БҚО Қоғамдық даму басқармасы "Адырнада" жарияланған мақалаға қатысты пікір білдірді

1832
Adyrna.kz Telegram

11 қыркүйек күні Aдырна ұлттық порталында «БҚО Қоғамдық даму басқармасының жаңа басшысы жұмысын кресло сатып алудан бастады»  деген тақырыппен мақала жарияланған еді. Сол материалға қатысты Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметі пікір білдірді, - деп хабарлайды Адырна порталының тілшісі.

Басқарманың баспасөз қызметі облыстық мекеменің материалдық-техникалық базасын түбегейлі нығайту керектігін мәлімдеген.

"Қоғамдық даму басқармасының кеңсе жиһаздары 2003-2004 жылдары сатып алынған және бүгінгі күні жиһаздың тозуы - 95 пайызға жеткен" дейді аталған мәлімдемеде.

Сол себепті осы жылдың басында қызмет ету мерзімі 20 жылдан асып кеткен бірқатар құрал-жабдықтарға мемлекеттік сатып алу әдісімен конкурс өткізу мүмкіндігі қарастырылған.

"Оның ішінде, басшы креслосы (құны 200 мың теңге), жұмыс бабында пайдалану үшін телефон-коммутатор (құны 150 мың теңге) және басқарма қызметкерлері жұмыс бабында қолдану үшін 4 айға автокөлікті жалға алу (құны 1,081 мың теңге) секілді тендер жарияланымдары бар".

Автокөлікті жалға алуға қатысты мемлекеттік сатып алу басқарманың балансындағы 2017 жылғы Renault logan автокөлігі жұмысқа мүлдем жарамсыз болып қалуына байланысты жарияланған. Сонымен қатар, баспасөз қызметі жоғарыда көрсетілген мемлекеттік сатып алуларды өткізудің мүмкіндігі бұрыннан қарастырылып келе жатқанын мәлімдеген.

Ресми жауапта: "Аталған құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарлы түрде және ҚР Қаржы министрлігінің 2016 жылғы 10 ақпандағы №59 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылды" делінген.

БҚО Қоғамдық даму басқармасы мекемедегі жиһаздардың 95 пайызын жаңарту мақсатында 2024 жылғы бюджеттік комиссияға өтінімдер дайындап жатқанын да тілге тиек еткен.

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер