Бюджетке 857 млрд теңге қайтарылғаны айтылды

1550
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы 10 айда атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде баяндалды.

Осы уақыт ішінде елімізде жемқорлыққа қатысты 1500-ге жуық қылмыс тіркеліп, 1100-ден астам адамның ісі әшкереленді. Оның 158-і – түрлі деңгейдегі басшылар, - деді Асхат Жұмағали.

Сондай-ақ, сотқа мыңнан астам іс жолданып, 282 миллиард теңге шығын өтелген. Ал агенттік төрағасы 2022 жылдан бері бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны шамамен 857 миллиард теңге болатын мүлік активтері мен қаржы қайтарылғанын айтты.

Бұдан бөлек, Асхат Жұмағали мемлекет басшысына жемқорлықтың алдын алу жұмыстары туралы есеп берді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр. Агенттік еліміздің барлық өңірі бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңгені құрайтын осындай 156 нысан бар екенін анықтаған.

Азаматтық қоғаммен өзара тығыз қарым-қатынас орнату арқылы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта жемқорлықтың белең алуына бей-жай қарамайтын 2 мыңнан астам азамат бұл бастамаға атсалысып жатыр, делінген хабарламада.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимылды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікірлер