Салтанат Нүкенованың туыстары күдікті, экс-министр Бишімбаевтың ағасын да жазаға тартуды талап етуде

1504
Adyrna.kz Telegram

Салтанат Нүкенованың туыстары оны өлтірді деген күдікке ілінген күйеуі, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ағасының да жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды "Адырна" порталы КТК телеарнасының сайтына сілтеп. 

Нүкеновтер отбасы бұрынғы министр Бишімбаевтың ықпалды байланыстары бар туыстары тергеуге қысым көрсетуі мүмкін деп санайды. Сондықтан марқұм қыздың туыстары тергеуге қатысқан әрбір адам өзінің бейтараптығын сақтайтынына көз жеткізгенше елордада қалуды жоспарлап отыр. Ал кеше Салтанаттың туыстары Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевпен кездесті. Айтуларынша, Салтанаттың өлімін аса маңызды істердің тергеушісі тексеріп жатыр. Полиция оларға іс нәтижелерінің барлығы объективті және заң талабына сай болады деп уәде берді.

"Бұл біз үшін орны толмас қайғы. Әке мен ана үшін ғана емес, бәріміз үшін, бүкіл отбасымыз үшін. Әрине, біз соңына дейін күресеміз. Егер жағдайға көз жұма салып, осы мәселемен келісе салсақ қылмыскер бостандыққа шығып, міндетті түрде тағы бір қылмыс жасайды. Бишімбаевты кінәлайтын басқа да фактілер бар. Сондықтан, расында да гастроцентр директорының екі айға қамауға алынғаны бізді қанағаттандырады», - деді Салтанат Нүкенованың көкесі Қайрат Нүкенов.

Салтанат Нүкенованың туыстары экс-экономика министрі мен гастроцентр директорын қатаң жазалаумен қатар, олардың мәліметі бойынша барлығын біле тұра тиісті шара қолданбаған Қуандықтың Бишімбаевтың ағасын да жауапқа тарту керектігін айтты.

«Оның ағасы Байжан немесе Бақытжан келген де, кіріп, жағдайды көре тұра, Салтанаттың өліп бара жатқанын біліп тұрса да еш хабар бермеген. Ол оны ұйықтап жатыр, қорылдап жатыр деп ойлаған. Қайдағы қорылдау, ол өліп бара жатып ауыр дыбыстар шығарған. Ауыр халде жатқанынан-ақ, ол жерде қылмыс орын алғаны белгілі еді. Ол дереу құзырлы органдарға хабарлап, жедел жәрдем шақыруы керек еді, сонда біздің қарындасымыз тірі қалар еді», - дейді Қайрат Нүкенов.

Ол туыстарының сот-медициналық сарапшыларға қосымша мәліметтері бар екенін, сондықтан сараптама мен талдаудың нақты мерзімі туралы білгісі келетінін айтты.

Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиға елордадағы «Бау» мейрамханасында болған.

Пікірлер