Режиссер Болат Ұзақов: Жең ұшынан жалғасқан жемқорлар жайында көрсетуді ойлап жүрмін

1804
Adyrna.kz Telegram

Таяуда Думан Рамазанның «Жошы хан» спектаклін сахналаған театр режиссері Болат Ұзақов осы тақырыпқа қалай келгенін айтып, шығармашылық толғаныстарымен және өзінің болашақ жоспарымен бөліседі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының қоюшы-режиссері Болат Ұзақовтың «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.

«МЕНІ ЕШҚАШАН ОСЫЛАЙ ҚОРЛАҒАН ЕМЕС!»

- Биылғы жазда тұсаукесері өткен «Жошы хан» спектаклі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Тіпті, ел президенті де қойылымды тамашалап, ізгі тілегін білдірді. Әсеріңіз қандай болды?

- Алған әсерді сөзбен жеткізу қиын. Өйткені, Қасым-Жомарт Кемелұлы театрға күнде келіп жатқан жоқ. Президентіміздің бұл  сапарын өнерге деген құрметі деп түсіндім. «Жошы хан» спектакліне келуі еліміздің өткеніне, халқымыздың тарихына құрметпен қарайтынын тағы бір дәлелдеді. Мемлекет басшысы қазақ халқының сақталып қалуына көп үлес қосқан тарихи тұлғаларымызға деген ізетін көрсетті. Менің қуануымның бір себебі де осы. Ол кісінің театр өнеріне деген көзқарасын бұрыннан білемін. Себебі, сенаттың спикері болып жүрген кезінде «Мұқағали» спектакліне келіп, осылай жылы лебізін білдіріп кеткен болатын.

Жалпы «Жошы ханның» сахналануына Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы жолдауы қатты әсер етті. Сол жолдауында президентіміз «тарихымызды 550 жыл деп шектемейік, біздің еліміздің тарихы сонау Алтын Ордадан басталуы керек. Осыған байланысты фильмдер түсіріліп, спектакльдер қойылуы тиіс» деп айтқан еді. Сол кезде мен бірден Думан Рамазанға хабарласып, дайындалып Жошы хан, Алтын Орда туралы бір спектакль қояйық деп айтқанмын. Сәті түсіп «Жошы хан» биыл көрерменге жол тартты.

- Тарихи қойылымдарды жиі сахналайсыз. Ондағы мақсатыңызды айтып берсеңіз?

- Қазақтың ел болып қалыптасуына көп үлес қосқан, еңбек сіңірген хандар туралы спектакльдер қоюды Астана қаласына келген жылдары жоспарлап едім. Сол жоспарымды Кенесарыдан бастап іске асырып келемін. Хандар туралы қойылымдарды қою туралы ой 97-98 жылдары туындаған болатын. Ол жылдары бәріміз қоғамдық көлікпен жүреміз. Мен өзім оңтүстіктен келгенмін, басқа адамдармен қазақша сөйлесіп тұрсам, бір орыс әйел ожырая бұрылып қарап «Эй, разговариваете на человеческим языке!» деп бұйыра сөйлегенде қаным басым шапты. Дәл осы күнге дейін ұлттық намысыма ешкім бұлай тимеген, мені ешқашан осылай қорлаған емес! Осы жердің иесі бізге өз тілімізде сөйлеуге тыйым салатындарға мен қалай қарсы шыға аламын деген ой маза бермеді. Театрда жүргендіктен ұлттық намыс пен рухты көтеру үшін қазақтың тарихынан хабар беретін қойылымдарды сахналау арқылы күресу керекпін деп шештім. Содан кейін қазақтың соңғы ханы әрі осы Ақмола үшін күресіп ханын төккен Кенесарыға тәуелсіздік алып, ел болған кезде неге бір ескерткіш қоймасқа деп Кенесарыдан бастадым. Халыққа аты таныс Абылай, Керей мен Жәнібек хандар қойылған соң бәрінің арғы атасы Жошы ханға да кезек келді. Мақсатым – жұмысым арқылы ұлттық намысты көтеру. Біз ұлттық намысымызды жоғалтып жатырмыз. Ұлттық рухты көтеретін қандай құрал бар, соның бәрін қазір жедел түрде қолға алуымыз керек. Неге біздің көп адамдарымыз ана тіліне көңіл бөлмейді? Себебі, олардың ұлттық намысы жоқ. Ұрпағымыз намыстанбайды. Баяғыдай «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садақасы» дейтін ұстанымды қайтару керек халыққа. Өткенін, тарихын, ұлт болып сақталуымызға жанын бергендерді білмесе, ұлттық намыс қайдан келеді? Өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шығып жатқан қыз жүрегінде ұлттық рухы болса кетпес еді, жігіттеріміз басқа ұлттан қыз алмаушы еді...                                                                    

Тарихты неге сахналай бересіз дейтіндер де аз емес. Әсіресе «Жошы хан» спектаклін аяқтан шалушылар көп болды. Психологиялық тұрғыдан ауыр тиді. Дегенмен, тұсаукесеріне президентіміздің өзі келіп ізгі тілегін білдіргендігі, соңының жақсы нәтижемен аяқталғаны қуантты.

«АШАРШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ СПЕКТАКЛЬ ҚОЙҒЫМ КЕЛЕДІ»

- 2 жыл бұрын «театрға келсе де қойылымды түсінбей отыратын көрермендер көбейіп кетті» деп пікір білдірген екенсіз. Ал қазір театрға келушілердің сұранысы мен қызығушылығы өзгерді ме, қалай ойлайсыз? 

- Жасыратыны жоқ, көп адамдар театрға комедия іздеп келеді. Астарлы драма, трагедия көріп отырып түсінбейді. Ал қазір өзгерген бе, жоқ па айту қиын. Одан бұрын театрдың қоғамдағы орнына баға беріп алу керек. Өйткені қазір бізде театр көбейіп кетті. Екі адам бірігіп те «театрмыз» деп шыға береді. Осының салдарынан ұлтқа, бүгінгі қоғамға керек дүниеге емес, арзан күлкіге құрылған қойылымдарға халықтың назары ауып кетті. Көрермендердің театр туралы түсінігін бұзып алдық деп ойлаймын. Театр әдебін мектеп кезден оқыта бастау қажет. Әдебиеттің басқа салаларынан драманың қандай айырмашылығы бар екенін, еліміздегі және шетелдік драматургтер туралы хабардар ететін бағдарлама болуы керек. Ұстазым Қадыр Жетпісбаев айтпақшы, батыстың дамыған елдерінде балаларын ес біле бастағанда шіркеуге апарып дінін түсіндіреді, содан кейін театрға апарып ділің деп түсіндіреді екен. Соны түсініп өскен бала театрдың дайын көрермені болып шығады. Осылай болса, біздің көрерменнің деңгейі өсіп, сұранысы да басқа болар еді. Бүгінгі күні халықтың тұрмысы онсыз да төмен, трагедия емес комедия қою керек дейтіндерде жоқ емес. Оларға айтарым – театр көңіл көтеріп кететін орын емес, адамға ой салатын, әр адам «мен кіммін?» деген сұрақты шыққан соң өзінен сұрайтын орын. Бізге сондай дәрежедегі көрермендерді дайындау қажет.

- Көрерменге ұсынатын қойылымды қандай критерийге байланысты таңдайсыз? Әлде әуел бастан-ақ автормен ақылдасып, қандай дүниелерді қамту керек екенін айтасыз ба?

- Қойылымдарды таңдағанда қазаққа не айта аламыз, бүгінге керек қандай құндылықтарды тақырып арқылы бере аламыз – ең бірінші ұстанымым осы. Екіншіден, жалпы адамзатқа, қандай ұлтқа болса да әсер ететін адами құндылықтарға назар саламын. Егер авторлары тірі болса ақылдасып, қай жерде қандай ой айтылу керек екеніне келісеміз. Ал бұрын жазылған әлемге әйгілі драматургия болса қоямын деген адамға құндылықтар жетіп артылады.

- Алдағы уақытта тағы қандай тарихи спектакль қою жоспарыңызда бар?

