“Депутаттардың жұмысын халық бақылай алады”. Саясаттанушы депутаттарға чип орнатуды ұсынды

1972
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық саясаттанушы және белсенді Данияр Әшімбаев халық қалаулыларының жұмысын бақылау үшін оларға чиптерді енгізуді ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі Politic_kazakhstan-ға сілтеме жасап.

Данияр Әшімбаев бұл ұсынысымен өзінің Telegram желісіндегі парақшасында бөліскен.
«Мәслихат институтын жаңғырту аясында депутаттарға арнайы чиптер енгізуді ұсынамын, оның көмегімен сайлаушылар депутаттардың өз округтерінде болуын бақылап, жұмысын қадағалайды», - деп жазған ол.

Чип енгізу бойынша осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Дәрімованың ерекше ұсынысы жарияланған болатын. Депутат кейбір отбасынан шыққан «қиын» балаларға чип салуды айтқан еді.

«Қиын балаларға чип салу керек дедім. Балаларды ұратындар қоғам үшін қауіпті. Алайда әдеттегідей, бәрі бұрылып, мені мазақ етеді. Жақсы хайп. Менің парақшамда оқырман санын көбейтіңіздер», — деп жазды Гүлжайна Даримова.

Пікірлер