Жабайы табиғат. Техас тұрғынының үстіне көктен жылан түсіп, кейін қаршығаға таланды

1793
Adyrna.kz Telegram

Адам айтса нанғысыз оқиғамен Техас тұрғыны Пегги Джонс бетпе-бет келді. Ол алаңсыз көгал тазалап жүреді. Оқыстан үстіне көктен жылан түсіп, артынша қаршыға шабуыл жасайды. Салдарынан тұрғынның қолы зақымданып, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Оқиға былай болған. 64 жастағы Пегги Джонс көгал тазалап жүреді. Сол сәтте үстіне ұшып бара жатқан қаршығаның жемтігі - шұбатылған жылан түскен. Жылан оның қолына оралып, бетіне өрмелейді. Абдыраған Пегги Джонс жыланды лақтырып тастауға тырысып, бәйек болады. Қолын оңды-cолды сермеп, өз-өзін жұлқылай бастады. Мұны байқаған көктегі қаршыға қайырылып келіп, Пегги Джонсқа тұра атылады. Сол сәтте жемтік үшін "талас басталады". Қаршыға құсы жемтігін қызғанып, тұрғынның қолын тырнағымен тілгілеп, жарақаттап тастайды.

"Жыландай белге соғып, бейсауыт жүрген жанды бүгілдірген" оқиға салдарынан әйелдің қолы мен беті жарақаттанып қалды.

Оқыс оқиға 25 шілде күні Луизиана шекарасына жақын Техас штатындағы Силсби қаласында болды.

Пегги Джонстың айтуынша, тарс төбесінен түскен жыланнан кейін қаршыға іле-шала пайда болады. Жемтігін тартып алуға тырысқан жыртқыш құс бірнеше рет қайта оралып, әйелді бүре берген.

Түлкіге, қоянға, қасқырға емес, "адамға түскен" қаршыға қояр да қоймай жыланды іліп алып, ақырында өз өз жөнімен ұшып кеткен.

"Қазір әйелің жағдайы бірқалыпты", - дейді мамандар, дегенмен оның бұл оқиғадан кейін ұйқызы бұзылғаны айтылды.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер