Атырауда 15 жастағы қызды зорлаған жігіт жазадан құтылып кеткен

1941
Adyrna.kz Telegram

Атырауда 15 жастағы қызды зорлаған жас жігіт жазадан жалтарып кетті. Себебі күдіктінің үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтаған. Өйткені қос тараптың ата-аналары өзара татуласып,  құда-жекжат болуға келіскен, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Сондықтан жәбірленушінің анасы полицияға жазған арызын қайтарып алған. Осыдан кейін қылмыстық іс жабылған.

«Енді ешқандай жазаға тартылмайтынын білген жігіт жақ қызыма күн көрсетпей, үйден қуып жіберді»,—дейді жәбірленушінің анасы. Ол енді құзырлы орындардан қылмыстық істі қайта қарауын сұрап отыр.

15 жастағы қыз жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Жүзбе-жүз көруі үшін кездесуге де шақырыпты. Сөйтіп көлігіне мінгізіп алып, айдалаға апарып, қызымды зорлаған дейді анасы. Бірақ мұны мектеп оқушысы ешкімге айтпаған. Оны қызының денесіндегі көгерген іздерін көргенде ғана біліпті. Әйел дереу құзырлы органдарға арыз жазған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталғанда зорлаған жігіттің туыстары кешірім сұрап келген.

«Қызымды алып кетті. Шағымды өзгерттік. Кешірім бердік. Іс бітіп жатқан кезде жігіттің апасы күйеуімді алдап-сулап, «Тергеуші істі жабып, базада сотталды деген ақпарат қалмауы үшін 1 миллион 600 мың теңге ақша сұрап жатыр деп кредит алғызып, ақшаны алды. «Өзіміз төлейміз, алып бер» деген. Жігіттің апасы «Іс бітті, енді қызың керек емес» деп қызыма күнде-күнде тиісіп, тіпті сабауға дейін барды. Қызымды сабаған соң апасының үстінен арыз жаздым»,— дейді зорланған қыздың анасы.

Ар-намысымыз тапталды деген ата-ана қылмыстық істі қайта көтеруді сұрап прокуратура арыз жазған. Бірақ қадағалаушы орган қараусыз қалдырған. Сондықтан араша сұраған ана Атырау облысы прокуратурасына барды. Бірақ прокурорлар бұған дейінгі істің неге жабылғанын, жәбірленушінің арызы неліктен қаралмағанын ашып айта алмады.

«Қылмыстық процестік кодексінің 100-бабына сәйкес, қылмыстық іс бойынша процеске қатысушы заңды түрде шағым келтіре алады. Егер уәжді арыз жазса, оның ішіндегі уәждер тексеруге келсе, негізді болса, біз, заң қызметкерлері ретінде оны қанағаттандыруға міндеттіміз»,— дейді Атырау облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының бастығы Шыңғыс Нәсіпқалиев.

Осылай деп заңдылықтарды түсіндірген прокурор шағымданушыны жеке қабылдауына алып, анасы тағы да арыз жазып қалдырды.

Пікірлер