Республикалық «Абай» мектебіндегі аласапыран

5593
Adyrna.kz Telegram

Алматыда аты алашқа әйгілі, талай танымал тұлғаларды түлеткен жалғыз ғана Абай атындағы Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті тереңдете оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернат бар. 60 жылдан астам уақыттан бері ұлтын, жұртын сүйетін сан мыңдаған шәкіртті түлеткен айтулы білім ордасының бүгінгі жағдайы, келешегі қатты алаңдатып, осы хатты жазуға мәжбүр етті.

Атап айтқанда, 2022-2023  оқу  жылы тағайындалған ағылшын тілінің аударма маманы Ержан Нұржанұлы директор болғалы біраз өзгеріс болды, жекелеген бастамалары да жоқ емес. Алайда, директордың астанадан алып келген оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжазира Бекболатқызы келгелі ұжымның береке-бірлігі кетіп, кәсібилігі, мамандандырылған бағыты тұрғысынан көптеген келеңсіздіктер туғызды.Ол келісімен әкімшіл-әміршіл жүйе орнатты. Шектен асқан, тұрпайы, өрескел мінез қасиеттерін көрсетіп, шыдасаң жұмыс жасайтынымызды, оған төтеп бере алмасақ, жұмысты босатуды еркіңнен тыс мәжбүрлейді. Осындай келеңсіз әрекеттерден өзім де, ұжым мүшелерінің де жапа шегуде екенін жеткізгім келеді. Бұл пікіріміздің айғағы-ұжым мүшелеріне жазған жазбалары. Нәтижесінде мұғалімдер мен оқушылардың мектептің болашағына деген сенім азайып, дарынды балалар мектептен кете бастады. Сондықтан сағат сандары қысқартылды. Негізгі мәселе жаңа басшыларымыздың мектептің жаны мен бағыты болған қазақ тілі мен әдебиетінің маңызы мен құндылығын жоққа шығарып, ағылшын және жаратылыстану пәндерін алға шығарып, тіл-әдебиеттің басымдылығын төмендету қадамдары алаңдатады. Елімізде жүздеген, физика-математика, химия-биология, ағылшын бағытындағы арнайы мектеп бола тұра, қазақ тілі мен әдебиеті бағытындағы жалғыз мектепке неліктен жанталаса өзгеріс жасағылары келетіні түсініксіз. Директордың бар билігін қолына алған Гүлжазира Бекболатқызы Президент  Қ.Тоқаевтың бастамасымен негізі қаланған желілік Абай мектептерінің болашағы мен мүмкіндігін жоққа шығарады.Тек мерекелік, науқандық жұмыс ретінде қарайды. Біздің мектептің түлегі, Сенат төрағасы М.Әшімбаев алға қойған, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы жолға қойған «Ұлттық мектеп» жобасының сәтті іске асуына оң қадам жасай алмай отыр. Шетелдерде әдебиет оқытылмайтынын үнемі алға тартады. Биылғы оқу жылына ешкіммен ақылдаспай, оқу жоспарларын жасап, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сағаттарын қысқартуға келген күннен  бар күшін салды. Өкінішке қарай, бұл әрекеттерін жүзеге асыра алмаған сияқты. Мектептің барлық жұмысын қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің қолымен жасатып отырып, осы әдістемелік бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстарына ықылас  танытпай, жоққа  шығаратынан ұжым хабардар. Осындай  әрекеттерден күмән  пайда болып, келешекке деген сенім азаймай қайтеді? Ендеше, министрге жолдаған осы хатты жалпы қауымға, мектеп түлектері мен ұлт жанашырлары да оқып, ой түйіп, мәселеден хабардар болса деген оймен  газет арқылы жариялауды жөн көрдім.

ҚР Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлына!

  Өзіңізге дәл қазіргі уақытта туындап отырған маңызды мәселені жеткізу үшін, жан-жақты ақпарат беру үшін осы шағым хатты жазуды  жөн көрдім. Ең әуелі, ұстаздық жолдағы еңбегімнен хабардарсыз деп ойлаймын. Өйткені, менің бұла салада жан аямай жұмыс істегеніме - 38 жыл. Шәкірттерім әдебиет пен тіл саласында Назарбаев зияткерлік мектептері сияқты жоғары деңгейдегі білім беру мекемелерінде, С.Демирел, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттері сияқты жоғарғы оқу орындарында, шетелдегі дипломатиялық мекемелерде, журналистикада, т.б. қоғамның ең маңызды салаларында белді қызмет етеді. Осы кезге дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ғана емес, әдістемелік бірлестік жетекшісі міндетін атқардым. Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Төреқызы басқарған №159 мектепте бірнеше жыл директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болдым. Өзіңіз басқарған «EDTECH» халықаралық қосымша білім беру орталығында қалай сабақ беріп, қандай жетістікке жеткенім өзіңізге аян.  Әлі күнге жеке баспанамның жоқ екенін айтсам-ақ, біраз нәрсенің байыбына барасыз деген сенімдемін. Ал соңғы 20 жылда қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын Абай атындағы Республикалық мектеп-интернатында шәкірт тәрбиелеп келемін. Осы кезеңде жарғақ құлағым жастыққа тимей, бар күш-қайратымды ұрпақ тәрбиесіне арнадым, 20 жыл бойы  жас ұрпаққа сабақтан тыс еш үзіліссіз, ақысыз  «Жыр-шұғыла» таңғы жиынын  жүргіздім. Ол әр баланы көп алдында қысылмай сөйлеуге, бойындағы қабілетін ашып, өнерін көрсетуге, өзін жан-жақты дамытуға үлес қосты. Осы жылдарда бірнеше рет басшылық ауысты. Түрлі жағдайды бастан өткіздім. Алайда, дәл осы жолғы басшылықтағыдай келеңсіз-кемшіліктерге кездеспеген екенмін. Атап айтқанда, өткен оқу жылында тағайындалған мектеп-интернат директоры Ержан Нұрланұлы Астана қаласынан алып келген оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжазира Бекболатқызының жеке өзіме және ұжымға жасаған жағымсыз әрекеттері, педагогтік әдеп-қағидаларды сақтамай, шектен шыққан істер істеуі жанымды жегідей жеп, жүрегімді ауыртты. Соны тікелей сізге жеткізгім келеді:

1. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжазира Бекболатқызы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген тілші-ғалым Бижомарт Қапалбектің мектеп-интернат жайлы жазылған мақала үшін бүкіл ұжымға айғайлап, балаша ұрысты. Кемшілікті түзеудің орнына жасыруға, бізді айыпты етуге бейім болды.

2.М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынов атындағы тіл білім институты, Сүлеймен Демирел университеті сияқты белді оқу орындарының арнайы мамандармен бірлесе жасалған, Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бекіткен қазақ тілі мен әдебиетінің бағдарламасын  жоққа шығару мақсатында тіл  мамандарына қыспақ жасап, зорлықпен талдау жасатып, оны тыңдамай, түсініксіз әрі келеңсіз жағдай туғызды.

3. Мектептегі тәжірибелі мамандардың сабағына талдау жасауға өресі жетпей тұрып, кез келген уақытта сабаққа кіріп, маңызды әрекеттерге  мән бермейді, жетістіктері мен кемшіліктеріне талдау жасай алмайды. Ұстаздарға кері байланыс жасап, қолдау көрсетудің орнына кемшіліктерді тізіп, оларды білімсіз деп қаралап, еңбектерін жоққа шығарып, намысына жиі тиеді.  

4. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде, өз құзыретіне жататын мәселелермен ғана айналысуы керек қой, алайда, ол тәрбие, шаруашылық, әлеуметтік жақтағы барлық іске араласады. Өзін директор сезінсе керек...

5. Өзіне сыни пікір айтылса, оны сараптап, талдау жасамай,  пікір айтушының мәселелерін қарауға  қызметкерлерге бұйрық береді.          

6. Мектептің діңгегі, өзегі, барлық жұмысты адал атқарушы тіл-әдебиет мамандарын кемсітіп, тұқыртып, ылғи да сөзбен қағытып, олардың ар-намысын аяққа таптайды. Бұл оның сүйікті әдетіне айналды. Нәтижесінде кейбір басқа пән мұғалімдерінде тіл-әдебиет мамандарына деген дұрыс емес көзқарастарын қалыптастырып, ұжым ішіне  іріткі салады. Бұл - алға басып дамудың емес, кері кетіп құлдыраудың жолы. Бұл бетімізбен кетсек,  ұлттық мектеп құрмақ түгілі өзіміз балабақшаның балалары деңгейіне түсеріміз хақ.

7. Талай жыл ұлттық тәрбие беріп, мыңдаған мықты түлек түлеткен   ұжымды «дурдомға» теңейді. Мектепті физика-математика мектебімен жиі салыстырып, бұрынғы тарихы мен жетістігін жоққа шығарады. Оның дәлелі ретінде әлеуметтік желіде жарияланған посттарын қарауларыңызға болады.

8.Өзіне ұнамаған мұғалімдерді заңсыз түрде жұмыстан шығаруды директорға талап етіп, айтқанын орындатады. Мысалы, өткен жылы министрліктің арнайы  тексерісінен жұмысы жоғары деңгейде бағаланған  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрабаева Айсұлу Пернебайқызын, мектепке конкурстық негізде қабылданған қазақ тіл мен әдебиеті пәні мұғалімі Ботабаева Айшатты және өзімді жаңа оқу жылында жұмыстан шығып кетуімізді мәжбүрлеп отыр.                  

9. Өзі басшы, өзі мұғалім бола тұра әріптестеріне, қызметкерлеріне, мұғалімдерге әдеп сақтап, қарым-қатынас жасауды әлі күнге білмеуі, соншама дөрекі болуы таңғалтады. Кейде мұндай адамның республикалық мектепте, білім саласындағы басшылықтағы жүруі қаншалық арға, заңға сай деген ой келеді.  

10. Жұмыстан кеткен басшылардың кемшілігін жиі айтып бәрімізді мезі қылды.

11. Телефоннан ашылған уатсап топтары арқылы беймезгіл, күні-түні, тіпті, демалыс уақытына қарамай, барлық қызметкерді мазалап, әбден шаршатты. Жұмыстың уақыты, демалыстың тәртібі, адамның демалысы, психологиялық жағдайы дегенді ескеру ойына да кіріп шықпайды. Уатсап топтарын ешкіммен санаспай ашып-жауып, бар адамды ойыншық қылды.                      

 12. Ешкімнен қорықпай, санаспай, ештеңені қаперге алмай, кімге  не айтып, істеткісі келсе, соны істеп, тек өзінікін ғана  заң деп қабылдайды.

13. Өзінің атқаратын жұмысына арнайы көмекшісі бар болса да, жеке мұғалімдерге өзінің жұмысын жасатып, олардың сапалы сабақ өтуіне кедергі жасап, демалысын ұрлап, әбден қажытады.

14. Бітіруші сыныптарға түрлі мерекелік шаралар қойып, сабаққа дайындалуына мүмкіндік бермейді. Осы жағдайды сезгендіктен, биылғы оқу жылы 10-11-сыныптың жақсы оқитын көптеген оқушылар басқа мектептерге ауысуға мәжбүр болды.

15. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылған желілік Абай мектептерінің жұмыстарына көңіл бөлмейді, оның пайдасы мен мүмкіндігін жоққа шығарады.

16. Мектептегі үздік педагогтерді «білімсіз» деп қорлайды.

17. Басшының ұжыммен санаспай, тек Гүлжазира Бекболатқызымен ғана тіл табысып, барлық орынбасарларын, есеп бөліміндегі қызметкерлерін басқа жақтан  әкелуі, бұрыннан жұмыс жасап жатқан ұстаздарға орынсыз қысым жасап, кетіп қалуына ықпал етуі қаншалықты орынды?

18. Осы уақытқа дейінгі барлық жетістігімді, «Үздік педагог» ретіндегі еңбегімді жоққа шығаруы, менен басқа зейнеттегі ұстаздарды алып қалып отыруы мені қатты күйзелтті, намысыма тиді.

 Осындай олқылықтарды көре тұра, ести тұра, біле тұра директор Ержан Нұрланұлының ешқандай шара қолданбауын, тыйым салмауын басшы ретінде қалай түсінуге болады? Бәлкім, ол өз саясатын өзімен бірге ертіп келген орынбасары Бекболатқызы арқылы іске асыруды жөн санаған болар. Негізінде өзіміздің мектепте, тіпті, мектеп бітірген мықты түлектер арасында директор және оның орынбасары болып жүйелі, жоспарлы, нәтижелі, жақсы жұмыс істейтін басшы болуға лайық тұлғалар баршылық. Соған қарамастан, бұрынғы министр Асхат Аймағамбетов заң нормаларына арнайы өзгеріс енгізіп, ешбір конкурссыз осы директорды біздің мектепке тағайындады (оны депутаттық сайлау кезінде мектебімізге келгенде өзі айтып берді). Асхат Аймағанбетов сияқты адал тұлға, белгілі қоғам қайраткері қолдау жасап, басшылыққа әкелгенде қуанғанымызды жасыра алмаймыз. Өкінішке орай, қуанышымыз көпке созылмады. Ұлттық құндылықтарды тереңнен түсіне алмай, тек батыстық құндылықтармен жүруге ниетті басшы Ержан Нұрланұлы ұжымды ұйыстыра алмай отыр. Мұндай жағдайда біз алға қойған негізгі мақсат – «Ұлттық мектеп» құруды іске асыруымыз мүлдем мүмкін емес деп санаймын. Осы жазғандарымды ескере отырып, мектеп басшылығы мен құрылымына өзгеріс енгізіп, мектебіміздің қалыптасқан мәртебесі мен беделін сақтайтын, дамытатын, ұлттық құндылықты жете меңгерген, тіл-әдебиетті түсінетін, бағалайтын, рухани әлемі бай, жанашыр, іскер, адал жаңа басшы тағайындау арқылы жаңа қадам жасауыңызды сұраймын!

Айтпақшы, басшылықтың педагогика, білім мен тәрбие беру саласындағы еңбектерімді, әлі күнге жеке баспанамның жоқ екендігін, кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана екенімді ескермей, осы оқу жылында зейнеткер мұғалімдердің ішінде менің ғана  сағатымды мүлдем қысқартып, түрлі тәсілмен жұмыстан шеттетуге әрекет еткенін де жасырмай айтқым келеді. Осы жағдайларды да толық саралап, жалпы ұжымға, мектеп болашағына және өзімнің жеке жағдайыма қатысты оң шешім қабылдауыңызды сұраймын!

Жоғарыдағы айтылған шағымдардың шынайы екенінің дәлелі ретінде дөрекі қарым-қатынас жасаған аудио, уатсап жазбаларын  ұжым мүшелерінен анықтауға болады.

Құрметпен, Абай атындағы РММИ-дің мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламаларының, дидактикалық құралдардың авторы, «ҮЗДІК ҰСТАЗ-2021», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгілерінің иегері

Қалима Қаппасқызы

 

Пікірлер