Түрмедегі азап. "Саяси тұтқын" Дәнебаевты ұрып жатқан видео тарады

1462
Adyrna.kz Telegram

Жаза мерзімін қамауда өтеп жатқан азаматтық белсенді Тимур Дәнебаевты түрме қызметкерлері ұрып жатқан видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды "Адырна".

Видеода шашы алынған, сотталғандарға арналған киім киген адам мен бірнеше түрме қызметкерінің қараңғы бөлмеде тұрғаны анық байқалады.
Ортада тұрған азаматтың кеудесіндегі оң жақтағы жазуда "Тимур Дәнебаев" деген есім болған. Видеода жазасын өтеушіге екінші біреу өктем дауыспен: "Түрме тәртібіне бағынбадыңыз, бірнеше рет ескерту жасалды, оны орындамай қойдыңыз" дейді де, қасындағы өзге адамдарға бұрылып: "Арнайы құралды қолданыңдар!" деп бұйырады.

Бұйрықтан соң түрме қызметкерінің киімін киген алты адам әлгі жазасын өтеушіні тас еденге етпетінен жатқызып, аяқ-қолын қайырып, күшпен ұстап отырады. Видеодан бір түрме қызметкері тұтқынның жанына тізерлеп отырып, арнайы құрал – резеңке таяқпен құйымшақтан төмен тұсты көздеп, бар күшімен құлаштап тұрып төрт рет ұрғанын байқауға болады.

Қатты тиген соққыдан тас еденде жатқан адамның жанұшыра айғайлағаны естіледі. Бірақ ұрып жатқан адам оны еш елемейді.

Жазасын өтеушіні азаптауға қатысты бейнеде оқиға Ақмола облысы Атбасар қаласындағы жаза өтеу мекемесінде 24 тамызда болған деп жазылған.

Қызметкер белсендіге «санитария-гигиена нормаларын сақтау» туралы міндетін айтып, күш қолдануға бұйрық берген. Видео соңында бұйрық беруші қызметкер белсендіге әкімшілік хаттама толтырылатынын айтады.

Таралған видеода тұтқынды ұруға қатысқан кейбір қызметкерлердің бет-әлпеті де анық көрініп қалған. Одан бөлек арнайы киімдегі біреуінің иығындағы аға лейтенанттың погоны да көзге шалынады.
Билік "қызмет өкілетін асыра пайдалану" фактісі бойынша тексеру бастағанын мәлімдеді.
Бірақ "саяси тұтқын" атанған Тимур Дәнебаевтың қазіргі жағдайы қалай екенін айтпады.

Пікірлер