- Шаршаған кезде қалжыңдап енді тарихты сахналамаймын деп едім. Бірақ қазақта айтады ғой «ат баспаймын деген жерін үш басады» деп. Сол секілді алдағы уақытта 1931-33 жылдардағы Ашаршылық туралы спектакль қойғым келеді. Себебі, бұл қырғын өзінің тарихи бағасын алмағанына ішім ашиды. Әдейі ұлтты жер бетінен жою үшін жасалған сұрқия жоспар екені ашып айтылмай келеді. Осыған байланысты оқығандарыммен тарихи деректерге сүйене отырып, көрген адам бей жай қала алмайтындай қойылым қою ойда бар. Бірнеше комедия сахналау да жоспарда бар. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлар жайында көрсетуді ойлап жүрмін.

«АКТЕРҒА ӨЗ РӨЛІНІҢ СОАВТОРЫ БОЛУҒА КӨМЕКТЕСУ КЕРЕК»

- Қойылымды сахналау барысында техникалық жабдықталу жағынан қиындықтар туындай ма?

- Әрбір қойылымның өз қиындығы бар. Бұрын ескі театрда сахнамыз тар әрі техникалық жағынан көп қиындық көретінбіз. Қазір үлкен театрға ауыстық, сахнамыз бұрынғымен салыстарғанда жер мен көктей. Техникалық мүмкіндіктері де бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Дегенмен, әлемдегі өркениетті елдердің қойылымдарындағы халыққа әсер ететін технологиялық мүмкіндіктер әлі де болса бізге жетіспейді. Болашақта осыған баса назар аудару қажет. Оның барлығы қаржыға келіп тіреледі. Әр қойылымға түрлі шамадағы декорация мен реквизиттер қажет болады. Әр көріністің шешімін негізгі көрініспен жалғастырып тұратындай етіп жасау – мақсатымыз. Мысалы, соңғы қойылған «Жошы хан» тарихи драмасында көріністер көп болғандықтан, декорациялардың, сахналық көріністердің ауысуы  ұтымды, әсерлі әрі мағыналы болып, спектаклдің негізгі идеясын жоғалтпай өрбіту жағынан басқа спектаклдерге қарағанда күрделірек болды. Қойылымды бейне таспалар арқылы толықтырып едік, соны әлі де болса жетілдіру керек екеніне көзіміз жетті. Оның бәрі қаражатқа тіреліп, ары қарай аса алмай қалдық.

- Рөлге сай келетін актерларды қалай таңдайсыз? Рөлдерін сәтті алып шығулары үшін қандай тапсырмалар мен кеңестер айтасыз?

- Театрдағы актерлардың 90 пайызының актерлық мүмкіндіктерін білем десем артық айтқандық емес. Сондықтан рөл бөлген кезде қатты қиналмаймын. Бірақ, осы жолы Жошының рөлін кімге беремін деп біраз ойландым. Жас болса да Қайыржан Садықовқа сеніп тапсырып, қателеспегеніме көзім жетті. Кейіпкерлер сәтті шығу үшін актерларға режиссер спектаклдің не туралы болатынын, қай жеріне ден қою керек екенін түсіндіру керек. Мен өзім солай жасаймын. Басынан бастап бәрін жинап алып, спектакль туралы, оның тарихи маңызы жайлы терең талқылап, өз ойымды жеткізгенше айта беремін. Сонымен қатар актерларға өз ойларын айтқызамын. Ең бірінші әртіске сенімділік туғызу керек, ол өзіне сенімді болса, көрермен де оған сенеді. Кейіпкерінің жасап жатқан әрекетінің астарын түсінбесе жалғандығы байқалып тұрады. Осы жағына көп көңіл бөлемін. Актерларға өз рөлдерінің соавторы болуға көмектесу керек. Спектакльдің ұстанымынан шығармай өз рөлінің айналасында көбірек еркіндікке жіберу қажет. Өздері ойлап табуына итермелеу – режиссердің міндеті. Бәрін шайнап, аузына салып берудің қажеті жоқ. Дұрыс бағытта жүруіне жөн сілтеп, бағдар беру керек. Спектакльге кіріскен кезде актерларға «біз бір кемеге мініп, теңізге түскен адамдар сияқтымыз. Енді біздің жанымыз бір. Арғы жағаға бірге аман-есен шығуымыз керек» деп теңеу айтып отырамын.

- Уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Мерей Мырзағалиқызы

Пікірлер