Ақкенттегі өрт кезінде адамдар терезесінен секірген үйлер қалпына келтірілді

1349
Adyrna.kz Telegram

Алматыда өрттен зардап шеккен Ақкент ықшамауданындағы 54-ші үйдің тұрғындары үйлеріне орналасты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Белгілі болғандай, қалпына келтіру жұмыстары уақытында жүргізілген. Пәтерлердің кіреберісі, бояуы, тұсқағазы, есіктері мен терезелері жаңартылған. Сондай-ақ Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтің сөзінше, кабельдік сымдар мен есептегіштер жаңаланған.

«1 тамызда өрт шыққан уақыттан бастап, тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты болдық. Әкімдік барлық тұрғындарға қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін тұрғын үйді жалға алуға қаражат төлейді деп уәде бердік. Уәдемізді орындадық. Балаларды мектепке және мектепке дейінгі мекемелерге орналастыруға көмек көрсетілді. 30 қыркүйекке қарай барлық тұрғындар пәтерлеріне оралды. Сондай-ақ Ақкент ықшамауданындағы барлық тұрғын үйлердің өртке қауіпсіздігі тексеруден өтті», - деді әкім.

Жөндеу жұмыстарын «Болашақ құрылыс» ЖШС жүргізген. Алатау ауданы бойынша ТЖ басқармасының бастығы, майор Ғалымхан Мұхамеджан Ақкентте жоспардан тыс 16 және 9 қабатты 56 үй тексерілгенін айтты.

«Бір күнде үйімізден айырылдық. Дегенмен ел болып бұл қиындықты да артта қалдырдық. Осы ретте әкімдік пен мен қала билігіне пәтерлер мен бүкіл үйді жөндегені үшін, сондай-ақ қалпына келтіру кезеңінде уақытша баспана бергені үшін алғыс айтамыз. Баспанамыз қайта қалпына келтірілді. Барлық тұрғындар қуанышты әрі бақытты», - дейді Ақкент тұрғыны Тілеужан Ахметханов.

Естеріңізге салайық, Алматыда 1 тамыз күні 16 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққан. Өрттен қашқан тұрғындар пәтерлерінің терезелерінен секіріп, балаларын сыртқа лақтырғанын жазған едік.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер