Әбубәкір Қайран. ҚҰЛПЫТАС

2805
Adyrna.kz Telegram

(новелла)

Қырдың теп-тегіс тастақ жолымен тауға қарай бет алған көк «УАЗ»  көсілген арғымақтай заулап келеді, ашық тұрған терезеден аңқылдап соққан ақ самал Байжомарттың танауына тарлау мен бетегенің, жусан мен изеннің жұпар иісін еселей тықпалап, кеуде сарайын бір-ақ сәтте кеңітіп жібергендей. Қасиетті қазынасын аспан астына жайып тастап, құшағын кең ашып жатқан кербез даланың осынау бір пұшпағына табаны тиген адамның, көзі басыр болмаса, көңілінің бір шалқымасқа амалы да жоқ-ау, сірә!

Өзі рөлде отырса да бағанадан бері жағы сембей сөйлеп келе жатқан қоңқақ мұрын құбақан жігіт – Уәлхан аудан әкімінің бірінші  орынбасары болып осы жаққа келгеніне екі жыл енді толса да, бұл аймақтың бүкіл тарихын бастан-аяқ жаттап алғандай. Ол өзінің қасында отырған Байжомартты арнайы шақырып әкелген сыйлы қонағы ретінде тау аралатып, тарихи мекендер мен таңбалы тастарды көрсетпек, сонау көне замандардың тірі куәсіндей, жұмылмаған көзіндей болып көрінетін балбалдарға, қорғандарға апармақ.

Осыдан он бес жылдай бұрын екеуі де университеттің тарих факультетін бірге бітірген достар еді. Содан бергі уақытта бірінен-бірі хабар үзбей, әр жыл сайын бір рет болса да кездесіп тұруды әдетке айналдырған. Байжомарт таяуда ғана тарих ғылымы бойынша докторлық диссертация қорғап, сол қуанышқа бола Уәлхан да Алматыға барып, қайтарында қояр да қоймай ғалым досын ауылына алып келген.

– Әй, Баяш! – деп еді Уәлхан ұсынысына көнгісі келмей тұрған досына, – Сол ауданға менен гөрі сен жақынсың. Мен болсам, қызмет бабымен барған адаммын, ал сен – сол жердің туған күйеу баласысың. Қайын жұрт деген үш жұртыңның бірі екенін ұмытпа. Мына мен де бір жылда бір-ақ рет алатын демалысымды сенің тойыңа орайластырып алдым ғой.

Уәлханның бұл сөзіне Байжомарт ешқандай уәж айта алмаған. Оның үстіне, қайын жұрты жаққа сиректеу қатынап жүргені де есіне түсіп, барып қайтуға бел буған еді. Сөйткені жақсы болыпты, «нағашыма да барайын, тайымды да үйретейін» дегендей, қазір жетпістің желкесіне шығып кеткен қайын атасы мен қайын енесін де көріп, аудан орталығындағы мәдениет үйінде қалың көпшілікпен кездесу де өткізіп, ойда жоқ жерден абыройлы шаруаларды тындырып тастады.

Тауға іліге берген жердегі бір бұлақтың басына тоқтап, бет жуып, ауыз шайып алған соң ғана сөз сөйлеуден сәл тиылып қалған Уәлханның үнсіздігін пайдаланып, мен де сөйлеп қалайын дегендей, Байжомарт:

– Жол бойы байқап келе жатырмын, шөпке малдың тісі де тимепті ғой. Баяғыдағы мыңғырған мал қайта кеткен? Жер өгейсіреп қалыпты. – деп, бағанадан бері көмейіне кептеліп келе жатқан сауалын сыртқа шығарды.

– Ой, тоқсаныншы жылдардың тоқырауын білесің ғой. Совхоздар тарап, үкіметтің мал-мүлкінің бәрі асағанның аузында, тістегеннің тісінде кетті! Хаос! – деп Уәлхан тартып тұрған темекісін бұлақ суына шертіп жіберді. – Қазір таудағы, ойдағы фермалардың бәрі жекешеленіп кеткен. Мен сені қазір Қайнарбұлақ деген жердегі шаруа қожалығына апарамын.

– О-о! Жердің төресі деп соны айт! Ондағылар тек қана жылқы ұстайды. Қымыз ашытады. Оны ауданға, қалаға апарып сатады.

«Қайнарбұлақ» деген жер атауын естігінде, Байжомарттың аялы көздері дөңгелене күлімсіреп, қызылшырайлы жүзі нұрланып кеткендей болды.

– Қайнарбұлақты білем ғой. Сонда менің қайын ағам мал бағып отырған.

– Ә, онда тіпті жақсы. Ол қай уақыт еді?

– Бірінші рет – үйленген жылы, содан соң... осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын ғой деймін.

– Ой, бүгінгі Қайнарбұлақ бұрынғы Қайнарбұлақ емес! Барған соң көресің, – деді Уәлхан машинаға қарай беттеп бара жатып.

 

* * *

 

Байжомарт Қайнарбұлаққа жеткенде көрді – бұл қыстаудың өзгерген ештеңесі де жоқ, тек қана жаңадан бір үй тұрғызылыпты. Ұзыннан ұзақ созылған тастан қаланған мал қорасы да, малшылар тұратын тапал там да сол орнында. Әрине, бұрынғысынан сәл-пәл ерекшеліктер де бар. Мал шаруашылығына арналған ескілі-жаңалы техникалар мен тракторлардың бірнешеуі қатарласып қалыпты. Бұрын келгендерінде көң мен күл төбе-төбе болып үйіліп жатушы еді, олар да зым-зия жоғалыпты. Әне, үйдің есігінен үш жүз-ақ қадам жерде Қайнарбұлақ атқылап жатыр. Бұл қоныстың тұрғындары ауызсуды сол бұлақтан алатын болған соң, мал былғап кетпесін деп, темір тормен қоршап қойыпты. Байжомарт машинадан түсе салысымен, тұмса табиғатқа сүйсіне қарап, бейне бір өзінің туып өскен мекеніне келіп тұрғандай жаны толқып, жүрегі елжіреп, бір қызық күй кешіп тұрғанын сезінді. Қора ішінен жылқылардың пысқырынғанын естіп, сауын биелер құлындарын маңайлап, осында көлеңкелеп тұрғанын да бірден білді. Егер бұлардың келгенін сезіп, үйдегілер өріп шықпағанда, өзіне таныс нысандардың бәрін түгендеп шықпақ ойы бар еді, құшақ жайып қарсы алушылар кимелеп кетті.

Бұлар амандық-саулық сұрасып бола салысымен-ақ, жаңадан салынған еңселі үйге кірді де, жасаулы дастарханның төріне жайғасты. Уәлхан бұларға бәрін алдын ала ескертіп қойған сияқты.

Түйнектеліп қалған қап-қара майы бетінде қалқыған сап-сары салқын қымыздың бір шарасын тартып жібергенде, Байжомарттың маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті.

Қайнарбұлақ шаруа қожалығының басшысы Жұмаш деген ақсақал тым салмақты, салауатты адам екен. Уәлхан Байжомартты өздеріне таныстырып болғаннан кейін, алдында тұрған рюмкасны кері сырып қойып, орнынан тұрып, жағымды қоңыр дауысымен бір қауым әңгіме айтып тастады. Келіп отырған қонақты Дүйсенбай ақсақалдың күйеу баласы ретінде сырттай білетінін, Байжомарттың келіншегі Сайраны мектеп оқушысы кезінен танитынын, бәрінің де бір рудан екендігін тізбелей келіп:

– Ал, айналайын күйеу бала, жөн білетіндігіңді көрсетіп, алтын уақытыңды бөліп, қайын жұртыңа ат басын бұрған екенсің, қадамыңа нұр бітсін, сапарың оң болсын! – деген ақ тілегін айтты.

Көп ұзамай, үлкен ас әкеліп, Байжомарттың алдына салтанатты түрде қойдың төстігі тартылды. Қойдың басын ел басқарып отырған адамдардың бірі ретінде Уәлхан ұстады.

Бұлар ет жеп, шай ішіп болып, далаға шыққанда батар күннің шұғыла нұры тау мен тастың жап-жасыл қарсы бетін қызыл-сары сәулесімен бояп тастаған екен.

Уәлхан мен Байжомарт әрі тоқ таратайық, әрі суға түсейік деп үй иелерінен рұқсат сұрап, иек астындағы тар шатқалда күркіреп жатқан өзенге қарай беттеді. Жол жөнекей тас үйінділеріне ұқсаған көне бейіттердің жанынан өтіп бара жатқанда, Байжомарт кілт тоқтай қалды. Ол Уәлханға бір ұсыныс жасағалы тұр екен.

– Мына жерде Сайраның үлкен аталары да жатыр деп еді. Осында жатқан аруақтардың бәріне бағыштып құран оқып кетейік.

Байжомарт Уәлханды бастап, зираттарға қарай жүріп кетті.

Маңайы мен ара-арасына ши мен шеңгел, боз жусан мен көк мия дендей өсіп кеткен қазақтар «ат бейіт» деп атайтын ескі молалардың бәрі тастан қоянжонданып  қаланғандықтан, көпшілігі әлі де болса бұрынғы сынын бұзбай сақталған екен. Бірақ, жанбыр шайып жел мүжіген үйме тастардың сұрқынан өткен ғасырлардың сызы байқалғандай.

– Ана бір зират кейіннен қаланған ғой, – деді Уәлхан шығыс жақ шеттегі төрт құлақты бейітті нұсқап.

Шындығында да бұл зират тым бертінде пайда болған сияқты. Тіп-тік, төрт бұрышты, маңдайшасы биік көтеріліп, оның үстіне әлі тот баса қоймаған аппақ, жап-жалтыр қалайыдан ай бейнесі қойылыпты.

– Мұнда жатқан марқұмның аты-жөнін жазып қоймағандары несі?! – деп терең күрсінді Байжігіт.

Екеуі сол зираттың алдында отырып, осында жатқан барлық аруақтарға бағыштап құран оқыды.

 

* * *

 

Басы жастыққа тие салысымен-ақ Байжомарттың көз алдына осы ауылға алғашқы келген кезіндегі оқиғалар тізбектеліп өте бастады. Сайраның ағасы Әскербек Алматыдан мамыр мерекесі қарсаңында келіп жатқан жас жұбайларға: «Тауға шығыңдар, таза ауа жұтыңдар, атқа мінесіңдер» деп, жақын дос-жарандарын, кеңшар басшыларын ерте-мерте, өзі жайлап отырған осы Қайнарбұлаққа алып келді.

Той думан басталды да кетті. Өзен жағасындағы қалың талдың арасы, белуардан келетін жасыл шалғын, құйылып жатқан қымыз, асылып жатқан ет, қақталып жатқан кәуап, ішіліп жатқан арақ... Байжомарт ол кезде бар жоғы жиырма төрт-ақ жастағы аспирант болатын, келіншегі Сайра Алматыдағы бір ауруханада медбикелік қызмет атқарып жүрген. Қайынағасы Әскербекпен танысқанына біраз болса да, мінезін білмейді екен. Ішіп алса, тым асқақтап, көтеріліп сөйлейтін мазасыздау адам екен.

Байжомарт келіншегінің: «Ауылға барғанда, ауызыңа арақ алушы болма!» деген бұйрыққа бергісіз өтінішін орындайын-ақ деп еді. Осы Әскербек қайынағасы мен оның достары зорлағандай болып, едел-жедел іштіріп-іштіріп жіберді. Бас шопан Әскербектің көмекшісі Мағау деген жігіт кетік тісінен тілі жылтыңдап көп сөйлейді екен, тіпті, Байжомартты «күйеу», «күйеу» деп, әбден тақымдап алды. Бір кезде: «Күйеудің атымен күл тасы» деген, бізге арақты күйеубала құйып отырсын! – деп еді, Әскербек оған ажырайа қарап:

– Әй, кетік, сен не оттап отырсың?! Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған. Ана он жастан жаңа асқан өгей балаңа қой бақтырып жібердің, енді мұнда арақ құюға да ерініп отырмысың?! – деді.

Мынандай ауыр сөзден жанжал шығып кете ме деп сасқалақтаған Байжомарт: – Мағау аға дұрыс айтады, сіздерге қызмет қылу менің міндетім ғой, – деп бөтелкені ала салып, стақандарға толтыра-толтыра арақ құя бастады.

– Әй, оқығанның аты оқыған ғой! Күйеу бала көргенді бала екен! – деп Әскербектің жалаңаштанып отырған қара мұртты бір досы қарқ-қарқ күлді.

Бұл кезде Байжомарттың да көңіліне жел бітіп, үлкендерден қалыспай сілтеп отырған. Ертеңінде шыққан күннің сәулесінен оянса, өздері келген мәшиненің артқы орындығында бүрісіп жатыр екен. Аузы кеуіп, шөлдеп барады. Басын көтеріп маңайына қараса, ауыл жым-жырт. Ешкімнің әлі оянбағанына қуанып кетіп, мәшинеден түсті де, флягта тұрған суық судың бір ожауын бір-ақ сімірді. Сол ожаумен су іліп алып, бетін шайған болды да, үйдің көленке жағында тұрған ұзын орындыққа барып отырды. Тамылжып тұрған тау суретіне өлеусіреген жанарымен мөлие қарап отырғанында, сырт жақтан жылқының дүбірі, қиқулаған баланың дауысы естілгендей болды. Бір кезде қаршадай қара бала оншақты жылқыны дүрілдете қуып келіп, қораға қамады да, өзі аттан түсіп, мұның жанына жақындады.

– Ассалаумағалейкүм!

–Уағалейкамәссәләм! Кел отыр.

Екі беті топ-томпақ, қайратты қап-қара шашы тікірейген қалпында өсіп кеткен жеткіншектің екі көзі оттай жанып тұр екен.

– Шаршап қалғансыз ба? – деді бала, үлкен кісілерше мұның бетіне барлай қарап.

– Иә, шаршадық қой, – деді Байжомарт әлденеден қысылғандай міңгірлеп.

– «Арақ аздырады», «Маскүнемдік – дерт» дегенді біздің тәрбиешілер көп айтады. Өзі бір жаман нәрсе болу керек, – деді бала қарсыдағы биік шыңның ұшар басына қарап отырып.

«Мынау бала емес, бәле ғой» деп ойлаған Байжомарт, сөзді басқа жаққа аударайын деп: – Қамшың жақсы екен. Әкелші, көрейін, – деп баланың қолындағы тобылғы сапты, шашағы төгілген әдемі қамшыны қолына алды.

– Мұны өзім өргем! – деді бала.

Байжомарт баланың сөзіне сенер-сенбесін білмей, аңтарлып қалды.

– Шын ба? Қалай өрдің?

– Мен нағашы атамның тірі кезінде сол кісінің қолында болдым. Ол кісі өрімші болатын. Қамшы өруді төрт жасымда-ақ үйрете бастаған. Мен қазір сегіз өрім төрт қырлы қамшыны да өре аламын. Бұрынғы өрімшілер он екіден қырық өрімге дейін өріпті. Қамшының түрі де көп, – деді бала өзінің жанына жақын әңгіменің басталғанына қуанғандай, жүзі жайнай түсі.

– Қандай түрлері бар?

– Мысалы, мына қамшы – ат қамшы. Бәйге қамшы деген де болады. Оны атқа шапқан балалар ұстайды. Ол төрт-ақ өрім. Жеңіл. Әйелдер де сондай қамшыны ұстайды. Ал арбаға жегулі атты айдағанда, ұзын қамшы ұстайды. Оны «бишік» дейді. Ертеде қамшыдан басқа қару ұстамайтын батырлар болған. Оларды «қамшыгер» дейді. Олар ұстайтын қамшылар «дойыр», «дырау», «бұзаутіс» деп аталады. Ондай қамшылардың өріміне темір қосады, бас жағына қорғасынды қосып өреді.

– Сен өзің бәрін сайрап тұрсың ғой, – деді Байжомарт баланың бетіне сүйсіне қарап, – Сабағың қалай? Нешінші оқисың?

– Бесіншіге көштім. Отличникпін. Қаладағы мектеп-интернатта оқимын. Жазда осындамын.

– М-м-м! Міне, жігіт!

Байжомарт баланың иығына қолын артып, құшақтағандай болып отыр.

– Атың кім? – деді әлден соң.

– Дәрмен.

– М-м-м, Дәрмен. Кімнің баласысың?

– Әкем мен туа салысымен-ақ қайтыс боп кеткен. Мен нағашы атамның қолында өстім.

– Ал шешең?

– Ол... Гүлзағи. Осында жүр ғой. Ана Мағау дейтін кісінің әйелі. Үйленгендеріне үш жылдай болды.

Осы кезде басына қызыл байлауыш байлаған жастау келіншек бұлардың жанынан мал қораға қарай өте берді.

– Гүлзағи деген осы кісі, – деді Дәрмен келіншекті иегімен нұсқап.

– Әй, Дәрмен, жүр құлын байлаймыз, – деді келіншек балаға. Содан соң Байжомартқа назар аударып, амандасқандай болып, ернін жыбырлатты.

– Сіздерге мен де көмектесейін, – деп Байжомарт та орнынан көтерілді. Бала жасынан жылқының маңына жуып көрмеген соң, әлде бір үрейлі сезімдерге беріліп, қораға қарай қорқақтай басып келеді. Мұның секемденіп келе жатқанын Гүлзағи да сезе қойғандай: – Сіз құлын ұстамай-ақ қойыңыз. Жай қарап тұрсаңыз болады. Биелер мен құлындар бөтен кісіні жатырқайды, – деді. Шешелі-балалы екеуі қос қатар тізіліп тұрған тіреу бағандарға құлындарды байлай бастады. Құлындарда қатты қарсылық жоқ, тіпті, кейбіреуі ноқтаға басын өзі-ақ тығып жібереді. Әйел мен бала биелердің артынан сүйкеніп, итеріп жүрсе де, тебейін деп ыңғайланған бірі болсашы!

Байжомарт құлын байлап жатқандарға жақындап барайын деп еді, бір қоңыр бие құлағын жымитып, тісін ақситып, мұны тебетін түр байқатқан соң, орнынан қозғалмай тек тұрғанды жөн көрді.

– Гүлзағи әпке, сонда бұл биелерді қашан сауасыздар? – деді Байжомарт, құлындар байланып болған соң.

– Екі сағаттан кейін.

– Содан соң құлындарды босатып жібересіздер ме?

– Жоқ, кешкі салқынға дейін бес рет сауамыз.

Осы кезде Дәрмен де сөзге араласып кетті.

– Сиыр сәскедегі бірінші сауымды «бас сауым» деп атайды. Бас сауымнан кейін арасына бір жарым, екі сағат салып, кешке дейін сауа береді. «Бие сауым уақыт» дегенді білесіз бе?

– Жоқ.

– Әр бие сауымның арасы – бір жарым, екі сағат. «Бие сауым уақыт» деген – сол!

– Дәрмен, білгіштігіңді көрсетіп, ағаңның басын ауырта берме! – деп Гүлзағи баласын тиып тастады.

– Жоқ, әпке, олай демеңіз, мен өзімнің білмейтіндерімді осы баладан біліп жатырмын, – деді Байжомарт, Дәрменнің басынан сипап қойып.

– Аға, сіз кітап оқуды жақсы көретін шығарсыз? Ғалымсыз ғой. Сізді мамам солай деді. Мен Шоқан Уәлихановтың бес томдығын алып келгем. Ішіңіз пысса, оқыңыз. Бірақ... орысша. – деді Дәрмен Байжомартты үйге қарай жетелей жөнеліп.

– Сен орыс мектебінде оқисың ба?

– Жоқ. Қазақ мектеп-интернатында. Орыс тілін әбден үйреніп алғам. Сол пәннен сабақ беретін ағай да жақсы.

Мына жап-жас баланың білімі мен талабына таң тамаша қалған Байжомарттың басы айналып кеткендей болды. «Мен мына баланың білгендерінің көбін білмеймін ғой. Шоқан Уәлиханов дейді... Осы күнге дейін оның бір де бір шығармасын дұрыстап оқымаппын ғой! Мені де аспирант дейді-ау!» деп ойлаған Байжомарт өзін-өзі иттің етінен жек көріп кетті.

– Дәкөш, сен қойды өргізе бер, мен ана албастыны оятып, шайын берейін. Бүгін қойды өзі бақсын – деді Гүлзағи баласына бір түрлі жалынышты көзбен қарап, – Сіз үйге жүріңіз. Шай ішейік. – деді сонсоң Байжомартқа.

– Әпке, маған «сіз» деп сөйлемеңізші! Мен сіздің ініңізбін ғой, – деп Байжомарт Гүлзағиға қиыла қарады.

Бұлар үйге кірсе, Мағау үлкен стақанға толтыра құйылған арақты түрегеп тұрған қалпында шалқая жұтып тұр екен. Бір қолы мықынында. Байжомарт кілт бұрылып, далаға шығып кетті.

Аяңдап бұлақ басына барды. Мұп-мұздай мөлдір сумен, бетін шайып, аяғын суға малып біраз отырды. «Белге дейін шешініп, жуынып алсам қайтеді?» деп екі ойлы болып отырғанында, қора жақтан айқай-шу шыққандай болды. Орнынан атып тұрып қараса, қолында қамшысы бар Мағау Дәрменді қуалап бара жатыр екен. Бала оған жеткізбей, айдалаға зытып барады. Ұзақ жүгере алмай, алқынып тоқтаған Мағау: – Әкеңнің аузын... Мен саған көрсетем – тіл алмағанның не екенін! – деп қатты долданған күйінде атына қарай беттеді.

Байжомарттың бойын ашу қысып, жылдам басып Мағаудың жанына барды.

– Мұныңыз не? Баланы неге сонша жәбірледіңіз?! – деді Мағауға атып жіберердей қадала қарап. Жігіттің оттай жанған үлкен көздерінен ұшқындап тұрған уытты ызғардан шошып кеткен Мағау үн қатпастан атына мініп алды да, қой табынына қарай шаба жөнелді. Байжомарт балаға барайын деп қораны айналса, оның өзі де бері қарай беттеп келеді екен. Сірә, жылаған болуы керек, екі көзін сүрткіштеп келеді. Байжомарттың өзіне келе жатқанын байқай қойып, бұлаққа қарай тұра жүгірді. Бетін жуып болған соң, ол да бағанағы Байжомарт сияқты шалғынды жапырып отыра кетті.

Әлдебір ойға батып кеткен бала, өзінің арт жағынан келген Байжомартты сезген жоқ.

– Дәрмен! – деп дауыстады Байжомарт.

Дәрмен бетін тағы да тез-тез шайып жіберіп бұған жалт қарағанда екі көзі нұр атып күлімсіреп тұрған баланы көргенде, Байжомарт күтпеген жайдың үстінен шыққандай, аң-таң болып:

– Неге отырсың? – деді.

– Жай. Салқындап, – деді бала, – Осылай отырғанды жақсы көремін.

– Мағау аға саған неге ашуланды?

– Жай. Қой бағуға бармадың деп. Мен бармаймын дегем жоқ... Гүлзағи ғой... Жүріңіз үйге, мен сізге әкемнің суретін көрсетейін.

Екеуі үйге келген соң Дәрмен өзінің кішкене шабаданын алып шығып, одан алған фотосуреттердің ішінен екі-үшеуін жекелеп қойды. Суреттер жыртылып, қайта құрастырылып, қағазға желімделген екен. Байжомарт таңырқай қарап еді, Гүлзағи:

– Ана Мағау ғой, – деді қызарыңқы көздеріне жас толып, – араққа тойып алып, «бұрынғы байыңды көргім келмейді» деп, осы суреттерді жыртты да тастады.

– Қойшы, Гүлзағи, оны сенен ешкім сұраған жоқ қой. Мен... бәрін желімдеп, бүтіндеп алдым, – деді Дәрмен анасына жақтырмай қарап, – шаруаңды істесеңші.

Байжомарт жап-жас әдемі жігіттің суреттегі бейнесіне қарап отырып баласының бет келбеті әкесінен аумай қалғанына таң қалды. «Тәубә! – деді ішінен, – Ат тұяғын тай басар деген осы!».

– Мен бұл суреттерді қалаға алып барып, әкемнің портретін үлкен етіп жасатып аламын – деді Дәрмен қызулана сөйлеп, – Сіз білмейсіз ғой, аға, мен Шоқан Уәлиханов сияқты қарындашпен кісі бейнесін де ұқсатып сала аламын. Әлі әкемнің де суретін саламын ғой.

Байжомарт бұл дүниеден ерте озып кеткен жап-жас жігіттің күнәсіз келбетінен көз алмай, ұзақ отырып қалды. Әлдебір аянышты сезімнен ет жүрегі езіліп бара жатқандай.

– Әлі-ақ үлкен жігіт боласың! Әкеңнің суретін де саласың! – деп, баланың басынан аялай сипады. Бұл кезде Гүлзағи далаға шығып кеткен болатын.

– Дәрмен, – деді Байжомарт, – сен неге шешеңнің атын атап сөйлейсің? Ол сенің анаң ғой. Сенен басқа ешкімі де жоқ.

– Мен нағашы атам мен нағашы апамның бауырында өскендіктен, солардың баласымын. Гүлзағи мені соларға тастап, өзі қалаға кетіп қалған. Қатты сағынатынмын. Ол сол жақта жүріп, күйеуге тиді. Көп ұзамай онымен айырылысып кетті. Ол күйеуін бір-ақ рет көрдім. Жаман кісі сияқты...

Байжомарт баланың сөзін бөліп:

– Бәрібір ананың аты – ана. Сен Гүлзағиды «апа», немесе «мама» деп ата. Сонда ол да қуанады.

– Иә, сөйтем, аға. Бірақ... аузым үйреніп кеткен ғой.

Дәрмен жағын таянып, отырып қалды.

 

* * *

Түн ортасы ауа ұйықтаған қонақтар түске таман тұрып, жуынып-шайынып алуға өзен жағасына кетіп еді, сол жақтан бесін ауғанда ғана алақабылан күйлерінде оралды.

– Кел демек бар, кет демек жоқ, «есің барда – елің тап» деген. Енді біз қайтайық, – деді кеше Байжомартты дәріптеген қара мұртты жігіт.

Олар үйдегі дастархан жетпегендей, мәшиненің капотына газет жайып жіберіп, сол жерге тіскебасар алдырып, қайта-қайта стақан түйістіріп, бір қауым уақыт тұрып қалды.

– Май мерекесін бұлай аяқтай салуға болмайды, – деді ұзын бойлы, көк көз сары мосқал кісі, – біздің үйдегі жеңгелеріңнің сендерге сақтап қойған сыбағасы бар. Қазір ауылға барамыз да, соны түгесеміз.

– Ой-бой, главный ветврачтың спиртін ішеді екенбіз ғой! – деді мұртты қара. – Қане, Әскербек, жинал! Мәкеңнің үйіне бөлінбей-жарылмай бірге барайық. Бұл жерге бас-көз болатын адам жетіп артылады. Қарыңдасың мен күйеу балаң да осында.

– Құп, тақсыр! – деп басын игенсіді Әскербек, – Главный зоотехниктің өзі бұйырып тұрса, жан қала ма?!

