген қаржы дұрыс игерілмесе, онда ақшаны кері қайтарып алу керек. Ал олар жылдан жылға созып, жүре береді. Министрлер бюджеттен неғұрлым көп ақша шығарса, соғұрлым оны шашуды көздейді. Мысалы қазір министрліктер 5 100 кәсіпорын ашып алған. Сол арқылы шенеуніктер бюджеттің ақшасын талан-таражға салып, ұрлайды. Басқа олардың жұмыстары жоқ. Жылына 30-33 млрд АҚШ доллары 5 100 кәсіпорын арқылы ұрланып, сыртқа шығарылады – дейді ол.

МИНИСТРЛІКТЕРДІҢ БЮДЖЕТІ

Ажар Ғинаят басқаратын денсаулық сақтау министрлігіне биыл 2 148 795,6 млн. теңге бөлінген. Аталған министрлік 2020 жылы 1 662 991,0 млн. теңге, 2021 жылы 2 116 258,4 млн. теңге және 2022 жылы 1 973 724,3 млн. теңгенің түбіне су құйған.

Ал 36 жастағы Марат Қарабаев жетекшілік ететін Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне 2023 жылы 2 105,9 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ аталған министрлік 2020 жылы 1 448,8 млрд. теңге, 2021 жылы 1 446,1 млрд. теңге, 2022 жылы 2 172,5 млрд. теңгені игерген екен.

Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылы 732 853,7 млн. теңге, ауыл шаруашылығы министрлігі 489 785 256,4 мың теңге және Экология және табиғи ресурстар министрлігі 184 млрд. 145,2 млн. теңгені бөліп алған.

Бір қызығы – Ғани Бейсембаев, Ербол Қарашөкеев және Зүлфия Сүлейменова басқаратын министрлік соңғы үш жылдың бюджеті хат арқылы жазуды қажет деп таппапты.

Бағдат Мусин басқаратын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне биыл бюджеттен 181 186,6 млн. теңге бөлініпті. Аталған министрлік 2020 жылы 103 127 381,3 теңге, 2021 жылы 118 510 663,4 теңге, 2022 жылы 145 683 535,5 теңгені игерген.

Әріптестерімен салыстырғанда Азамат Есқараев басқаратын Әділет министрлігі ең қаржы алатын болып шықты.  Нақтырақ айтсақ, биыл республикалық бюджетпен аталған министрлікке 50 160 974 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ Әділет министрлігі 2020 жылы 52 252 726 мың теңге, 2021 жылы 53 106 287,8 мың теңге және өткен жылы 45 156 809,8 мың теңгені игеріп, жұмсаған.

«БЮДЖЕТТІ ТЕКСЕРУДІ ПАРЛАМЕНТКЕ БЕРУ КЕРЕК»

Экономист республикалық бюджетті бөлуді және тексеруді парламент бақылауға алуы керек екенін айтады. Сондай-ақ ол бюджеттің мәселесіне тіпті президенттің өзі араласпауы керек екенін ескертті.

«Ең қызығы бізде қаржыны тексеретін орган жоқ. Мысалы, Есеп комитеті 2-3 жыл өткен соң «Мына ақша мұнда жұмсалған» деп тек қана есебін береді. Аталған комитеттің ешқандай да құзыры жоқ. Сондықтан республикалық бюджетті бөлуді және тексеруді Парламентке беру керек.  Бұған тіпті президенттің өзі араласпауы керек. Егер бюджет дұрыс жұмсалмайтын болса, министр немесе әкімді сол сәтте жұмыстан алып тастау қажет. Сол кезде тәртіп орнайды. Ең кем дегенде бюджетті жарты жыл сайын тексеріп, егер бөлінген қаржы дұрыс игерілмесе, қажетті салаға ақшаны аудару керек. Себебі көптеген жобалар орындалмай жатыр. Мысалы, бізде қазір мыңнан астам мектеп жетпей жатыр. Сондай-ақ емхана мен аурухана жетпейтіні жиі айтылады. Одан кейін жыл сайын жұмыс істемейтін өтірік зауыттар тапсырылады. Айталық, бір жылда жүзге жуық зауыт аштық деп хабарлайды. Өкінішке қарай оның 10 пайызы да іске асқан жоқ», – дейді Жанұзақ Әкім.

 

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер