«Рейхстагқа ту тіккен қаһарман». Бүгін – Рахымжан Қошқарбаевтың туған күні

1893
Adyrna.kz Telegram
фото: Almaty.tv
фото: Almaty.tv

Бүгін Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын желбіреткен Рахымжан Қошқарбаевтың туған күні, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған. Деректерге қарағанда, 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Беларусь майданындағы Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында 150-ші взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Совет әскері арасынан Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті.

Сұрапыл соғыс жылдарында Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі көп жылдар бойы еленбей келгені, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстанның Халық қаһарманы атағы берілгені мәлім. Батырдың ерлігі жылдар бойы ресми Мәскеу тарапынан көпе-көрнеу ескерілмеді. Өзге ұлт өкілі болғандықтан кемсітушілікке ұшырап, ерлігі жоққа шығарылып келді. Кәкімжан Қазыбаевтың жазуынша, Рахымжан батыр Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен сәуірдің 30-ын достары Рахаңның қайта туған күні деп атайды екен.

Айта кетерлігі, қазақ батырының осынау ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеген мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев еді.  Сол айтулы күн қарсаңында Кәкеңнің төмендегі мақаласын қаз-қалпында жариялауды құп көрдік.

Иә, ол күндердің ізі өше ме?! Ешқашан да өшпек емес. Майданда болғанның да, болмағанның да есінде. Қандай қиын жылдар болды, қаншама қан төгілді. Аласұрып аптыққан жаумен табаны күректей төрт жыл алыстық. Талай тарлан, небір боздақтар ел үшін, халық үшін құрбан болды. Сол күндерде бетін от-жалын шарпыған ерлердің қайсысымен әңгімелессеңіз де, жүрегіңіз елжіреп, аузынан шыққан әрбір сөзін түсіріп алмауға тырысасыз. Солардың көбі өзі туралы «мен сөйттім, мен бүйттім» деп айтпайды. Ер жолдасы, қимас қыран досы туралы сөйлейді. Рахымжан Қошқарбаевпен әңгімелескенде де, сөз жүйесі осы желіге қарай бұрылып бара жатты. Біраз тыңдағаннан кейін:

– Тоқтаңыз, Реке! Бізге өзіңіз туралы айтыңыз.

– Өзім туралы не керек, көптің бірі болып соғыстық, әйтеуір, аман қалдық, – деп күрсінді де, манадан ақжарқын отырған жігітіміз тырс үндемей қалды. Жауынгер достары есіне түсіп кетті ме, әлде бір қиын кезең, қатал көрініс көз алдынан өтті ме, кім білсін?

Қиыла тағы сұрадық. Бұлай сұрауымыздың реті де бар еді. Оған мына бір жай түрткі болған-ды.

Жақындап қалған үлкен мереке қарсаңында, Совет Армиясы мен Соғыс Теңіз Флотының 40 жылдығы алдында, кітапханада әдейі сарыла отырған бір күн. Газет, кітап, журналдардың қызығы бас көтертпейді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі талай ерліктерге сүйсіндік. Бәрін де есте сақтағың келеді.

Мына бір мақаладағы екі-ақ ауыз сөз магнитше тартып, жібермей қойды:

«...Біздің  жауынгерлерді  қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын кез жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда өз жолдастарымен Рейхстагқа ту тікті. Жанған от ішінде, ажал аузында жүріп ерлік көрсеткен олар.

Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлек поэзия, социалистік реализм поэзиясы керек...» Бұл сөзді айтқан – көрнекті совет жазушысы, марқұм Борис Горбатов. («Литературная газетаның» 18 декабрь 1948 жылғы 101-санында).

Осы адам жөнінде жазылған не бар екен? Тағы қандай деректерді таба алар екенбіз? Бұл сұрақ кітап, газет, журнал қойнын кеңірек аштыра түсті. Міне, тағы бір дерек. 1949 жылдың 8 май күнгі нөміріндегі белгілі кинооператор Карменмен «Казахстанская правда» газеті тілшісінің әңгімесі:

«...Біз бұрынғы жауынгерлердің бүгінгі еңбектегі ерлігіне айрықша тоқталамыз. Сондай жауынгерлердің бірі Қошқарбаевпен мен тағы да кездессем, шіркін! Қайда екен ол қазір? Қаһарман жас жігітті Рейхстагқа ту тігіп жатқан кезде түсірген кинокадрларым бар еді. Бұл 1945 жылдың естен кетпес бір күні еді».

Айта кетсек, Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы мамырдың 7-сінде Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы бойынша Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы беріледі. Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың және Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер