Алматыда «Дін әлеуметтік тепе-теңдік үшін: құмар ойындарға тәуелділікпен күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

4271
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 18 қазан күні Алматыда қазақстандықтар үшін дәстүрлі мереке болып саналатын Рухани келісім күніне орай «Дін әлеуметтік тепе-теңдік үшін: құмар ойындарға тәуелділікпен күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп  хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Kazzhol Park Almaty» қонақ үйінде ұйымдастырылған іс-шараға әртүрлі діни конфессиялардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, түрлі облыстардың жетекші сарапшылары мен мамандандырылған оңалту орталықтарының өкілдері қатысып, пікір  білдірді.

Атап айтқанда, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов пен мекеменің басқа да өкілдері, исламдық, православтық, католиктік, баптистік, буддистік, кришнаиттік және басқа да әртүрлі конфессия өкілдері қатысып, қоғам дертіне айналған мәселе бойынша өз ойларымен бөлісті.

Спикерлер лудомания дертінің шығу себебінсөз етіп, оны алдын алу үшін қандай іс-шаралар істеу керектігін талқылады.

«Хақ Назар» қорының төрағасы НұржанЖақыповтың айтуынша, лудомандар нашақорларға қарағанда жиі суицид жасайды.

«Наркомания мен лудомания бір-бірімен тығыз байланысты, тіпті бір дүние деп қарастыруға болады. Бірінші топ бір затқа тәуелді болса, екіншітоп адреналиннің жетегінде жүреді. Біздің қорқұмар ойындарымен күрес мәселесімен 3 жылданбері айналысып келеді, тегін көмек те береміз. Негізінен букмекерлік компаниялар тез баю жолын ұсынады, ал қазіргі жастарға бұл ұнайды. Құмар ойындарының жарнамасы әр жерде жүр. Көшеге шықсаң да, әлеуметтік желіге кірсең де, теледидар көрсең де алдымызға шыға береді. Бұны мен гипноз деп атар едім. Бұрын бұндай ойындарды ойнау қолжетімді емес еді. Есірткі де дәл солай. Оны сатып алу үшін таныс табу қажет болатын. Ал қазір бір-екі қадам жасасаң болды, қалағанына қиналмай жетесің. Лудомондарөз ісіне жауап бере алмайтын жандар. Олар ақша табу үшін бәріне барады. Жақындарынан ақша сұрайды, мүлкін сатады, соңы суицидпен аяқталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудомания психикалық ауру ретінде қарастырады. Бұл дерттен айығу оңай емес. Кейде емделу ұзақтығы 1 жылға дейін созылып жатады»,—деді ол.

Ал Алматы Орталық мешітінің нәиб имамы Тимур Алиев конференцияда жастар арасында құмар ойындарына тәуелділіктің күн санап артып жатқанын айтты.

«Лудомания көрсеткіші жылдам өсуде. Әсіресе бұл жастар арасында белең алып келеді. Жастареліміздің қозғаушы күші екенін ескерсек, күндердің бір күні лудомания үлкен қасіретке әкелуі мүмкін екеніне көз жеткізе аламыз. Кез келген дінді, соның ішінде исламды алсақ, құмар ойындарын ойнау күнә болып есептеледі. Дінде бұған тыйым салынған.

Биыл құмар ойынына құмартып, одан емделу үшін мешітке келетіндер саны күрт өсті. Әр апта сайын бізге лудомандардың әйелі, туған-туыстары келіп, көмек сұрайды. Осыдан-ақ статисиканың артқанын біле аламыз. Ал лудомандардың өзі психологтарға, әртүрлі сауықтыру орталығына  барып, ем таппағаннан кейін ғана мешітке жүгінеді. Біз қолдан келгенше көмек беріп, түзу жолға салуға тырысамыз. Шын ниеттенуін сұраймыз. Лудомандарды емдеуде үлкен төзім керек. Барлығымыз жұмыла кіріссек, оларды ауруынан айықтыра аламыз»,—деп сөзін толықтырды имам.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев лудомания Қазақстан қоғамында дендеп келе жатқан дерт екенін айтып, құмар ойындарына қарсы күресте түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс екенін түсіндірген еді.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Қазақстанда шамамен 36 мың лудоман бар.

Пікірлер