Оқталған мылтық атылмай қоймайды. Әскердегі өлімге қару кіналы ма?

1889
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кезде әскерде қару кезеу салдарынан болатын кісі өлімі туралы айтыла бастады. Алайда оның себебін ешкім анық түсіндірген жоқ. Жауапты сала басшысы қисын іздеп нақты жауап берген емес. Әскери қызметте болған маман мен әскери сарапшы осы саладағы адам шығынының ықтимал себептерін тізбелеп берді.

Қарашаның 12-сі күні Ұлттық ұланның әскери қызметшісі әріптесін байқаусызда атып өлтіргені хабарланды. Ал бір ай бұрын, 9 қазан күні Ұлттық ұлан сарбазының басына оқ тиіп, қаза тапқаны жарияланды. Сондай-ақ жыл басында, 18 қаңтарда Астанада оқу-жаттығу кезінде сарбаздың қаза тапқаны туралы хабар тарады. Қарулы күштерде қызмет ететін азаматтардың бейбіт күнде оққа ұшуына не себеп? Бұл оқиғаларға қатысты тергеу, тексеру болды ма? Болса, қандай шешім шығарылған – қоғам бұл мәселеден хабарсыз.

ЖАҚСЫЛЫҚОВТЫҢ 99 ПАЙЫЗЫ НЕГЕ СҮЙЕНІП АЙТЫЛҒАН?

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскери салада әлімжеттік жоқ екенін айтады. Бұл туралы ол өткен сәрсенбі, 15 қарашада Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап берген кезде мәлімдеді.

- Сарбаз небәрі бір жыл әскери қызметте болады. Жарты жылда бірінші толқын келсе, 6 айда басқа азаматтар келеді. Бірақ ішкі конфликтер бар. Себебі ер азаматтардың арасында кейде келіспеушіліктер болып қалады. Әскердегі сарбаздың қазасы қауіпсіздік талаптарын сақтамағаннан немесе суицидтен болып жатады. Бірақ әскери саладағы суицидтің 99 пайызы әскери жағдайға байланысты емес, - деді министр ақталып.

Ресми ақпаратқа сенсек, 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85 әскер қаза тапқан. Ал биылғы жылдың сәуіріне дейін қаза тапқан әскери қызметкер саны – 11. Трагедияның ресми себептері ретінде мыналар айтылады: ауру – 36 пайыз, жол-көлік оқиғалары – 24 пайыз және өз-өзіне қол жұмсау – 20 пайыз.

БЕЛГІСІЗ БІЛІКТІЛІК ПЕН САТЫЛАТЫН ШЕННІҢ ЗАРДАБЫ МА?

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов әскердегі өлімнің бірнеше себебі болуы мүмкін екенін айтады. Ол бірінші кезекте офицерлердің біліктілігі маңызды дейді.

- Әскердегі сарбаздардың оқыс қазасы офицерлердің оқу-жаттығу мен әскери тәртіпке қаншалықты білікті екенін көрсетеді. Мысалы, бір жылдық әскери борышын өтеу үшін сарбаздар армияға  келеді. Олар алғаш келген кезде бір айдың ішінде психологиялық жағдайын реттеп алу керек. Әр өңірден келген азаматтардың тұрғылықты жеріне байланысты мінездері, өз менталитеті болады. Бір айдың ішінде сарбаздарды қалыпты өмірдегі көзқарастан шығару керек. Яғни, әскери тәртіппен жүретін режимге үйрету керек. Өкінішке қарай әскери келісім-шарт бойынша жұмыс істеп жүрген азаматтардың білімі төмен. Олар жаңадан келген сарбаздардың намысына тиіп, жағдайды ушықтырады. Оған әскерге барғанына 1 апта болған азаматтардың қазасы дәлел бола алады,  - дейді ол.

Ермек Сейітбатталов елдегі әскери оқу орындарында курсанттарға тәрбие жұмыстары дұрыс жүргізілмейтінін айтады. Ал осы курсанттар оқу бітіргеннен кейін офицер болып, әскери қызметке кіріседі.

- Бұрын мерзімді әсерге шақырылғандардың ішінде әлімжеттік оқиғалары болушы еді, қазір келісім-шарт бойынша шақырылған, тіпті офицерлердің арасында да ыңғайсыз жағдай болып жатады. Мысалы, құмар ойынын ойнаған кейбір азаматтар ірі көлемде кредит алатын көрінеді. Бұл аз десеңіз генералдардың арасында да ұятты жағдай кездеседі. Қаңтар қырғыны кезінде бірнеше генерал өз-өзіне қол жұмсады. Тіпті жоғары шенді азаматтардың арасында кабинетінде өзін атып өлтіргендер болды. Одан кейін бірнеше генерал мен полковник абақтыға жабылды. Себебі ретінде қол астындығалардан ақша жинаған делінеді. Ең аяғында сарбаздар үйінен ақша сұрап, өзінен шені үлкен азаматтарға беруге мәжбүр болады, - дейді ол.

ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУСІЗ СӨЗ «ӘЛАУЛАЙ» МА?

Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы әскердегі өлім-жітімнің көп екенін айтады. Ол бұған бірнеше мәселе себеп болуы мүмкін дейді.

- Егер суцидтің белгісі болмай, сарбаз абайсызда атылып өлсе – онда оған қару атуды үйреткен адамдардың салғырттығы себеп болды деген сөз. Қаруды қалай сақтау керек және оның сақтандырғыш құралдары қалай тұру керек екенін үйретпегеннен болатын нәрсе. Екіншіден, біз армиядағы өлім-жітім туралы көп айтқанымызбен, сарбаздың өліміне нақты мынау әсер етті деген әлеуметтік зерттеу жасаған жоқпыз. Әлеуметтанушылар мен психологтар әр түрлі болжам айтады. Сондықтан әскердегі жағдайға бір жақты баға бере алмаймыз. Бұл жерде жоғары қол басшылықтың сержантты, одан кейін бөлімше командирін үйрететін офицерлердің жауапкершілігі бар екенін ескеру керек. Мәселен, біздің әскерилердің қолындағы қару қаншалықты дұрыс сақталды деген сұрақ туындайды. Бұл мәселеге бір жақты емес, кешенді түрде қарауымыз керек. Мәселен, әскерге баратын сарбаздардың әскери-моральдік дайындығы мен беделі қандай деген секілді жағдай да қарастырылуы керек. Өкінішке қарай біздің елде әскерде жүріп қаза тапқандардың саны жағынан қуанарлықтай жағдайымыз жоқ, – дейді ол.

Амангелді Құрметұлы өлім-жітімге байланысты әр түрлі сала мамандарын тарта отырып үлкен ғылыми зерттеу жүргізу қажет екенін айтады. Мәселенің себебін білгеннен кейін белгілі бір қорытынды шығару керек екенін ескертті.

- Әйтпесе қазіргі істеп жүрген дүниелеріміздің көбі өрт сөндірушілердің әрекетіне ұқсап кетті. Мәселенің себептерін толық білмей тұрып онымен күресу мүмкін емес, - дейді әскери сарапшы.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер