СЕРІК ӘБІКЕНҰЛЫ: Мүфтият бірде көптің, бірде топтың сөзін сөйлеп, сансырап жүр.

1427
Adyrna.kz Telegram
Мини-мүфти
Өткенде бір аста болдық, ел-жұрт марқұм жайлы аздаған естелік айтқан соң имамға сөз тиді. Агрессия ұрып тұр, әй дейді әкесіндей қарттарға, Әй, сендер мешітке неге жиі келмейсіңдер, неге садақа бермейсіңдер! Өлгенде жиған-тергенің түкке жарамайды, жалаңаш кетесің!
Сонда деймін имам жалаңаш кетпей ме, мешітке садақа жинаудың керегі не, жалаңаш кететін болсақ бәріміз қазірден жалаңаш жүре берейік?! Моллекеңдер бастасын. Халықтан алған әр тиынды Алланың канцельяриясына тіке жеткізіп, Жаратушының соған өтеген мейір-шапағатын қолынан алып, кері әкеліп, төбеңнен құярдай екіленетіндерді түсінбеймін. Біраз ұрсып алған моллекең өздігінен аруақ тақырыбына ауып кетті. Әй, қараңғы көрге кірерде өзіне көмектесе алмаған адам сендерге қалай көмектеседі, одан неге сұрайсыңдар, әруақ деп күнәға батпаңдар! - деді.
Мм. Молдекеңнің өзі мини-мүфти местного значения! Мұсылмандар руханиятына жауапты жанның тән мен жанның айырмасын ұқпай тұрғанында шаруасы жоқ, көр мен марқұмды, тыңдаушыны біраз мыжыды. Оған Наурызбай қажы Тағанұлының «Қазақы дүниетанымда әруақты құрметтеу, марқұмдардың әруағына Құран-дұға бағыштау, әруақ қолдасын, желеп-жебеп жүрсін дегеннің барлығы шариғатымызда рұқсат етілген, шариғатымыз тыйым салған дүниелер емес. Мұны жақсы түсінуіміз керек», – дегені түк емес.
Мына мүфти мықты ма, мини-мүфти мықты ма?
Шағын ауылдардағы мұртсыз молдекеңдерге ие бола алмаған мүфтияттың ақшалы ағымдардың магнат-уағызшыларына сөзі де, сесі де өтеді дегенге күмән бар. Содан барып қыз-келіннің шашын былай қойғанда құлпытасты сөз етіп, атаңның басымен алысатындар көбейіп барады. Құранның әуен екенін ұқпай әнмен, домбырамен алысады. Оларға салсаң музыкалық трактаттар жазып, аспап зерттеген әл-Фараби нағыз кәззаптың өзі. Оның мұрасын жалғап жүрген Нұржан, Рамазан, Ерлан, Еркіндерді ел алдында жазалау керек. Қазақ жырламасын, билемесін, күлмесін, ішпесін-жемесін, мінбесін…
Негізі дін өте нәзік тақырып, тек болмысқа шабуыл үдеп барады. Бақылаудан шығып кеткен секілді, бастырмалау үдеп барады. Мүфтият бірде көптің, бірде топтың сөзін сөйлеп, сансырап жүр.

 

 

 

 

 

Пікірлер