Сейфуллиннің қылмыс­тық ісі 20 минутта қаралып бітсе, Майлиннің тағдыры небәрі 15 минутта шешілген.

2245
Adyrna.kz Telegram

Сейфуллиннің қылмыс­тық ісі 20 минутта қаралып бітсе, Майлиннің тағдыры небәрі 15 минутта шешілген.

БКП (б) ХVII съезінде (1934 ж. 26 қаңтар-10 ақпан) бұрынғы ескі лениндік кадрлар арасында Сталинді Бас хатшы қызметінен басқа жұмысқа ауыстырған жөн болар деген сияқты пікір айтыла бастап еді, С.М.Кировтың қазасын сылтау етіп, елде репрессияның жаңа толқыны пайда болды. «Ленинградтық», «мәскеулік», «троцкийшіл-зиновьевшіл» деген антисоветтік топтар «өмірге келді». Ашық сот процестері ұйымдастырылды.

Қызыл қасап.
Қызыл қырғын қазақ жеріне де жетті. Мәселен, 1937 жылдың ортасында Қазақстан Орталық партия комитетінің құрамында мүшелері, мүшелікке кандидаттары, ревкомиссия мүшелері – барлығы 131 адам болса, жыл аяғына дейін соның 61-і ғана тірі қалған.

1937-жылдың 2 шілдесінде БК(б)П Орталық Комитетінің пленумы өтіп, репрессия науқанын одан әрі күшейту туралы қаулы қабылданды. Осыдан кейін өңірлік органдар партия тапсырмасын орындау мақсатымен шамамен қанша «антисоветтік элементті» жауапқа тарту қажеттігін ескертіп, орталыққа сұраныс жібере бастады.

Жау элементтері дегендерді жауапқа тарту үшін арнайы жоспар жасалды. 1937 жылы Қа­зақстан бойынша лимит мынадай еді: 1-категория бойынша (ату жазасы) 2500, ал 2-категория (8-10 жылға сотталатындар) 5000 болатын. Нәтижесінде жоспардан тыс 14500 адам қылмыстық жазаға ұшырады (оның ішінде 1-категориямен атылып кеткендер 9500), ал қалған 12500-і 8-10 жылға сотталды. НКВД бастығы Л.Залин Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталып, қызметі өрлеп, Мәскеуге ауысты. Оның орнына С.Реденс тағайындалды. Қызыл террор қарқыны одан сайын күшейді.

Солай бола тұра, орталықтан Алматыға арнайы келген КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегия­сының көшпелі сессиясының үкімімен 1938 жылдың 25 ақ­паны мен 13 наурызға дейінгі аралықта (айналасы бір-екі аптаның ішінде) 631 адам оққа ұшты. Күн сайын орта есеппен 43 адам атылған. Бұл – тек қолда бар бір ресми құжатқа ғана кірген деректер. Жаппай қыру 25 ақпанда басталып (Сәкен атыл­ған күн), сол күні 39 адам жарық дүниемен қош айтысқан.

Сәкен Сейфуллиннің қылмыс­тық ісі 20 минутта қаралып бітсе, Бейімбет Майлиннің тағдыры небәрі 15 минутта шешілген.

Сәкенмен сол күні бірге кімдер атылды десек, олар мыналар – Санжар Аспандияров, Құ­дайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Сейітқали Меңдешев, Ұзақбай Құлымбетов, Ғаббас Тоғжанов т.б. Ал келесі күні, 26 ақпанда оққа ұшқандар: Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Аспандияр Кенжин, барлығы – 37 адам. Бұл озық ойлы қазақ зиялыларына, халқымыздың ақыл-ойының қаймағына тура келген кесапат еді.

С.Кировтың қазасынан кейін 1934 жылдың 1 желтоқсанында арнайы құжат қабылданған. Бұл ақ патшаның премьер-министрі П.Столыпин енгізген әскери-далалық соттар ережесінің көшірмесі еді. Осыған орай арыстарымызды ату туралы үкім ұлы Сталин бекіткен заңның талабына сай қолма-қол орындалды. Сот процесіне куә­­лер шақырылған жоқ, про­ку­рор мен адвокат қатысты­рылмады. Айыпкерлерден өтініш-шағым қабылданбады. Сөйтіп, жай азаматтарды әскери трибунал соттады.

Шындығында, Мәскеу белгілеген саяси науқан пәлендей қиындықсыз жүзеге асырылып еді десек, мұнымыз шындыққа жанаспас еді. Өйткені жазықсыз абақтыға қамалып, кінәларын мойындамай, қарсылық көрсеткендер де аз емес еді. Ондайларға сес көрсетіліп, бастарына әңгір-таяқ орнатылды.

Сол кезеңде (1937-1938 ж.) Алматыдағы НКВД абақтысында отырғандардың хал-жағдайын қиындатып, оларға зор­лық-зомбылық көрсеткендердің бірі – Зернов Александр Федорович. Лақап аты – «Сашка колун». Жас, денелі, күш-қуаты мол жі­гіт. Айыпкерден қажетті жа­уапты ала алмай қиналған кезде тергеуші «Саша, зайди» дейтін көрінеді. Ол бөлмеге неге ша­қыр­ғанын біледі, кірісімен бал­ғадай сом жұдырығымен айыпкерді бас-көз демей төмпештей бастайды. Қалжырады-ау деген кезде тергеуші өздері жазған хаттаманы ұсынады, айыпкер қолын қояды. Сөйтіп жүріп мансабы өседі. Тіпті, МҚК-нің Қызылорда облыстық басқармасының орынбасары бола жаздайды. Бірақ «Сашка-колунды» білетін біреулер оны астанада жүргенін көріп, бұл хабар сол жылдары Қазақстанда 1-хатшы болған Л.И.Брежневке жетеді. Зернов қызметтен қуылып, мансабы осылай аяқталған екен.

Тұтқындарды азаптап, ұрып-соғу туралы Сталиннің нұсқауы болыпты. Әңгіме ұлттық республикалардың, өлкелер мен облыстардың бірінші хатшыларына ұлы көсем жолдаған жеделхат туралы. Мұнда Сталин: «Тұтқындарды азаптап, ұрып-соғу әдісін НКВД 1937 жы­лы БК(б)П Орталық Комите­ті­нің рұқсатымен бастағанын баяндайды… БК(б)П Орталық Комитеті азаптау, ұрып-соғу тәжірибесін ерекше жағдайда ашықтан ашық және қарсы күресті тоқтатпаған халық жау­лары үшін қолданылуы әбден дұрыс және бұл қажетті әдіс деп есептейді» деген.

Сталин мақұлдаған бұл шара жау элементтерін құртуға игі ықпал жасады. Ешқандай ас­тыр­тын ұйымға қатысым жоқ деп күні кеше азар да безер болғандар енді «мен троцкийшілмін, ұлтшылмын, қылмыс­кермін» деп жаппай мойындай бастаған. Неше түрлі қиял ғажайып әңгімеге қол қояды. Неге? Өйткені бұл – екі жаққа да тиімді әдіс. Бұлай жасаса, айыпкер уақытша болса да азаптан құтылады. Жан тәтті. Ал тергеу­шілер нағыз қылмыскерлерді ұстадым, сазайын бергіздім деп басшылары алдында абыройы артып, мансабы өседі.

Осыған орай бірер мысалға назар аударайық. 1937 жылдың 11 тамызында абақтыға қамал­ған қазақтың аса көрнекті ақыны Ілияс Жансүгіровтен бір жұмадан кейін жауап алыпты. Сонда Ілияс тергеушілер Иванов пен Киселевке былай жауап беріпті-міс.

«Сәкен Сейфуллин троцкийшіл Сокольниковтың әйелі жа­зушы Серебряковамен тығыз байланыста екен. Сейфуллин 1935 жылы Серебрякованың саяжайына талай барған. Сейфуллиннің қолдауымен 1935 жылы қазақ тіліне аударылып, «Юность Максиманың» бірінші және екінші кітабы жарық көрді. Сейфуллин Серебряковамен қарым-қатынасын мұқият жасыратын. Мұны 1935 жылы Тоғжановтан естігем».

Міне, осы ақпарды талдап көрейік. Біріншіден, Сәкен Серебрякованың саяжайында 1935 жылы емес, 1936 жылы болған. Серебрякова «Юность Максима» деген кітапті жазған жоқ. Дұрысы – «Юность Маркса».

Мұны шатастырған – НКВД-ның шала сауатты қызметкерлері. Ал Ілиястың оған ешқандай қатысы жоқ.

1937 жылдың 6 шілдесінде Ғаббас Тоғжанов қамауға алынады. Тергеуде берген жауабында Сәкенге қатысты дерек бар. Оның мәлімдеуінше, Серебрякова Қазақстанмен байланыс жасағысы келетін көрінеді. Демек, осылай біздің (қазақстандық – А.К.) антисоветтік ұйым Сокольниковқа шығады деп болжам жасауға болады, бірақ нақ осылай болды деп тиянақтай алмаймын.

Ал бір айдан соң 29 тамыздағы жауабында ол террор жасауға әзірлік жасап жатқанын айтады. Алайда бұл үшін қандай шаруа тиянақталып жатқаны туралы ешқандай дерек келтірмейді.Кейін мұның бәрі шындықпен қабыспайтындығы мәлім болды.

Астана ақшамы газеті
Амантай КӘКЕН

Пікірлер