Экономикалық қауіпсіздікке назар аударылды

1388
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы толығымен экономикалық мәселелерге арналды.

Президент ел экономикасын дамытуға қатысты нақты зерттелген, есептелген ауқымды жоба-жоспарымен таныстырып, бұл бағыттағы әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталды. Әрбір өзекті түйткілдің экономикамыздың дамуын қалай тежеп отырғанына мысалдар келтіріп, оны шешудің нақты жолдарын көрсетті.

Жолдауда ең алдымен ұлттық экономиканың құрылымына қатысты реформаның басты бағыттары ашық айтылды. Еліміздің экономикалық қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігі, ұлттық экономиканың ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төзімділігі алдыңғы қатарға шығарылды. Мұның себебі, қазіргі кезде геосаяси ахуал ушығып, әлемдік нарықта экономикалық тежелу анық байқалады.

Мемлекет басшысы «Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді» дей келе, барлық экономикалық жүйені шұғыл түрде түпкілікті қайта қарап, өзгерту жолымен ғана өркендейтінімізді қадап айтты. Экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін қандай қадамдар жасауымыз қажеттігін жіпке тізгендей етіп, егжей-тегжей түсіндіріп берді. Мысалы, жаңа өнеркәсіп саясатын жүргізіп, еліміздегі жұмысқа отандық шикізатты, тауар мен кадрларды пайдалану керектігін айтты. Шындығына келсек, қазір біз аулаларды абаттандыруға қажетті тауарларды (балалар алаңындағы құрал-жабдықтар) Ресейден тасымалдап отырмыз. Арзан жұмыс күші есебінде құрылысқа кадрларды Өзбекстан, Қырғызстаннан шақыртамыз. Бұл үрдіске тосқауыл қоятын кез келді.

Президент ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы маңызды мәселенің бірі – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Біз қазір қорғаныс өнеркәсібінде импортқа тәуелділіктен арыла алмай отырмыз. Әскери техниканы көршілес елдерден сатып аламыз. Президент өз әскерімізді заманауи әскери техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті өндірісті дамытуды бірінші орынға қойып отыр. Бұл орайда Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Бұл Жолдаудың екі жаңалығы – жаңадан екі министрлік құрылады. Президент экономиканың стратегиялық жағынан маңызы зор екі саласы – көлік-логистика және су шаруашылығын дамытуға айрықша тоқталды. Қазіргі таңда еліміз көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанына дәлел-дәйектер келтірді. Соның бірі – сын көтермейтін автожолдар құрылысы, осы саладағы жемқорлықтың артуы. Президент саланы тиімді басқару үшін Көлік министрлігі құрылып, оған жол инфрақұрылымын салу міндеті де қосылатынын айтты.

Кейінгі кездері баспасөзде жиі көтерілген мәселенің бірі – су. Өйткені күн сайын күллі әлемде судың құны да, маңыздылығы да бірнеше есеге артып барады. Халық саны өссе, суды да көбірек тұтынамыз. Соның бір дәлелі, елордадағы су мәселесінің бірінші орынға шығуы. Президент 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Суға келгенде трансшекаралық су көздеріне тәуелді болғандықтан әділ, тиімді су саясатын жүргізбесек, кейін бармақ шайнап қалатынымызды алға тартты. Бұл салада бізде мәселе шаш-етектен. Сол себептен Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, сала аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтінін сүйіншіледі.
Бұдан бөлек, Президент елімізде IT-саланы дамыту, экожүйеге дұрыс көзбен қарау, креативтік индустрия мен орта кәсіпкерлікті өркендету секілді түйткілі мол мәселелерге кеңінен тоқталды. Бұл жұмысты атқару үшін бізге бірлік, ынтымақ, ықылас, күш-жігер, отаншылдық сияқты қасиеттер қажеттігін айтты.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты

Пікірлер