Мешіттегі қолжазбалар мен кітаптар қамқорлыққа зәру

1811
Adyrna.kz Telegram

Семейдің ескі мешіттерінің бірі Бір мұнаралы мешітте сақтаулы тұрған қолжазбаларға қамқорлық қажет. Әзірге ресми тіркелмеген көне кітаптар мен қолжазбалардың сақталуы сын көтермейді.

Семейдің Татар кварталы аталатын бөлігінде орналасқан Бір мұнаралы ағаш мешітінде біршама қолжазбалар сақталған. Бұл қолжазбаларды жанашыр жандар осы қаладағы бірнеше мешіттерде және жеке коллекцияларда сақталған қолжазбаларды жинап осы мешітке әкеліп өткізген екен. Әр жерде шашылып жатқанша бір жерде сақталса деген ниеттен туындаған бұл ой – құптарлық қадам. Бүгінгі таңда бұл қолжазбаларды арнайы зерттеп жүрген адам жоқ деуге болады. Арасында қызығушылық танытқан адамдар келіп оқып тұратынын да айта кеткен жөн.

Бір мұнаралы ағаш мешітте сақталған қолжазбалардың саны біршама. Ішіндегі кейбір қолжазбалар үгітіліп кеткендіктен түйіншектерге түйілген күйде сақтаулы. Түйіншектің ішінде бір қолжазба ма, әлде екеу ме, оны анықтау мүмкін болмады. Мешіттегі үш жүзге жуық кітаптың бәрі қолжазба емес, арасында литографиялық сирек кездесетін кітаптар да бар. Бұл қолжазбалардың негізгі бөлігі араб тілінде жазылған.

Араб тіліндегі қолжазбалардың негізгі бөлігі Құран Кәрімнің тәпсірі, хадистер, діни хикая-дастандар және фиқхқа қатысты шығармалар. Құран Кәрімнің отыз парасын отыз бөлік етіп көшірген нұсқасы да кездеседі бірақ барлық паралары сақталмаған. Сонымен қатар, Құран Кәрімнің отызыншы парасындағы әрбір сүре жеке, кішігірім қолжазба ретінде көшірілгендені де бар. Бұлардың көлемі кішігірім, яғни қалтаға сиып кететін көлемде жазылған. Араб тіліндегі Құран тәпсірлерінің өзі бірнеше және көбісінің авторлары белгісіз.

Қолжазбаның басы мен аяғы жоғалғандықтан авторларын анықтау қазірше мүмкін болмады. Бірақ ішінде «Ибн Аббастың тәпсірі» деп кирилл әрпімен жазылған үш томдық тәпсірдің бір емес екі бірдей данасы сақталған.

Сонымен қатар араб тілінің грамматикасына арналған оқулықтар да бар. 1983 жылы бірқатар қолжазбалар жүйеленіп ретке келтірілген екен. Әрқайсысын номерлеп, мүмкін болғанша атын жазып жүйеге салуға тырысқан. Бірақ бұл жұмысты кім істегені қазірше белгісіз. Араб тіліндегі қолжазбалардан басқа бұл мешіттегі қолжазбалардың ішінде түрік және парсы тіліндегі қолжазбаларды да кездестіруге болады. Әрине, олардың саны араб тіліндегі қолжазбалардан аз. Түрік тіліндегі қолжазба дегенде бірден не шағатай түрік, не татар тілінде деген стереотип бар екені жасырын емес.

Бірақ шағатай түрік деген атаудың қате атау екендігі көптен бері айтылып жүргенін ескере отырып, Орталық Азия елдеріне ортақ түрік тілінде жазылған қолжазбалар деп қарапайым сөзбен жеткізгенді жөн санадық. Ал татар тіліндегі қолжазбалар дегенге келсек, бұл қолжазбаларды сол кезде татар да, қазақ та, башқұрт та өзбек те оқыған. Араб жазуындағы шығармаларды түрік халықтарының әрқайсысы өз тілінің жатығына салып оқығаны белгілі. Сондықтан бұл қолжазбалардың міндетті түрде татар тілінде екенін дәлелдейтін нақты құжат та, дәлел де жоқ.