Дүрілдеуік ағалардың бәрі кеткен соң, ауыл тып-тыныш болып қалды. Байжомарт өзін енді ғана еркін сезініп, Әскербектің әйелі Әмина мен өз келіншегі Сайраның ортасында терлеп-тепшіп шай ішіп отыр. Сөз арасында өзін қатты таң қалдырған Дәрмен туралы сұрап еді, Әмина: – Мен де осы балаға таң-тамашамын, – деп, үстел үстін тықылдатып қойды, – Түфә-түфә, тілім тасқа, шаруаға да пысық, сөзге де жүйірік, тіл алғыш. Қолы сәл босай қалса болды, кітапқа үніледі. Қой жайып жүрсе де, бір шиді жастанып алып, кітап оқумен болады. Кейде аттың тізгінін бос жіберіп, ер үстінде отырып та оқи береді. Құдайдан осы баланың бағы ашылса екен деп тілеймін.

Осы кезде есікті салдырлатып, Дәрменнің өзі де кіріп келді.

– О-о! «Кімді айтсаң, сол келеді» деген осы-ау! Кел, Дәрмен, төрлет! – деді Сайра, қуанып кеткенін жасыра алмай.

– Рахмет. Күбі ыстайын деп жатырмын. Мен мына Байжомарт ағама күбіні қалай ыстау керек екенін көрсетейін деп едім.

Байжомарт қуанып кетті. «Мен тойдым» деп, кесесінің бетін басты да, орнынан атып тұрып, балаға ілесе жөнелді. Осы уақытқа дейін күбінің не екенін білмейтінін ойлап, арқа-басы дуылдап кеткендей болды.

Дәрмен екеуі үй артына айналғанда, Байжомарт бүйірі сәл шығыңқылау, біп-биік ағаш бөшкені, оның ортасы тесік дөңгелек қақпағын, одан состиып шығып тұрған піспегін көріп, «Е, күбі деген осы екен ғой» деп, қақпағын ашып, піспекті қолына ұстап тұрып қызықтады.

– Мен күбіні бірінші рет көріп тұрмын. Біздің жақта бие байламайды, қымыз ашытпайды, – деп баланың алдында өз кінәсін жуып-шайғандай болды.

– Мынау – ерітілген қойдың құйрық майы, – деді Дәрмен тегеште тұрған майды нұсқап. – Қазір осымен күбіні де, қақпақ пен піспекті де майлап шығамын.

Бала өз ісіне кірісіп кетті.

Шаруасын аяқтап болған соң, жүгіріп барып, әлі бүрі түспеген бес алты тал тобылғы алып келді де, оны балтамен ұсақтап шауып, күбінің аузындай ғана болып қазылған кішкентай шұңқырға апарып салды. Сіріңке тартып жіберіп еді, әлгі қураңқырап тұрған тобылғы сытырлап жана бастады.

Дәрмен оттың лапылдап жанғанын біраз күтіп тұрды да, әбден қызды-ау дегенде, қақпақ пен піспекті тобылғы түтініне аз ғана уақыт қақтап алды. Содан соң күбінің өзін әкеліп, от жанып жатқан шұңқырдың үстін төңкере салды.

– Міне, аға, күбіні осылай ыстайды, – деді Дәрмен Байжомартқа күлімдей қарап. – Ал енді бұл осы қалпында он бес-жиырма минуттай тұруы керек. Осылайша екі үш күнде бір ыстап тұрамыз. Дәрмен бұл шаруасын бітірген соң, қарап тұрғысы келмей, су таситын екі дөңгелекті сүйретпе арбаға жабысты. Байжомарт та қосылып, екеуі бұлақтан бір фляг су алып келгенде, күбінің ысталу мерзімі де аяқталып қалып еді.

Күбіні ауызғы үйге алып келген соң, Дәрмен жылқының қылынан жасалған сүзгіні оның аузына қойды да, жеке шелекте тұрған қымызды күбінің үстінен сыздықтатып құя бастады.

– Бұл – саумал қымыз. Саумал жасау үшін ашыған қымыздың үстіне жаңа сауылған сүтті құяды. Егер осындай саумал немесе қымыз қоры құйылмаса, қымыз жақсы ашымайды – деді Дәрмен.

Бала саумалды құйып болған соң, оның үстіне жаңа сауылған сүтті сыздықтатып құя бастағанда, Байжомарттың танауына ерекше бір ғажап иіс келгендей болды. «Жарықтық, бие сүті қасиетті ғой» деп ойлады ол, Дәрменнің әр қимылына қызыға қарап отырып.

Бала: – Енді мұны бес жүз рет пісуіміз керек, – дегенде, Байжомарт орнынан қалай атып тұрғанын өзі де білмей қалды.

– Әкел, мен пісем!

Екеуі кезектесіп қымызды пісіп болған соң, Дәрмен әлдебір ескі тонмен күбінің үстін тұмшалап жауып тастады.

– Бұл енді қашан ашып болады? – деп сұрады Байжомарт.

– Бұл... ертең таңертен «бала қымыз» болады. Екі күннен соң – «тай қымыз», үш күннен соң – «құнан қымыз». Бес күннен соң – «бесті қымыз» болады. Алты күн тұрған қымызды «асау қымыз» деп атайды. Оны ішкен адамдар арақ ішкен сияқты мас болып қалады, – деп күліп қойды Дәрмен.

– Кеше біз сондай қымызды ішуіміз керек еді... Арақтың орнына...

– Сіз «түнемел қымызды» білесіз бе?

– Жоқ.

– Ашыған қымыздың үстіне саумал құйып ұзақ уақыт пісе берсе, сол түнемел қымыз болады. Ал, қатты ашымаған қымызды «жуас қымыз» дейді.

– Ой, Дәрмен, сен өзі қымызтану ғылымының академигі екенсің ғой! – деп Байжомарт оны бауырына тартып, маңдайынан сүйді...

Байжомарт пен Сайра ертеңінде аудан орталығына қайтып кетті де, содан бес жылдай өткеннен кейін ғана осы Қайнарбұлаққа бір келіп кетіп еді. Ол дәл осындай жазғы уақыт болатын. Бұлар келгенде бойы серейіп өссе де, түсі бозарған, әбден арып, жүдеген Дәрмен есік алдында көлеңкелеп отыр екен. Байжомартты тани қалып, орнынан ұшып тұғанында ғана сұрғылт бетіне жұқалтан қан тепкендей болып еді. Сол нұр да жанып-өшкен әлсіз жарықтай тез-ақ сөніп сала берді. Жұлдыздай жарқыраған баяғы қос жанардың да орнында сөнуге жақындаған қоламтаның шоғындай болар-болас ұшқын қалған екен.

Өзінен неге жүдеп кеткенін сұрағанында, «ақ қан» ауруына шалдыққанын айтты. Облыстық ауруханада ұзақ емделіп, енді осында қымыз ішіп, атқа мініп, бой сергітпек ойы бар екен.

Байжомарт тығыз шаруамен жүргендіктен, онымен әңгімелесуге де уақыты болмады. Тек қана кетіп бара жатқанында: – Әлі-ақ жазылып кетесің. Сабағыңды жақсы оқы! – деп құшақтап, маңдайынан сүйгенде:

– Аға, мен мектепті алтын медальмен бітірер едім, бірақ мына ауру болмай тұр ғой! Амал қанша, Шоқан Уәлихановтың жолын жалғастырсам деп едім! – деген бір-ақ ауыз сөз айтты. Көздеріне жас толып, иегі кемсеңдеп тұр екен. Байжомарт: – Мықты бол! – деп теріс айналып, тез-тез басып барып мәшинеге сүңгіп кеткен...

«Мен сол баланың жағдайын сұрамаппын ғой!. Ол аман ба екен?» деп ойлады Байжомарт, соңғы көргендегі Дәрменнің бет кескінін көз алдына елестетіп жатып. Ойдан ой қуып, дұрыс ұйықтай алмаған Байжомарт таңертең дел-сал болып, шаршап оянды.

Жайылған дастарханға отыра салысымен-ақ, оның алдымен сұрағаны Дәрмен туралы болды.

– Ә, сен Гүлзағидың баласын айтып отырсың ғой, – деді Жұмаш ақсақал, – Ол айналайынның өмірі өте қысқа болды ғой. Осыдан біраз жыл бұрын бір жаман ауру жабысып, мектеп бітіретін жылы қайтыс болып кетті. Осы арада жерленді. Тастан қалап, басын көтердік. Шешесі байқұс жер сабалап, зарлап қалды. Ол да бір бағы ашылмаған әйел болды ғой! Күйеуі екеуі Әскербекке көмекші болып жүруші еді, бұл ферма жекешеленіп кеткен соң, бәрі ауданға көшіп кетті. Гүлзағидың қазір қайда екенін білмеймін.

Байжомарт қара тастай қатып, міз батпастан біраз отырды да, көкірегінен көтерілген ащы запырандай бір өксік тамағына кептеліп алған соң, далаға қарай тұра жүгірді.

«Мен Дәрменді соңғы рет көргенімде неге алып кетпедім?! Емдеуге болатын ауру еді ғой!» – деп жылаған Байжомарт, үй сыртында көзінің жасын көлдетіп тұрды...

Осыдан бір айдай уақыт өткеннен кейін Байжомарт пен Уәлхан баланың басына мәрмәр тастан құлпытас орнатты. Құлпытаста марқұмның аты-жөні мен туған, өлген жылы және:

«Білім қуған бұл бір жас,

енді өмірден табылмас!» –

деген сөздер жазылған.

Бала туралы бар дерек – сол құлпытас қана.

Пікірлер