Бүгін — Конституция күні

2034
Adyrna.kz Telegram
ата заң
ата заң

Бүгін — Қазақстан Республикасының Конституциясы күн.

Қазіргі Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді. Оған 1998 жылы және 2007 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Ата Заң – 9 тарау және 98 баптан тұрады.

Бүінгі таңда Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтауында Ата заңның басты құжат екенін атап өтті.

«Ата заң – мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз.

Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады. Конституциялық Соттың құрылуы – осындай институционалды реформаның бірі. Бұл құрылым азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік беретін Ата заңымыздың рөлін мейілінше арттырды»,—деді Мемлекет басшысы.

Президент Әділетті Қазақстанды құруда Конституцияның ерекше орын алатынын айтты.

«Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!»—деп түйіндеді ол.

Пікірлер