Су тапшылығы. «Қырғызбен - қырғызша, өзбекпен өзбекше сөйлесу керек»

4468
Adyrna.kz Telegram

Астанада «Байтақ» партиясының ұйымдастырумен «Ауыз су және су ресурстары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Жиында жергілікті және халықаралық сарапшылар су мәселесіне қатысты пікір білдіріп, өз ойын ортаға салды. Сарапшылар су мәселесін шешудің қандай жолын ұсынды?

ЖАБЫЛҒАН СУ МИНИСТРЛІГІН ҚАЙТА ҚҰРУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Жамбыл облысының шаруалары Қырғыз елі су беруді тоқтатқан соң егінін суғара алмай отыр. Су саласы бойынша халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев көршімен арадағы су мәселесін шешу үшін жауапты сала басшылары «ағылшынша сөйлесетінін» айтады.

«Қазақ айтатын «жер дауы, жесір дауынан» кейін ең өзекті мәселенің бірі су дауы деп білемін. Жер белгілі, мемлекет болғаннан кейін шекарамыз белгіленген, ал суда шекара жоқ. Су барлығымызға ортақ, Алла Тағала бөліп ішсін деп адамдарға суды берді. Биыл болып жатқан су тапшылығы тарихта болмаған екен. Бұл салада қырық жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Совет үкіметі кезінде Таластың 50 пайыз суы біздікі, қалған 50 пайызы қырғыздардыкі, Шудың 80 пайызы біздікі, қалған 20 пайызы қырғыздарға қарайды деп келісілген. Ал Киров су қоймасының 80 пайызын біздің шаруалар пайдаланатын. Қазір біз су мәселесі бойынша келіссөз жүргізу үшін өзбекпен өзбекше, қырғызбен қырғызша, тәжікпен тәжікше сөйлесуіміз керек. Ал біз олармен Совет үкіметіндегідей орысша сөйлесе алмаймыз. Бір қызығы біздің мамандар олармен «ағылшынша сөйлеседі». Барлық мәселе осында жатыр. Мен сізге образды түрде айтып жатырмын. Сушы сияқты сөйлеспейді. Жуырда туған жерім Қазалы ауданына барғанда имам «Алла Тағала бізге Сырдария мен Аралды көршілес ағайындармен «бөліп ішсін» деп берді. Біздің мамандар көршілермен келісіп, су мәселесін шешуге болады ғой» деп айтты. Ел мұны жақсы түсініп отыр. Өкінішке қарай оны жоғары жақтағылар дұрыс түсінбейтін сияқты», – дейді ол.

Жиында «Байтақ» партиясының басшысы Азаматхан Әміртай Су ресурстары комитетін президентке бағынатын агенттік ретінде құруды ұсынды. Ал Ерлан Бадашев болса, су министрлігін құру туралы ұсынысқа қарсы екенін жеткізді.

«Әңгіме су министрлігінде тұрған жоқ. Мәселен, шет елде Бақыт министрлігі деген бар. Қазір біз Бақыт министрлігін құрсақ, бақытты болып кетеміз бе? Су министрлігін құрғанмен мәселе өздігінен шешіліп кетпейді. Бұл жерде ең басты мәселе мамандарды дайындап, қазір жазылып жатқан су кодексі туралы заңды дұрыстап бекіту керек. Сондай-ақ суды пайдалану стратегиясы қабылдану керек. Әлі күнге дейін суды пайдалану стратегиясы қабылданған жоқ» – деді ол.

Айта кету керек, Совет одағы кезінде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда Су шаруашылығы министрлігі болды. Оны 10 жылдан астам елдегі су шарушалығының белгілі маманы Нариман Қыпшақбаев басқарған.

«ӨЗЕНДЕР ҚҰРҒАП ЖАТЫР»

Су саласы бойынша халықаралық сарапшы Ерлан Бадашевтың айтуынша, кез келген проблеманың шешу жолы бар. Сарапшы мәселені шешетін сол саланың мамандары екенін ескертті.


«Биыл су мәселесі өте өзекті болып тұр. Өкілетті органның басшылары ең бірінші кезекте климатты кінәлайды. Су тапшылығына климат емес, адам кінәлі. Климат өзгерсе онда ақырзаман болады. Адамдар кінәлі дейтінімін бізде суды басқару жүйесі дұрыс емес. Суды үнемдеу үшін суды дұрыс реттемей отырмыз. Суға жанымыз ашымағаннан кейін оның тапшы болуына адамдар айыпты. Кінәлі адам өзінің кінәсін түзеуге болады. Менің ойымша ең бай ел – суға бай ел. Біз «Мұнайға баймыз, Менделеев кестесіндегі барлық байлық бар» деп мақтанамыз. Бірақ соның барлығына сусыз қол жеткізе алмайсыз. Сол себепті суды дұрыс пайдаланып, су үшін айтысып, тартысып, қажет болса, күресу керек. Махамбет батырдың «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық» деген сөзі бар. Сондықтан да әр бір азамат су проблемасын шешу үшін «жандасуда», «қырылысуда» керек. Бірақ осы мәселемен тікелей айналысатын мамандар өкілетті салада болмай тұр – дейді сарапшы.

Ерлан Бадашев су мәселесін шешу үшін жер асты суын пайдалануды қолға алу керек екенін ескертті. Әйтсе де ол жер асты суының қанша екеніне есептейтін маман жоқ екен айтты.

«Жер асты суының 46 пайызы басқа елден келсе, 54 пайызы өз еліміздің суы. Бірақ бұл осыдан 20 жыл бұрынғы деректер. Қазір судың өлшемі қанша екенін ешкім білмейді. Иә, шет елден келетін су 46 пайыз деген сөзбен келісемін, бірақ өз еліміздегі су өлшенбейді. Талай өзендер құрғап қалып жатыр. Әйтсе де біз бұрынғы деректерді пайдаланып отырмыз. Сондықтан да бізге ең бірінші судың есебін жүргізуіміз керек. Қазір не басқарып тұрғанымыз белгісіз, себебі судың есебі жоқ. Есеп болмаған соң оны есептейтін маман жоқ. Есебін білгеннен кейін қазіргі озық технологияларды пайдаланып, оны үнемдеудің жолын қарастыруға болады. Бірақ ол үшін халықтың, жалпы қоғамның көзқарасы өзгеруі керек», – дейді ол.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер