Атбасардағы колонияда соққыға жығылған белсенді Тимур Дәнебаев Астанаға ауыстырылды

1325
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Белсенді Тимур Дәнебаев өзі уақытша қамауда отырған Көкшетаудағы уақытша ұстау изоляторынан Астананың тергеу изоляторына ауыстырылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Азаттық радиосының сауалына берген жауабында хабарлады, деп жазады "Адырна".

Дәнебаев 30 қыркүйекте Астанадағы №64 мекемеге тергеу изоляторына жеткізілді.

3 қыркүйекте әлеуметтік желілерде Ақмола облысындағы колония қызметкерлерінің сотталған белсенді Тимур Дәнебаев пен басқа да тұтқындарды ұрып-соққаны бейнеленген видео тарай бастады. Таратылып жатқан видеода колония қызметкерлері белсендіге оның «қарсылық көрсетіп», «күнделікті тәртіп пен қамау режимін сақтаудан» бас тартып отырғанын айтады. Сондай-ақ олар Дәнебаевтан жуынатын бөлмені тазалауды талап етеді, оған ол тек ұйықтайтын бөлмені жууға дайынмын деп жауап береді. Видеода колония қызметкері екі рет «арнайы құралдарды қолданыңыз» деген пәрмен беріп, содан кейін Дәнебаевты ұрып-соғады.

Қыркүйектің 4-і күні Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «әлеуметтік желіде жарияланған видеоға» қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын, өйткені «қызметкерлердің қызметтік бабын асыра пайдалану белгілері бар» деп мәлімдеді.

Қыркүйектің 8-і күні Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов Атбасардағы колонияның тұтқындарды ұрып-соғуға қатысы бар тоғыз қызметкері жұмыстан босатылғанын, ал тағы екеуі еңбек демалысынан келген соң жұмыстан шығарылатынын хабарлады. Колония бастығы мен оның орынбасары, облыстық ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары да қызметтерінен босатылды. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің басшысын да жұмысынан шығару ұсынылды.

Маусым айында Астананың Алматы аудандық No2 соты Тимур Дәнебаевты ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша үш жылға бас бостандығынан айырды.

Белсенді Тимур Дәнебаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевты 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезіндегі «20 мың лаңкес» туралы мәлімдемесі үшін жауапқа тартуды талап еткенімен танымал болды.

Пікірлер