29 миллион теңге. Ақтөбелік шенділер археологтарды автомат деп ойлай ма?

1368
Adyrna.kz Telegram

14 сәуір күні «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Ақтөбе облысы бойынша ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу» деген тақырыппен тендер жариялап, облыс қазынасынан 29 017 857.14 қаржы бөлген, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі  goszakup.gov.kz/ сайтына сілтеме жасап.

Тендерді Әлкей Марғұлан атындағы археология институты жеңіп алған. Техникалық сипаттамада «Ақтөбе облысының ортағасырлар ескерткіштерін зерттеу» жобасының аяқталу мерзімі 30 қараша деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни, ғалымдар 2-2,5 айдың ішінде Қобда, Темір, Хромтау, Мұғалжар аудандарында далалық археологиялық зерттеулерді жүргізіп үлгеруі керек деген сөз.

Осы екі айлық мерзім ішінде ғалымдар:

  1. Батыс Қазақстандағы орта ғасырлардағы тарихи-мәдени процестерді қайта жаңғыртып, көшпелі және отырықшы халықтың ескерткіштерін зерттейді;
  2. Мұғалжар, Хромтау, Қобда және Темір аудандарында далалық археологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді;
  3. Облыстағы орта ғасыр дәуіріндегі жерлеу, қоныстану, діни-ғибадат сипатындағы археологиялық объектілерді анықтап, тіркеуге алады;
  4. Ескерткіштерді картаға түсіреді;
  5. Әрбір ескерткішті нақты тексереді (жергілікті жердегі ескерткіштерге егжей-тегжейлі талдау жасап, мұрағат материалдарын пайдалана отырып, ғылыми есептер жасап, археологиялық әдебиеттерді зерделейді);
  6. Ескерткішке фото, видеоға түсіреді (неғұрлым жарқын және тірек ескерткіштерде ортофотоплан жасау үшін аэрофототүсірілім жүргізу);
  7. Тарихи жәдігерлерді паспорттау үшін ескерткіштердің координаттарын айқындайды;
  8. Ескерткіштердің сипаттамасын жасау (шарттары өте көп);
  9. Этнографиялық деректерді тарта отырып, орта ғасыр ескерткіштеріндегі далалық археологиялық қазбалар жүргізеді; (Абат-Байтақ кешені округінде, Оркаш қорымында, Ойсылқара және Моңғолсай киелі жерлері округінде, Тасқұдық және Көптам қорымдарында, т.б).

Археологиялық қазбалардың қалай жүруі керектігі туралы талаптарды көрсеңіз екі ай былай тұрсын, екі жыл мерзім жетпейтінін аңғарасыз. Күн суытқан күздің екі айында бүкіл ортағасырды зерттеп үлгеру әсте мүмкін бе?

Біз бұл сұрақты «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына» жолдадық.

Қанат БІРЛІКҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер