Қазақстанда киік атудың мерзімі белгіленді

1366
Adyrna.kz Telegram
Сурет: mir24.tv
Сурет: mir24.tv

Экология және табиғи ресурстар министрлігі аң аулау ережелеріне өзгерістер енгізді. Енді жыл сайын 1 қазан мен 15 қараша аралығында киік аулауға рұқсат беріледі, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басқарма киіктердің оралдық популяциясын 20 пайызға, бетпақдалалық популяциясын 15 пайызға қысқартуға шешім қабылдаған. Олар бұл шешімді жануар санының тарихи көрсеткіштен асып кетуімен түсіндірді.

«Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, жыныс құрамы мен мекендеу ортасына қарамастан, киікті аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылды»,– делінген құжат жобасында.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде екі миллионға жуық ақбөкен бар.

Еске салайық, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санының артуы ауыл шаруашылығына зиян тигізіп жатыр деген мәлімдеме жасаған еді.

Алайда экологтар билік киік атуға рұқсат берген күннің өзінде жануарларды барынша сақтап қалуға күш салған дұрыс деп санайтындарын жеткізді.

Пікірлер