Жер дауы. Шымкетте шенеунікке сеніп жерінен айырылған азамат жолды жауып тастады

1849
Adyrna.kz Telegram
Шымкент қаласының тұрғыны жолды екі жағынан жауып тастады. Шенеуніктердің сөзіне сеніп, өз жерінен айрылуы бұған себеп болған. Соның салдарынан қалада көлік кептелісі болып, автобустар мен жедел-жәрдем жүре алмай қалды. Жол түскен аумақты төрт жыл бұрын әл-Фараби ауданының әкімдігі алғаны хабарланды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

КТК телеарнасының хабарлауынша, кәсіпкер шенеуніктердің сөзіне сеніп, ақырында опық жеген. Атап айтқанда, шенеуніктер ауыл шаруашылық мақсаттағы жердің құжаттарын үш айда реттеп, сатып аламыз деп айтқан. Алайда кәсіпкерге ешқандай ақша бермеген. Есесіне жерге тас жол төселген. Енді ақшасын даулаған кәсіпкер көшенің екі басына тас төгіп, қозғалысты жауып тастады.

Мал асырап, төрт түлігіне осы жерден жем-шөбін дайындаған кәсіпкерге тиесілі телім төрт жыл бұрын әкімдіктің балансына өткені белгілі болды. "Астанадан премьер-министр келе жатыр, тезірек жол төсеуіміз керек" деген шенеуніктер құжаттарын үш айда рәсімдеуге уәде береді. Бірақ одан бері талай жыл өтсе де, бірде-бір теңге төлемеген. Сондықтан кәсіпкер ұзындығы 750 метрлік учаскенің үстіне түскен асфальт жолға тас төгіп, қозғалысты жауып тастады.

Жол жабылысымен, көлік кептелісі болды. Бұған қатысты жолды жапқан кәсіпкер Бақытжан Ошақбаев:

"Сіздің жеріңізден осы жолдың бойына біз асфальт жол салайық, рұқсат беріңіздер біз барлық заңды тиісті құжаттарыңызды рәсімдеп береміз, өтемақы төленеді, айырып алу болып саналады деп уәдесін берді. Біз ол аудан әкімдігінің сөзіне сенгендіктен, рұқсатымызды бердік. Жер біздің өзіміздікі, өзіміздің құқымыз бар, асфальттың бәрін қопарып тастаймыз, сөйтіп өзімізге, кәсібімізге, мақсатымызға пайдаланамыз, бұл амалдың жоқтығынан", - деп пікір білдіреді.

Кәсіпкердің уәжіне шенеуніктер жауап қатты. Олар жолдың құжаттарын ретке келтіретінін айтқан:

"Қазір есептеу процесі жүріп жатыр. Көлік басқармасы қағаздарын рәсімдейді, құжаттары қалай бітеді, осы аптада бағалау жұмыстарын жүргізіп, заңға сәйкес, ақысын төлеп береді", - деді әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев.

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер