7,5 жылға сотталды. Астанада банк тонауға әрекеттенген азаматқа үкім шықты

1605
Adyrna.kz Telegram
Фото: КазТаг
Фото: КазТаг

2023 жылдың 18 маусымында Астанада Kaspi bank бөлімшесіне шабуыл жасаған ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы істі қараған Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абинур Қарабаев оның кінәсі дәлелденгенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сот үкімімен Әлихан Мурадов 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Әлихан Мурадов қылмыстық кодекстің 261-бабы 2-бөлігі 8 және 9 тармағы бойынша кінәлі деп танылсын және оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалсын, - деді судья Абинур Қарабаев.

Бұған дейін жарыссөз барысында прокурор оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жазаны жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушының кінәсін мойындауы және тергеуге көмектескені ескерілді.

Еске салсақ, 18 маусымда Астанада қаруланған ер адам банктердің бірінде қызметкерлерді кепілге алған болатын. Полиция кейіннен шабуыл жасаған ер адамды ұстап, қызметкерлерді ғимараттан шығарды.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұрын бірнеше мәрте қылмыстық жауапқа тартылған 1993 жылғы Жамбыл облысының тумасы Мурадов 2013 жылдан есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұр.

Пікірлер