Ғалымжан Жақиянов: "Адырнаға" жалған ақпарат таратпаңыздар деген ғана талап қойып отырмын

2276
Adyrna.kz Telegram

Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов бұрынғы досы, әрі әріптесі Төлен Тоқтасынов екеуінің арасындағы сот барысы және оның жаңғырығы туралы мәлімдеме жасады.

Ол бұл туралы Facebook желісіндегі парақшасында жариялаған. Жақиянов Қаңтар оқиғасынан кейін билік басшыларын сынағанын, оған тікелей жауап болмағанын, бірақ қазір осы сынға билік басқаша жауап беріп отырғанын айтқан. Оның ойынша, “билікке тәуелді кейбір ақпарат құралдары” осы жайтты пайдаланып, “лақап” таратып жатыр екен.

Мәселе "Адырна" ұлттық порталына қатысты айтылғандықтан, портал әрқандай “лақап”, немесе дақпырт мәлімет таратуға және белгілі бір тарапты жақтап, басқаларды даттауға мүдделі емес екенін тағы да еске салады.

Жақияновқа порталдың ютуб арнасының мінберін пайдалануды ұсынып отыруымыз — соның айғағы. Біз сөз бостандығы заңдылықтарына сәйкес екі тарапқа да тең мінбер беру қағидатын ескере отырып, Ғалымжан Жақияновтың аталған мәлімдемесінің бір әріпін де өзгертпей назарларыңызға ұсынамыз.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Ғалымжан Жақияновтың мәлімдемесі

Құрметті достар мен журналистер қауымы!

Өздеріңізге мәлім, былтырғы Қаңтар оқиғасынан бері БАҚ пен Facebook-та менің сұхбаттарым мен мақалаларым шығып жүр. Онда мен журналисттердің сұрақтарына жауап беріп, қоғамымызды алаңдататын кейбір мәселелерді көтергенмін. Соның ішінде бұрынғы және бүгінгі билік басшыларына байланысты сыни пікірім де бар. Билік тарапынан айтқанымды жоққа шығаратын не тікелей жауап болмады, не қандай да бір үн қайтара алмады. Алайда, олардың жауабы басқаша болды.

Билікке тәуелді кейбір ақпарат құралдары мен адамдар менің жеке басыма байланысты лақап тарата бастады. Бұл науқанда бұрынғы досым Төлен Тоқтасынов және оның жақындары байқалды. Ол ортамыздағы дауды өзара келісім немесе заң жолымен шешудің орнына бұқара назарына жүгінді. Назар аударатын маңызды жайт– бұл дау мемлекет немесе қоғам шаруаларына жатпайды. Мен екеуіміздің іскерлік қарым-қатынасымыз қоғамдық талқылаудың тақырыбына айналғанына өкінішімді биылғы қаңтардағы мәлімдемемде айтқан едім (құжатқа сілтеме: https://abai.kz/post/163107). Ал, Т. Тоқтасынов пен М. Оспанов арасындағы сот туралы ақпаратты мына сілтемеде таба аласыздар: (https://ratel.kz/.../byvshij_deputat_tolen_tohtasynov...). Ол сотта Тоқтасынов жеңіліп, қарызды боп табылды.

Сонымен қатар, мен ар-намысыма нұқсан келтіріп жала жапқаны үшін Төлен Тоқтасыновты жауапқа тартуын Алматы қаласының әкімшілік сотына өтініш білдірдім. 3-4 айға созылған сот оны кінəлі деп тауып, 13 маусымда өз шешімін шығарды (Сілтеме: https://t.me/GZhakiya/18).

Дегенмен, Т. Тохтасыновтың тарабы сот жауапкердің қатысуынсыз шешім шығарды деген уәж айтты. Бірақ оның сотқа қатысудан бас тартып жүргенін айтпады. Шын мәнінде, сот отырысы бірнеше мәрте болды. Сот қашқалақтап жүрген Т. Тохтасыновты мәжбүрлі түрде сотқа қатыстыру үшін полицияны араластыру жайлы ұйғарым шығарды. Полиция оның үйіне 6 рет барып, кездесе алмаған. Жауапкердің жұбайы, ұлы мен қызы полицияға онымен байланысы жоқ деген мәлімет берген (Сілтеме: https://t.me/GZhakiya/19)

Сот барысында Т. Тохтасыновтың кінәсін дәлелдейтін түрлі фактілер келтіріліп, филологиялық сараптама қарастырылды. Ол сараптамада «ADYRNA ULTTYQ PORTALY» YouTube-каналына шыққан интервьюде «шындыққа сәйкес келмеген жағдайда Ғ. Жақияновтың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне зиян келтіретін мәліметтер бар» деген қорытынды жасалды (Сілтеме: https://t.me/GZhakiya/20 )

Бүгін Т. Тоқтасыновтың шағымы бойынша аппеляциялық соттың отырысы өтті. Шағым иесі өзі қатысудан тағы да бас тартып, орнына адвокатын жіберіпті. Ол болғанда, Тоқтасыновтың мекен-жайы Қазақстанда емес Моңғолияда, сот отырыстары туралы хабарсыз деген сияқты әңгімелерін қайталады. Біз өз кезегімізде, бұл сөздері шындыққа сәйкес келмейтінін және Тоқтасыновтың кінәсін дәлелдейтін басқа да құжаттарды соттың алдына тарттық (Сілтеме: https://t.me/GZhakiya/21).

Нәтижесінде, алдыңғы сот шешімі күшінде қалды.

Алдында аталмыш соттың шешімі «Адырна» басшылығына жіберілген болатын. Алайда редакция соттың шешіміне назар аудармай, Т. Тохтасыновтың сұхбатын алып тастаудан бас тартты. Сол себептен, сайт адресіне сотқа дейінгі шағым жолданды. Есесіне, сайтпен оның бас редакторы мені журналистке қысым жасады деп айыптап, негізсіз бірнеше мақала жариялап отыр. Қайталап айтайын, мен «Адырнаға» жалған ақпарат таратпаңыздар деген ғана талап қойып отырмын.

Сондай ақ, жалған ақпарат Қазақстанмен шектелмей Моңғолияның да кейбір БАҚ-та шығыпты. Бұлардың бәрі «заказбен» жасалғанына күмәнім жоқ. Осыған байланысты мәселе Ұлан-Батыр қаласының үш сотшының қатысуымен қаралып, артынан аппеляциялық сот өтті. Нәтижесінде, Моңғолияның да сот орындары таратылған ақпараттың бәрі жалған деп тапты және менің ар-намысымды қорғау туралы қорытынды шешім шығарды (Сілтеме: https://t.me/GZhakiya/22 ).

Қазіргі әлеуметтік желілерде өтірікті шындай көрсету, адамның ар-намысына тию, беделіне дақ түсіру оңай дүниеге айналды. Кейінгі кезде өзіме қатысты сондай іс-әрекеттің куәсі болғандықтан осы постты жазып отырмын.

Пікірлер