Газадағы қақтығыс. Қазақстанда Палестинаға жылу жинаушылар лезде жым болды

2229
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде Палестина мен Сирия қалаларындағы бомбалау әрекеттерінен зардап шеккен жұртқа көмек көрсету мақсатында қор ашылғаны айтылды, деп жазады «Адырна» тілшісі.

Газа мен Идлиб қалаларының тұрғындарына көмек қорының ашылғаны туралы ақпаратты Facebook әлеуметтік желісінде Арбат.Медиа ақпарат баслымының редакторы Сырым Итқұлов бөлісті.

Жазбада ислами блогер Эльмира Бейсембаеваның белгісіз біреуге Палестинаға көмек қаражаты деп 5221 доллар көлеміндегі соманы аударғаны көрсетілген. Сондай-ақ elya_bey-дің сторисінде қорға қаражат жинаушы теолог, РАНТ (Республикалық ақпараттық-насихат тобы)  мүшесі, ұстаз Бауыржан Отарбаевтың аккаунтын белгілеп көрсетілгені салынған.

Бауыржан Отарбаев инстаграм парақшасында да өзінің реквизиттері көрсетілген «Ульфа» қайырымдылық қоры жайлы ақпаратымен бөлісіпті. Одан бөлек аталған парақшада Ливия, Сирия елдеріне деп бұрын ашылған қор реквизиттерінің бірнеше суреттері тұрғанын байқауға болады.

Алайда бірнеше уақыттан дейін жазбаның қор жетекшісінің парақшасынан да, оны қолдап бөліскен блогерлердің стористерінен де өшіп кеткені байқалды. Қор мақсаты мен қаражатының нақты қайда аударылғаны туралы білмек ниетте хабарласқан телефон нөмірі сөндірулі болды. Жазған хабарламаға валюталық ерекшеліктерге сәйкес халықаралық ақша аудару есепшоттарын жіберді. Онда аударым Түркия банкі арқылы жасалатыны көрсетілді.

Желіде тараған ақпаратқа әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір қалдыруда. Facebook белсендісі Гүлмира Сарбасова аталған жайтқа қатысты ХАМАС-ты қолдайтындарға қатысты елімізде шара қолданылу керек деп бөлісті:

«Діни сананың радикалдануына байланысты Қазақстанда ХАМАС-ты қолдауға ерікті қайырымдылықтан 6 мың долларға жуық қаражат жиналған. Бүгін Хамасты қолдайтындар әлемнің кез келген жерінде агрессия мен зорлық-зомбылықты мойындап, оны жиһад деп атайды. Бұл өз елінде, Қазақстанда рұқсат етеді деген сөз! Қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың өз қатарларына күнделікті алынуын тоқтата алатын алдын алу шаралары жасалауы тиіс, көріп тұрып қалай үнсіз қалуға болады?!» деді ол.

Желіде жиналған соманың нақты қайда түскені, кімдердің қаражат жинап, кімді қаржыландырып жатқанын талқылаған жұрттың жазбасы көп. Себеп, қор ұйымдастырушыларының дәлелді фотоесептерінің болмауында деп жазуда жұрт.

«6 мың доллар ПҰАЗ (Палестина ұлттық азаттық қозғалысы) шоттарына немесе Канада, Еуропалық Одақ, Израиль, Жапония, АҚШ және Сауд Арабиясы лаңкестік ұйым деп жариялаған Хамасқа тікелей түседі. Халқымыз бұл қаржының қазір соғыстан зардап шегіп отырған қарапайым тұрғындарға жетпейтінін түсінбей ме? Терроризмді қаржыландырғаны үшін санкциялар ертең бізге келмесін», «Өз елімізде аш, жалаңаш қанша халық бар, неге соларға көмектеспеске?», «Керемет қозғалыс. Адамдарды тірі қалқан ретінде пайдаланатындарды қаржыландыру идеясын ойлап табу - бұл шын мәнінде күшті қадам» деп жазуда желідегі пікір иелері.

Айта кетейік, ХАМАС Қазақстанда тыйым салынған "Мұсылман бауырлар" (аль-Ихван аль-Муслимун) ұйымына қарасты құрылым делінеді.

Дина ЛИТПИН,

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер