“Дайын екендеріңізді көрсетіңіздер". Тоқаев ірі бизнесмендерге үндеу тастады

2088
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қыркүйек күні еліміздің ірі бизнесмендерімен жолығып үндеу тастады. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Президент өз жолдауында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруды ұсынғанын еске салды. Айтуынша, экономикамыздың көшбасшылары индустрияландырудың қозғаушы күшіне айналып, соңынан өнеркәсіппен айналысушы кәсіпкерлердің жаңа толқынын ілестіре алады.

Мен металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда, кем дегенде, 15 ірі жобаны іске асыру міндетін жүктедім. Бұл – мемлекеттің де, бизнестің де міндеті. Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі. Бұған қоса, мемлекет тағайындаған менеджерлер де тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Сондықтан еліміздің әлеуетті ірі бизнес өкілдеріне үндеу тастағым келеді. Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер, - деді Тоқаев.

Одан бөлек, адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болатынын да атап өтті.
Ашығын айтайын. Жоғары да айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз бұрын-соңды ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек, - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ол үкімет экономиканы әртараптандыру үшін ірі бизнестің бүкіл қаржылық, технологиялық және кадрлық әлеуетін жұмылдыруы қажет екенін айтты.

Пікірлер