Тек қана мешіт емес, мектеп, балабақша, университет керек!

6331
Adyrna.kz Telegram
cobrio.club
cobrio.club

"Мешіт салғанша мектеп салайық, болмаса балабақша құрылысына ниеттенейік" дейтін ойлар мен пікірлерді қазір жиі естиміз. Бұл дінге деген қарсылықтан емес, халықтың қажеттілігінен туындаған көзқарас. Алайда кейбір мемлекеттерде мешіттің салынуына шектеу қойылған. Себебі мешіт халық санына жеткілікті болғандықтан, көп салуды жөн көрмесе керек. Қоғам нені сұрайды, соны беруге тырысамыз. Бірақ мешіт салудың қаншалықты сауапты әрі ізгілікке толы іс екені шариғатта да айтылады. Алайда мектеп пен балабақша, университет, тіпті аурухана салудың сауабы да, маңызы да мешіт тұрғызудан кем емес. Бірінде адам жаны тазарып, рухани кемелденетін болса, екіншісінде әр оқушының білімі артып, сана көкжиегі кеңейіп, болашаққа деген сенімі артып, науқастар емделіп, денсаулықты қалыпқа келтіреді. Екеуі де ақшаның көптігінен емес, сұранысқа, қажеттілікке байланысты қолға алынады.

Қазақстандық кәсіпкерлердің мешітті көптеп салуының бірнеше факторлары бар:

  1. Діни және мәдени артықшылықтар: Қазақстан - ислам дінін ұстанатын және насихаттайтын көпконфессиялы мемлекет. Көп кәсіпкерлер мұсылман болғаны үшін сауапты істі қолға алуға бекінеді;
  2. Исламда бар адамның кемшілігі мен күнәсінің кешірілуінде қайырымдылық істердің сауабы маңызды екені айтылған. Сондықтан әр мұсылман сауап жинау мақсатында мешіт салады;
  3. Әлеуметтік-мәдени дәстүрлер: Қазақстанда ислам халықтың көпшілігінің мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылады. Мешіттің құрылысы мәдени дәстүрлер мен тарихты сақтау, оны насихаттаумен байланысты болуы мүмкін.

Бірақ неліктен біз мешітке дұға оқитын қасиетті орын ретінде ғана қараймыз? Тарихқа көз жүгіртсек, олар да білім ошақтары болған. Мысалы, Еуропада бос шіркеулерді математикалық және шахмат клубтары ретінде ашып қойған. Осындай берекелі істерді көбейту мақсатында мектеп, университет, балабақша салып жатқан жомарт кәсіпкерлердің есімін ерекше атап, БАҚ-та ақпараттық қолдау жүргізу артық етпейді. Бұл біреуге үлгі, ал енді біріне мақтаныш болса, тағы бірін осындай әрекеттер жасауға ынталандырады.

2022 жылғы деректерге сүйенсек, жалпы оқушы орнының тапшылығы Түркістан, Алматы, Маңғыстау облыстарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында байқалады. Еліміз бойынша 250 мыңға жуық оқу орын тапшылығы мәселесі бар. Егер бұл проблема қолға алынбайтын болса, онда 2026 жылға қарай оның көлемі ұлғайып, 1 миллион 200 мыңға жетуі әбден мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін мың мектепті салуды жоспарлаған болатын. Ал осы мәселелердің барлығы негізінен көші-қон, халық санының өсуімен тікелей байланысты. Республика бойынша 1100-ге жуық орыс мектебі,  екі  мыңнан астам аралас, 3845 қазақ мектептері білім береді. Бірақ жыл сайын бірінші сыныпқа баруға ниетті балалардың 70%-ы қазақ мектебінде білім алуды көздейді. Осыдан демографияны дамытқан сайын, қажеттіліктің де арта түсетінін аңғаруға болады.

Сондықтан, осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, игі іс жасауға асыққан кәсіпкерлер алдымен жергілікті халықпен ақылдасып, солардың қалауын тыңдап, дауысқа салып, бір шешім қабылдағаны абзал. “Сен тимесең, мен тиме” боп ниеттілер мен мұқтаж адамдардың арасында байланыс болмаса, жақсы дүниенің де қадірі сезілмейді. Мектепті тек мемлекет салу керек деген ойдан аулақ болған жөн. Қандай да бір жақсы істі қолға алғандар “маған одан қандай пайда?”, “шығыны көп” деп емес, бастысы сапалы, көпшілікті риза қылатындай ғимараттарды салуға атсалысқаны дұрыс.

Пікірлер