Күмәнді сапар. АҚШ Ресей министрі Шойгудың КХДР-ға қару сатып алу үшін барғанын айыптады

1639
Adyrna.kz Telegram
Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі КХДР-ға сапар шекті. Ол сапар барысында Солтүстік Кореядан қару сатып алу үшін келіссіөз жүргізуге ниетті, деп санайды АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Оның айтуынша, Шойгу Солтүстік Кореяда "демалыс өткізеді" деген қаңқу сөз, шын мәнінде ол "қару қамымен" жүр, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. Вашингтон билігі Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Солтүстік Кореяға бекер бармағанын айтады. Ресей КХДР-ден қару сатып алуға ниетті деп санайды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 29 шілдедегі Австралияға сапарында осындай мәлімдеме жасады. Ол Шойгудың КХДР-да "демалысын өткізіп жатқанына" қатты күмәнданатынын айтты.

"Біз Украинаға қарсы агрессиясын жалғастыру үшін Ресейдің қайдан тапса, одан тапсын, қару сатып алуды қажетсінетіндігін көреміз", - деді Блинкен.

Блинкен тек Солтүстік Корея ғана емес, сонымен бірге Ресейдің "Азаматтық инфрақұрылымды бұзу және Украинадағы бейбіт тұрғындарды өлтіру" үшін Иранмен одақтасқанын атап өтті. "Ресейге көптеген ұшқышсыз ұшақтарды жеткізген" Иранды сынға алды.

Орайы келгенде айта кетейік, бірнеше күн бұрын, 26 шілдеде, Шойгу Корея соғысының аяқталғанына 70 жыл толуына орай Солтүстік Кореяға келді. Коронавирустық пандемия кезінен бастап Пхеньянға алғашқы ресми сапары барысында ол КХДР көшбасшысы Ким Жен Ынмен кездесті.

Солтүстік Корея о бастан Ресей саясатын қолдап келеді, америкалық барлау мәліметтері бойынша Ресейге қару-жарақ жеткізді. Дегенмен "мұртын балта шаппайтын" Пхеньян бұл айыптауларды жоққа шығарады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер