Ресей Украинамен келіссөзге дайын — Лавров

3068
Adyrna.kz Telegram

Ресей Украинаға қатысты келіссөзге дайын. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Иә, біз келіссөздерге дайынбыз, бірақ атысты тоқтату туралы ешқандай ұсынысты қарастырмаймыз. Өйткені бұл мәселе бойынша Мәскеу бір рет алданып қалды»,—деді ол.

Сондай-ақ Лавров БҰҰ Бас ассамблеясының 78-сессиясында Ресейдің Украина мемлекетінің аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеді.

«Біз Украина Кеңес Одағынан шыққан кезде қабылдаған Тәуелсіздік Декларациясының негізінде бұл елдің егемендігін мойындадық. Құжатта көптеген жақсы нәрсе жазылған. Мысалы олар аз ұлттардың құқықтарын құрметтейді, орыс тілі мен басқа тілдердің құқығына да құрметпен қарайды. Кейін мұның бәрі Украина Конституциясына енгізілді. Біз үшін Тәуелсіздік Декларациясында Украинаның блоктарға қосылмаған ел болуы және ешқандай әскери одаққа кірмейтіні басты сәттердің бірі болды. Міне, осы редакцияда, біз Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз»,—деді министр.

Ол сондай-ақ БҰҰ Жарғысы негізіндегі егемен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас қағидаттары туралы Декларацияға тоқталды.

«Бізде Украинаның аумақтық тұтастығына қатысты мәселе жоқ. Оны төңкерісті жасап, қолдағандар қиратты. Басшылары өз еліне қарсы соғыс ашып, халқын бомбалай бастады», - деп сөзін түйіндеді Лавров.

Пікірлер