Ұлттық банк алаяқтардан қорғануды тұрғындардың өзіне "тапсырды"

1301
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Ұлттық банкі ел тұрғындарына инвестициялық қызметпен байланысты алаяқтық схемалар барын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме көрсете отырып.

Бұған қатысты Ұлттық банк өкілдері:

 «Алаяқтар сайттар мен мобильді қосымшалар жасайды, Ұлттық банктің ресми интернет-ресурстарының интерфейсін көшіреді, сондай-ақ шенеуніктердің фотосуреттерін пайдаланады, ақшаны қайтаруға немесе инвестиция арқылы жоғары табыс табуға уәде береді», - деп түсіндірді.

Сонымен бірге, адамды көбірек тарту үшін өздерінің жалған сайттары мен мобильді қосымшаларын әлеуметтік желілерде және YouTube-те жарнамалайды. Әртүрлі әлеуметтік платформалардағы жарнамалық хабарламаларға ауысу кезінде, өзін Ұлттық банктің өкілі немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырған күмәнді қоңыраулар немесе электронды хаттар алу кезінде абай болу керектігін жеткізді.

Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан Ұлттық банкі жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және телефон, электронды пошта немесе өзге де байланыс құралдары арқылы жеке мәлімет сұрамайды. Ақшаны қайтару туралы ақпарат жазылған сайттарда алаяқтық әрекеттің белгілері бар.

«Ұлттық банк жеке тұлғаның шотына қызмет көрсетпейді, жеке мәміле жасамайды. Бұдан басқа, азаматтардың активтерін инвестициялық басқаруға арналған ұйымдардың тізбесі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған, - деп атап өтті.

Сондай-ақ Ұлттық банк қызметкерлері мобильді қосымшаларды орнатпауды, жеке деректерін көрсетпеуді, ұялы телефонға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік бермеуді және телефон арқылы сөйлесу барысында алынған нұсқаулар бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына ақша аудармауды ескертті. Кеңес алу үшін Ұлттық банктің байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі бойынша хабарласуға болады.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер