Сирия елінің діни тарихы

9834
Adyrna.kz Telegram

Таяу шығыс. Өркениеттер мен құндылықтардың тоғысқан, түйіскен мекені. Таяу шығысты мекендеген халықтардың, соның ішінде сириялықтардың салт-cанасына, алуан түрлі дүниетанымына ықпал еткен факторлар көп болған. Қазіргі уақытта Сирия халқының 93 пайызы ислам, 7 пайызы христиан дінін ұстанатындығы айтылады. Қос діннің де жергілікті ұлттың тіршілігіне, жаратылыс құбылыстарын тануы мен қоғамдық құндылықтарын айқындауына айтарлықтай үлесі бар.

Ислам діні пайда болғанға дейін Сирия өркениеті христиан дінінің құндылықтары негізінде қалыптасты. Христиан діні Сирияда 1 ғасырда пайда болды. Иерусалим құлағаннан кейін Антиохия Рим империясының шығысындағы христиан орталығына айналды. 451 жылы өткен халцедон соборынан кейін аймақта Шығыс православие ағымы басым бола бастайды.
ХХ ғасырда елдегі христиандар саны артады, дегенмен олардың үлесі елдегі жалпы халықтың үлесіне шаққанда тұрақты түрде төмендегені байқалады. Мысалы, ғасыр басында 16%-дан, 1970 жылы 10%-дан және 2000 жылы
7,8%-ға дейін төмендейді. Оған, біздіңше, бірнеше себептер әсер еткен. Олардың қатарында Сирияның геоэкономикалық ерекшеліктері, көршілес мемлекеттердің ықпалы, саяси бағыттағы алуан түрлі қарым-қатынастың артуын жатқызамыз.

Өкінішке орай, 2011 жылы Сирияда басталған азаматтық соғыстың нәтижесінде христиандар ең осал және қудалауға ұшыраған діни топтардың біріне айналды. Сириялық христиандардың едәуір бөлігі мәжбүрлі босқындарға айналды. 2016 жылға қарай Сирияда өмір сүрген 1,25 миллион христианның тек 0,5 миллионы ғана қалған. Саяси бұрқасындар, халықаралық сипаттағы қақтығыстар Сирия халқының арасында діни келісім мен тұрақтылықтың қалыптасуын, адам өмірі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді айтарлықтай тежеп отыр.

Араб түбегінде тамыр жайған Ислам діні уақыт өте келе ауқымданып, бірнеше бағытта тарай бастайды. Исламның Сирияға «аяқ басуының» басты себептерінің бірі – сауда қатынастары және білім-ғылым. Халифа Омар ибн
әл-Хаттабтың кезінде мұсылмандар біртіндеп византиялықтардың бақылауында болған аумаққа қарай жылжи бастады. Бастапқыда мұндай діниілгерілеу кішігірім әскери қақтығыстармен қатар жүрді, бірақ біртіндеп көптеген қалалар мұсылмандардың қолына өтті. Мұсылман өркениетінің Сирия аймағында ту тігуіне ықпал еткен тарихи қадамның ең маңыздығы 635 жылы болды.

Кейінгі кездегі радикалды Ислам ағымдарының артуы Сирия халқының берекесін алып, мемлекет аумағы діни күрестер мен жан аяусыз қақтығыстардың нүктесіне айналды. Радикалды топтар мен көне діни догманың шырмауына түскен діни қауымдастықтар адамзаттың өркениеттің мол мұрасына зиян келтіріп, жергілікті халықтың құқықтары мен мәдени-рухани құндылықтарын аяқ асты етті. Мәселен, Сириядағы азаматтық соғыс кезінде инфрақұрылым нысандары мен жеке үйлер ғана емес, сонымен қатар 290 ескерткіш жойылды, олардың кейбіреулері ЮНЕСКО-ның қорғауында екендігі айтылады. Алып халифат құрып, негізсіз идеология жетегімен Сирия жерін азаматтық соғыс алаңына айналдырудың кесірінен қазір әлемде аса ауқымды мәдени апат болып жатыр. Сирия жеріндегі радикалды топтар Сирияға ғана емес, мұсылман мемлекеттеріне, Орта Азия халықтарының салт-cанасына айтарлықтай ықпал етуде. Кейінгі ғасырлардағы Сирия жеріндегі халифат құру идеясы, бейбітшіл халықтың берекесін кетірген түрлі қақтығыстар, жат ағымдар мен дін ақиқатының «терісін айналдыра отырып» қабылдаудың кесірінен адам шығыны, экономикалық келеңсіздіктер, босқындар мәселесі күн тәртібіне шықты.

2011 жылдың наурызында басталған Сирия дағдарысы көптеген мұсылман елдерге де тарап, жаһандық қақтығыс сипатына ие болды. СондықтанСирия дағдарысын «Араб көктемінің» ерекше бөлігі ретінде қарастыруға болады. Тунис, Египет, Йемен, Бахрейн сияқты елдердегі «Араб көктемінің»бастапқы кезеңін білдіретін әлеуметтік наразылық ішкі факторларға, әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа, сыбайлас жемқорлыққа, полицияның озбырлығына, ондаған жылдар бойы билік құрған элитаның басқыншылығына, нақты демократиялық бостандықтардың болмауына қарсылық еді. Жат ағымдар жетегіндегілердің қарулы отрядтары Сирия аумағында террористік операцияларды жүзеге асырып, қоғамның дамуын кері кетіргеніне көз жетіп отыр. Былайша айтқанда, Исламның жат ағымдарының дамуына еркін мүмкіндік беру, ұлттық идеология мен мемлекеттік саясаттан діни догмалардың басым түсуі елді өркениет көшінен адастырып, адамзаттық игіліктерден алыстатады.

Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен дін мәселесі бойынша сарапшы,
1990-жылдардан бері радикалдану тақырыбын зерттеп келе жатқан Икбалжан Мирсайитов радикалдану мәселесі әлі де өзекті, бұрын жұмысы тоқтаған діни топтар қайта жанданып жатыр, сондықтан өңір мемлекеттері ойлануы керек деп есептейді. Жасыратыны жоқ, көптеген қазақстандықтардың жиһадшылар есебінде Сирияға кетіп қалғаны да қоғам үшін қасірет. Оның үстіне, әлеуметтік-экономикалық жағдай төмендеген сайын жастардың көбі радикалды идеологияға бет бұра бастайды. Олар Таяу шығыстан шыққан псевдодіни ұйымдар мен экстремистік топтарға қосылады.

Бұған қарап Қазақстан мемлекетінің өзіндік ұлттық даму моделін қалыптастырып, ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы-ішкі саясатын шегендеуіне баса назар аударуы тиіс екенін түйсінеміз, қажет етеміз.

Дастан ҚАСТАЙ,

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер