Астанада көлік жуушы азамат клиент көлігінен банк картасын ұрлаған

1511
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Астана полиция департаменті автокөлік жуушы көліктен клиенттің банктік картасын ұрлап, ақшасын жұмсағаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицияға қала тұрғыны арыз білдіріп, оның банктік картасын белгісіз адам пайдаланғанын хабарлаған.

«Сарыарқа аудандық ІІБ облыстық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында  39 жастағы қала тұрғынын күдікті деп анықтады. Анықталғандай, жәбірленуші кешкі уақытта көлік жуу орнына тоқтап, көлікті тастап кеткен. Біраз уақыттан кейін көлікті алып кетіп қалады. Келесі күні оның телефонына картасынан ақша жұмсалғаны туралы хабарламалар келе бастады. Карточкасы жоқ екенін білген ол полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары ұрлыққа көлік жуу мекемесінің қызметкерінің қатысы барын анықтады», - делінген полиция хабарламасында.

Аталған факті бойынша ҚК-нің 188-бабы «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны, ер адам жасалған қылмысты мойындағаны атап өтілді.

Полиция оның елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеруде. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды мұқият болуға және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға шақырады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер