Жаңа саяси маусым халыққа сенім сыйлайтын кезеңге ұласа ма?

4297
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Бүгін 1 қыркүйекте дәстүрлі түрде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауымен жаңа саяси маусым бастайды. Сол қарсаңда үкіметтегі ауыс-түйіс туралы айтыла бастады. Тіпті кейбір телеграм арналарда нақты шенеуніктердің аттары аталып, кім кімді алмастыратыны желіде желдей есіп тұр. Осы туралы сарапшылардан сұрап көрдік.

Президент Тоқаев биылғы 9 тамызда жұмыс сапарымен Павлодар облысына барған кезінде өз Жолдауының негізгі бағыттарының бірін жария еткен еді.

«Біз мүлде жаңа жолға көшу үшін Қазақстанның экономикалық дамуына өте маңызды серпін беруіміз керек. Қазір шешуші тарихи сәт келе жатыр», «өзекті мәселелерді шешу қажет болғандықтан, халық бізден нақты шешімдер күтеді» деген.

«Халқымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету біздің еліміздің экономикасының дамуын тұжырымдамалық тұрғыдан қалай көретінімізге тікелей байланысты. Бұл жерде біз түбегейлі шешімдерсіз жасай алмаймыз. Еліміздің экономикалық дамуына зор серпін беруге бағытталған бұл аса маңызды істі бірге бастауымыз керек», - деген Президент Павлодарда.

Одан әрмен Тоқаев ел экономикасын байсалды түрде түбегейлі реформалау жөніндегі бастамалары туралы айтып өткен. «Үкіметтің міндеті – реформалар бойынша тиісті ұсыныстар беру» екенін еске салған.

Бұл ретте ел басшысы «экономистерімізге сын айтқанын» дипломатиялық жолмен анық аңғартты. «Менің ойымша, жұмыс аяқталмай жатыр, шығармашылық жоқ, біздің және жалпы мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді түсіну жоқ», - деген болатын.

Міне, осындай жағдайда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың жұмыстарына түрліше баға беруге болады. Премьердің ауысатын-ауыспайтыны не қазіргі Үкіметтің жұмысын одан әрі жалғастыратын-жалғастырмайтыны әлі белгісіз.

2022 жылғы 11 қаңтардағы Асқар Маминнің отставкасынан бері Қазақстан премьер-министрі қызметін Әлихан Смайлов атқарып отыр.

Алайда саясаткерлердің алдын ала болжамына сәйкес күздегі кезекті Жолдау мен одан туындайтын іс-шаралар айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Сонымен қатар, Үкіметтің отставкаға кетуі мүмкін деген қауесеттер де бүгінге дейін БАҚ беттерінде ашық жарияланып жүр. Тіпті сенімді пікірлер айтыла бастады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамас».

Осы туралы саясаттанушы Думан Қабдырахмановтан сұрап көрдік.

- Үкіметтің жаңа басшысы кім болуы мүмкін деп ойлайсыз?

- Үкімет ауысар болса жаңа басшы экономика саласынан болуы мүмкін. Себебі, елде инфляция мен жанармай мәселесі ушығып кетті.

- Ал жаңа премьерден не күтуге болады? Үкімет басшысын кімдер сайлауы мүмкін? Халықтың үніне құлақ асып жатыр ма қазіргі билік?

- Жаңа премьер Президент жолдауындағы қозғалатын мәселеге байланысты жұмыс жасайды деп ойлаймын. Үкімет басшысын президент тағайындайды. Қазіргі Үкімет ел үніне құлақ асып жатқан жоқ,- дейді саясаттанушы Думан Қабдырахманов. 

Тағы бір саясаттанушы Серік Белгібайдың пікірінше, халық бүгінгі Үкіметке сенім арта алмайды. Өз сөзінде саясаттанушы былай дейді:

- Шын мәнінде премьер-министр кім болатыны маңызды емес. Біз мұны өткенге көз жүгірту арқылы ғана біле аламыз. Бізде қанша премьер-министр болды? Көптеген. Олар әртүрлі адамдар болды және олар әртүрлі себептермен есте қалды. Бірақ олардың ешқайсысы туралы ол экономиканы көтерді немесе бүлдірді деп айту мүмкін емес еді. Экономикамыз мұнай экспорты мен мұнай бағасына тәуелді.

- Егер ауыс-түйіс болып, іс басына жаңа премьер келе қалса, одан не күтуге болады?

- Жаңа премьер-министр мен жаңа үкімет өте қиын жағдайда болады. Бұл, мысалы, мұнай бағасының тұрақсыздығына байланысты болуы мүмкін. Мұнай экспорты үшін де жоғары тәуекелдер бар. Мысалы, Ресей арқылы мұнай экспорттауда мәселе туындауы мүмкін,-дейді Серік Белгібай. Ол Ресей тарапынан төнер қысымның барын да жасырмады. 

- Путин күзде аймақ елдеріне барады деп күтілуде. Ресей бұл аймақты толығымен бағындыруға тырысады. Экономиканың өткір дағдарыста. Бағалар өсіп жатыр, ал теңге құлдырады. Ал, жаңа премьер-министр ештеңе істей алмайды. Өйткені біздің жүйе дағдарысқа бейімделмеген. Мәселен, Назарбаев кезінде үкіметтің бір де бір стратегиялық бағдарламасы орындалған жоқ! Сондай жағдайда қандай тиімділік туралы айтуға болады? Дегенмен Назарбаев кезінде, кем дегенде, бұл бағдарламалар жасалды. Бірақ ол кеткеннен кейін дағдарыстың күшеюіне қарамастан дағдарысты еңсерудің немесе одан шығудың бірде-бір бағдарламасы қабылданған жоқ. Бұл экономиканың еленбей жатқанын аңғартады. Барлық алаңдаушылық тек билік пен мүлікті қайта бөлісудің арасында өрістеп жатқаны жасырын емес. 

- Қазіргі атқарушы билік неге басымдық беруде?

- Қазір үкімет шын мәнінде ақша табудың орнына, жинақтау режиміне көшті. Бірақ мұндай экономика адамдарға әсер етеді. Мысалы, жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасы қысқаратын болды.

- Жаңа Үкімет басшысынан халық көбірек нені күтеді?

- Біріншіден, азаматтардың нақты табысы төмендеп жатыр. Нақты жағдайда, инфляция кірісті жейді, жалақы сол күйінде қалады. Осыны шешуі тиіс Үкімет мұнайдың ақшасын құюды ғана біледі. Қазір Ұлттық қорды жұмсағылары келмейді, себебі бар болғаны 50 млрд. Қаржы түгесіледі деп қорқады. Бірақ бәрібір оны жұмсауға мәжбүр болады. Президент өз жолдауында жағдайды жақсарту үшін қандай шығындар жұмсалатынын жариялауы мүмкін. Және кететін шығын Ұлттық қордың ақшасынан болмақ. 

- Үкімет ең бастысы нені ескеруі тиіс?

- Адамдар өмір сүру деңгейінің жоғарылауын емес, ең болмағанда болашақта қалай өмір сүретінімізді нық түсінуді қалайды. Бірақ мұндай түсіністік пен үміт болуы үшін билік сенім ұялата білуі керек. Бұл – басты шарт,-деп саясаткер Серік Белгібай сөзін қорытындылады. 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер