«Мен тағдырымды енді ғана бастадым». 6 жылға сотталған актер Тоқаевтан тағы да көмек сұрады

2523
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Алматыдағы барлардың бірінде олигархтар – Бахаридин Әбләзімов пен Дінмұхамет Ыдырысовтың ұлдарымен төбелескені үшін алты жылға сотталған актер Асқар Жұмабек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі жеке бақылауына алуды өтініп, тағы да ашық хат жолдады. Аталған ашық хатты әріптесі актер Ерлан Құлмурзин баяндады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Актер Ерлан Құлмурзин сотталушының желідегі парақшасында видео үндеу жариялады. Онда ол президенттен қылмыстық іс бойынша шынайы және объективті тергеу жүргізуді сұраған. Асқар Жұмабек адвокаттарымен бірге сотта істі бейтарап тергей алмағанын баса айтады. Сондай-ақ ол қазақ миллионерлерінің ұлдары – Бахаридин Әбләзімов пен Дінмұхамет Ыдырысовты және оқиғаға қатысы барлардың барлығын жауапқа тартуды талап етуді өтінген.

– Ендігі үміт қалмағандықтан Сізге ашық хат жазып отырмын. Мен Қазақстан азаматымын және шынайы тергеуге толық құқығым бар, өкінішке қарай, мен оны ешбір жағдайдан таппадым. Прокуратура да, соттар да, әсіресе, тергеу органдары да анық нәрсені көрмейді немесе көргісі келмейді. Мен шеттетілген немесе сыбайлас жемқорлықтың тағы бір машинасына берілген басқа адам сияқтымын. Мен адал және заңға бағынатын адаммын. Құрметті Президент, сізден сұрайтыным – менің ісім мен тағдырымды жеке бақылауыңызға алыңыз», – деп Асқар хатында жазған.

Мемлекет басшысына арнаған үндеуінде ол өзінің кінәсі жоқ екенін айтып, қоғамдық тәртіпті бұзушылар олигархтардың балалары екенін жеткізген.

– Мен жас азаматпын, шығармашылық адамымын, мені әртіс ретінде таниды. Мен үйленбегенмін, тағдырымды енді ғана бастадым. Құрметті Президент, мен сіздің уақытыңыз аз екенін түсінемін, бірақ сіз еліміздің әрбір азаматы үшін алаңдайтыныңызды білемін. Бұл хатты жазуда мен объективтіліктен үміттенемін. Сондай-ақ мұндағы тергеу изоляторында менің өтінішімнен үміт күткен тағдырлар әлі де көп. Мен әділдікке сенемін және кез келген қазақстандық сияқты жарқын болашақты армандаймын. Менің ісімді қосымша тергеуге қайтаруды және объективті түрде қарауды сұраймын», - делінген хатта.

Куәгерлер актердің кінәсіздігін алға тартып отыр.

Еске салайық, Асқар Жұмабек 2022 жылдың соңында Алматыда мейрамханалардың бірінде олигархтардың ұлдарымен төбелесті деп айыпталған болатын. Нәтижесінде, Асқар Жұмабек сот залынан қамауға алынып, 6 жыл 6 айға сотталған еді.

Бұған дейін актер үкім алдында президент Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, араша сұраған еді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер