Екі министрлік де Екібастұздағы жағдайдың биыл қайталану қаупі бар екенін мойындады

1722
Adyrna.kz Telegram

Өнеркәсіп және энергетика министрлігінің басшылары көптеген қазақстандықтарды алаңдатқан сауалға жауап берді. "Қазақстанда Екібастұздағы жағдай қайталана ма?" деген сұраққа қатысты ашығын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Zakon.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тоқталды.  Жылу беру маусымы қарсаңында жергілікті жерлерде бақылау күшейтілгенін айтты.

"Біз әкімдіктерден келетін хабарламаларға сүйеніп қана қоймаймыз, оған қоса жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан негізгі нысандарды тексереміз", – деді министр.

Жылу маусымындағы "таңғажайыптар" қаупінің төніп тұрғанын энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов те жоққа шығармады. Министр орынбасары жаңа жылу беру маусымына дайындық кезінде қауіптің әлі сейілмегенін ашық мойындады.

"Өкінішке қарай, жылу электр орталығы бар орталықтандырылған жылу жүйесі бар қалалардың барлығына осындай қауіп төніп тұр. Біз ерекше бақылауға алынған қалаларды атадық - бірінші кезекте өткен жылы қиындыққа ұшыраған қалалар және жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатқан жылу электр орталықтары бойынша. Жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтеді деп сенеміз", – деді ол.

Жандос Нұрмағанбетов алдағы жылыту маусымына қатысты ешқандай кепілдік бере алмайтынын айтты. Оның айтуынша, министрлік Маңғыстау облысы, Ақтау, Жезқазған қалаларын ерекше бақылауға алған.

"Бізді МАЭК алаңдатады. Теміртау қаласы бойынша да кешеуілдеп жатыр, атап айтқанда ЖЭО-2 АМТ бойынша. Екібастұзда жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталды. Менің ойымша, онда биыл бәрі қалыпты өтеді. Риддер қаласы бойынша қаржыландыру кеш жүрді, ол жақта қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Алғашқы екі қазандықты қыркүйек айының соңына дейін аламыз деп отырмыз", –деді вице-министр.

Орайы келгенде айта кетейік, жылу беру маусымына қатысты көңіл көншітпейтін ақпараттар БАҚ-та жиі сөз болады. Атап айтқанда, Қазақстанда он бір жекеменшік ЖЭО-дағы жағдайдың қиын екені хабарланып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер