Есірткі қойып кетумен айналысқан. Шымкентте экс-медбике ұсталды

1747
Adyrna.kz Telegram

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында қала аумағында психотроптық заттар қойып кетумен айналысқан әйелді ұстады. Бұл  туралы Polisia.kz мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Жұмысқа” шыққан автоледи полицейлерді байқап, есірткі орамынан тезірек құтылу үшін, оны жолдың шетінде тұрған өз көлігінің астына лақтырып жіберген. Жедел қызметкерлер буманың ішінен бір реттік 20 доза “синтетика” тапты.

Ұсталған әйел көлігінің салонын тексеру кезінде тағы бір шағын орам гашиш тәркіленді. Бұған қоса, оң жақ еден кілемшесінің астынан құпия орындарды қазуға арналған пышақ табылды, делінген хабарламада.

Тергеушілер бұл жайтты ҚК-тің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркеді. Оның жақында ғана медицина саласындағы қызметінен кеткендігі белгілі болды.

Аталған жайт бойынша Еңбекші аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті қамауға алынды.

Пікірлер