Сонымен қатар қолжазбалардың ішінде Қазандағы типо-литографиядан жарық көрген литографиялық кітаптар да бар. Татар тіліндегі қолжазбалар деп айтуға себеп болған жайдың бір ұшы осы жерге келіп тірелсе керек. Қазанда бірқатар типо-литографиялар мен литографиялар Ресей патшалығының рұхсатымен түрлі еңбектерді жарыққа шығарып отырған. Олардың ішінде араб, парсы және түрік тілдеріндегі діни, әдеби, сөздік, фәлсәфа, аударма әдебиет, оқулық, тарих, астрономия және басқа да тақырыптарда жарық көрген кітаптарды кездестіруге болады. Ол үшін Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент, Душанбе және Алматы қалаларындағы сирек қорларда сақталған сирек кездесетін араб, парсы және түрік тілдеріндегі кітаптардың каталогтарына жүгінсек жеткілікті.

Бір мұнаралы ағаш мешітте сақталған парсы тіліндегі барлық қолжазбаларды көріп шығу қысқа уақытта мүмкін болмады. Бір дегенде көзге түскен бірнеше еңбек туралы қысқаша мәлімет бере кетсек.

Парсы тіліндегі қомақты шығарманың бірі «Фауаийд әл-Зиайиа» шығармасы. Бұл шығарма «Шәрх-и Мулла Жәми» деген атпен кеңінен танылған. Бұл еңбектің авторы танымал парсы ақыны әрі ғұламасы Әбдірахмн Жәми (1414-1492). Жәми араб тілінің грамматикасына арналған Ибн әл-Хажибтің «әл-Кафия» атты еңбегіне (Нәхв) түсініктер (шәрх) жазып оны өзінің ұлы Зиауддин Юсуфтың атымен «Фауайид әл-Зиайиа» деп атаған. Әбдірахман Жәми араб тілін жақсы білгендіктен осы тілді үйренушілерге арнап түсініктер жазу арқылы тіл үйренуді жеңілдетуге тырысқан.

Аталмыш еңбек араб тілін үйренуші парсы тілдестердің арасына кең тараған, атап айтқанда Үндістан мен Орталық Азия елдерінде оқулық ретінде қолданылған. Семейдегі ағаш мешітте сақталған «Шәрх-и Мулла Жәми» шығармасы Бомбейдегі Хайдар литографиясынан жарық көрген. Соңғы парақтары жыртылғандықтан жарық көрген жылы белгісіз. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бұл еңбектің қолжазбалары көп сақталған және 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында Үндістандағы литографиялардан бірнеше рет жарық көрген. Осы кітапқа деген сұраныс болғандықтан жиі жарық көріп отырғандығын ирандық ғалымдар жан-жақты зерттеп бұл туралы бірқатар еңбектер жазып тастаған. Сонымен қатар зерттеушілер Әбдірахман Жәмидің парсы тілдестерге араб тілін үйретудегі еңбегіне жоғары баға берген. Бұдан басқа литографиядан жарық көрген тағы бір парсы тілінде жазылған сирек кездесетін кітап бар. Ол кітаптың аты «Кимийа-йи саадат» (Бақыттың әл-химиясы), авторы – танымал философ Әбу Мұхаммад әл-Ғазали (1058-1111). Бұл шығарма да Бомбей қаласында Фәтх әл-Кәрим литографиясынан 1300/1882 жылы жарық көрген. Әл-Ғазалидың бұл еңбегі философиялық еңбек екені баршаға белгілі.

Сондай-ақ мұндай еңбекті оқу, түсіну көптеген дайындықты талап ететінін айта кеткен жөн. Соған қарамастан бұл еңбек қолжазба түрінде және кейіннен литографиялық басылым ретінде парсы тілінің әсері болған аймақтардың бәріне кең тараған. Әл-Ғазалидің парсы тілінде жазылған бірегей еңбегі болып саналатын бұл шығарма парсы тіліндегі философиялық терминдер мен ұғымдардың қалыптасуына ерекше әсерін тигізген. Көріп тұрғанымыздай Семейдегі ағаш мешітте сақталған қолжазбалардың ішінде тек қана біріңғай діни еңбектер емес, ғылыми шығармалар да бар екенін көреміз.

НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?

Біріншіден, бұл қолжазбалар мен сирек кітаптар негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар көп болған, көп сақталған, ал солтүстік, шығыс және т.б. өңірлерде аз деген көзқарасты жоққа шығаруға дәлел бола алады. Соңғы кездері мұндай қолжазбалар Көкшетау, Қызылжар және Семейден жиі табылып жатқанын да айта кеткен жөн. Ағаш мешіттегі қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар үш тілде жазылған. Үш тілді білу, үш тілдегі әдебиетті пайдалану бір кездері әдеттегі жағдай болғанын көреміз. Әрине, әркім өз шамасы жеткенше ана тілінен басқа арабша, парсыша білген деген ойға тоқталамыз.

Екіншіден, кеңес үкіметі құрылғанға дейін жергілікті халық сауатсыз, тиісінше білімсіз болды деген көзқарасты жоққа шығаратын осы жазбаша мұралар. Қалайша араб, парсы және өзінің ана тіліндегі еңбектерді оқи алған және балаларға оқытқан адамдарды сауатсыз және білімсіз деп айтуға болады? Жалпы орыс тілін білмегеннің бәрін сауатсыз деп атауға болады ма екен? Онда Омар Хайям да, Хафиз да, Руми де, әл-Ғазали, Ибн Сина және т.б. ғұламалар мен ақындар сауатсыз болып шығары анық.

Үшіншіден, осы қолжазбалар мен сирек кітаптарды көшірушілер, түптеушілер және тапсырыс берушілер де негізінен жергілікті және көршілес аймақтың адамдары екенін ескеру керек. Қысқа уақытта қарап шыққан қолжазбалардың көбісі «Семейфулад» жерінде көшірілгенін білдік.

Демек, бұл еңбектер жергілікті халық тарапынан сұранысқа ие болған және сұранысқа қарай семейлік көшірушілер көшіріп отырған, бәлкім көшірушілерді Семейге шақырып көшіртетін болған. Қалай болғанда да Семейфулад шахарында көшірілген деген мәліметтің өзі маңызды дерек.

ҚАЙДА САҚТАЛУЫ КЕРЕК?

Бірінші кезекте бұл қолжазбалар мен сирек кітаптарды қайта қалпына келтіру керек. Бұндай жұмыстар, яғни реставрация жасау жұмыстары қазірше Алматы және Астана қалаларында жасалады. Реставрация жасалған соң жазба мұраларды арнайы жасақталған қорда сақтау керек болады. Қордағы температура 17-18 градус және әлемдік стандарт бойынша бұл қорға күннің көзі түспейтін болуы керек. Жалпы қолжазбаның жауы көп.

Ол дегеніміз жарық, күннің сәулесі, ыстық ауа, аса суық ауа, ылғалдық, өрт және олақ оқырманның не адамның өзі кез-келген қолжазбаның тоз-тозын шығаруы мүмкін. Жалпы алғанда қолжазба өте нәзік дүние және ерекше күтімді қажет етеді. Осыны үйінде қолжазба не сирек кітаптарды сақтап отырған әрбір азамат білсе екен деген тілегіміз де бар.

Сондықтан қолжазбалар мен сирек кітаптардың орны бірінші кезекте арнайы жабдықталған Қазақстан Республикасының Ұлттық Кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры деп айтуға болады. Ұлттық кітапханадан басқа бірнеше кітапханада қолжазба сақтауға жағдай жасалған. Ал өңірлердегі кітапханаларда осындай мүмкіндік бар ма дегенге келсек, Семейдегі Абай атындағы облыстық кітапханасында реставрация және консервация бөлімі жоқ. Тиісінше қолжазабалр мен сирек кітаптарды сақтайтын арнайы температурамен жабдықталған орын да жоқ.

Семейдегі Бір мұнаралы ағаш мешітте сақталған қолжазбалар мен сирек кітаптардың рұхсаты осы мешіттің бас имамының қолында. Имамның айтуынша жеке тұлғалар үйлеріндегі қолжазба мұраларын осы мешітке аманатқа берген. Аманатқа көздің қарашығындай қарау – мешіттің міндеті. Сондықтан бүгінгі таңда мешітте жөндеу жұмыстары жүргізілуде және жөндеу жұмыстарымен бірге мешіттің бір бұрышынан музей ашпақ жоспарлары бар. Арнайы витрина шкафтар дайындап қолжазбаларды сонда орналастырмақ. Бұл істің бәрі құптарлық әрі адам сүйсінерлік қадам.

Дегенмен қазірше мұқабасы бар, ұстауға келетін қолжазбаларды музейге қояр. Бірақ үгітіліп кеткен түйіншектің ішіндегі қолжазбалардың тағдыры не болар екен. Одан тыс реставрация жасалмаған, түптелмеген, беттері реттелмеген, аты да авторы да белгісіз қолжазбалар мен сирек кітаптарды музейде қанша жыл сақтауға болады? Мәселеге жан-жақты қарайтын болсақ, музей ашу арқылы мешіт ұжымы қолжазбалардың бәрін сақтап қала алмайтынын байқаймыз және мәселенің осымен шешілмейтіні белгілі болады.

Осы тұрғыда қолжазбалармен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп жұрген маман ретінде бірнеше ұсынысымыз бар. Бір мұнаралы ағаш мешіттің басшылығы реставрация және консервация бөлімі бар кітапханалармен тығыз байланыс орнатуы қажет. Оның сыртында ҚР Ұлттық кітапхана басшылығы мен басқа да қолжазба орталықтары жеке коллекцияларда сақталған қолжазбалар мен сирек кітаптарды анықтап, тізімге алып келісім-шарттар жасауға бірінші болып өздері қадам жасаулары керек.

Әрбір қолжазба иесіне алғыс хаттан басқа кішігірім болса да сый-сияпатын жасап ел ішіндегі қолжазбалардың бәрін жинақтайтын уақыт келді. Ал жеке коллекционерлер немесе мешіттер қолжазбаны сақтайтын орны жоқ әрі зерттейтін адамы жоқ болған жағдайда жазбаша мұраны кітапханаларға өткізу арқылы үлкен сауапты іс жасайтыны анық. Егер мешітке қолжазбаны аманатқа беруге болса, кітапханаға неге аманатқа беруге болмас!

Қолжазбалар мен сирек кітаптардың орны сөз жоқ кітапхана. Кітап не қолжазба бірінші кезекте оқырманға мұхтаж. Егер оны ешкім оқымаса, қолжазба өлі дүниеге айналады. Қолжазбалар мен сирек кітаптардың әрқайсысы ғасырлар қойнауында қалған әртүрлі адамдар туралы сыр шертеді.
Атап айтқанда кітаптың авторы, мазмұны, көшірушісі, жазылған қаласы, тапсырыс беруші, мұқабашы, түптеуші, оны алғаш оқыған адам, кейінірек оқыған адамдар, демеуші болған адам, сатып алған адам және т.б. көптеген мәліметті сақтайды. Осының бәрін анықтау арқылы ең аз дегенде 19-20 ғасыр басындағы қазақ даласындағы оқу-ағарту істері жайлы, халықтың сауаттылығы пен білім деңгейі, көзқарасы, танымы туралы орасан мол мәлімет аларымыз анық. Бұл жұмыс бір күннің және бір мешіттің не болмаса бір зерттеушінің жұмысы емес. Бұл жұмыс жазбаша мұраны сақтауға мүдделі үлкен ұйымдасқан жанашыр топтың ортақ жұмысы. Бұл топқа зерттеуші де, кітапханашы да, имам да қарапайым адам да кіріп өзіндік үлесін қоса алады. Ең бастысы ортақ мүдде үшін жұмыс істеуге деген шын ниет болса, жеткілікті. Ортақ мүдде – қазақ даласында сақталған жазбаша мұраны сақтап қалу және оның бәрін тізімге алып, каталогтарын жасап, реставрациядан өткізіп болашақ ұрпаққа аманатқа қалдыру. Бүгінгі жастар мен болашақ ұрпаққа ата-бабаларының кемінде үш тілді білгенін түсіндіру үшін де бұл мұраларды бірінші кезекте сақтап қалу, екінші кезекте зерттеу қажет.

Жуырда ғана Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті мен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталғы (ИРСИКА) бірлесе отырып «Қазақстандағы қолжазба қорлары: сақтау және зерттеу» атты халықаралық семинарында Қазақстандағы қолжазба қорларына қатысты бірқатар стереотиптер мен тағы да басқа мәселелер қозғалды. Семейдің Бір мұнаралы мешітіндегі ғана қолжазбалар мен сирек кітаптардың кітапхана қарауынан тыс қалуы тиісті мәселенің маңызды екенін көрсетеді. Ал ел ішінде мұндай мысалдар қаншама?! Бірақ уақыт ешкімді күтпейді...

Ғалия Қамбарбекова
шығыстанушы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушысы

Пікірлер